2 млн қазақстандықтың коронавирус жұқтырғаны рас па – Бас санитардың жауабы
2 млн қазақстандықтың коронавирус жұқтырғаны рас па – Бас санитардың жауабы
Бас мемлекеттік санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова отандық экономистің болжамына қатысты пікір білдірді.
Экономист Олжас Құдайбергенов коронавирус пен пневмонияға шалдыққан науқастарды есептеп шыққан болатын. Оның ойынша, симптомсыз жүргендермен бірге санаса, Қазақстанда осы вирусты 2 миллионға жуық адам жұқтырған. Себебі коронавирусқа шалдыққан науқастардың 85 процентінде ауру белгілері болмайды. Экс-министр Елжан Біртанов та 80 процент адамның коронавируспен симптомсыз ауратынын айтқан, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бас мемлекеттік санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова отандық экономистің пікірімен келіспейді.
"Мен Құдайбергеновтің есебін оқыдым. Бірақ бүгінде әлем бойынша симтомпсыз коронавирустың көрсеткіші 15-40 процентті құрайды. 85 процент емес. Ал пневмониясы ушығып кететін науқастардың саны 20 проценттің шамасында. Сол себепті оның жасаған есебіне қосылмаймыз", - деді Есмағамбетова орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, Қазақстанда коронавирустың симптомсыз түрімен ауырып шыққан адамдардың саны екі миллионға жетпейді.
"Біздіңше, аурудың симптомсыз түрін, яғни вирустың клиникалық белгілері болмаса да, оны тасып жүретіндерді қоса есептегенде, ауырып шыққандардың жалпы саны екі миллионнан төмен", - деп атап көрсетті Есмағамбетова.
Бас санитардың сөзіне қарағанда, бүгінде науқастардың санын артық көрсетуге болмайды. Себебі ондайда вирусқа қарсы ұжымдық иммунитет қалыптасты деген пікір туындайды. Ал дәл қазір COVID-19 толығымен зерттелмеген. Одан жазылып шыққанғаннан кейінгі иммунитет адамды қанша уақыт қорғайтыны да белгісіз.