Германиядағы такси жүргізуші қазақ қандастарға қайырымдылық жасап жүр
Германиядағы такси жүргізуші қазақ қандастарға қайырымдылық жасап жүр
Қайырымдылық секілді қадірлі іспен шұғылдану үшін қалтаңның қалың болуы міндетті емес. Мұны өз іс-әрекетімен дәлелдеп жүрген қандасымыз Илкей Ясин Бозкұрт көмекке мұқтаж талай қазақтың жоғын түгендеп, еңсесін тіктеп жүргенін бірі білсе, бірі біле бермейді. Түркияда туып-өскен, қазіргі таңда Германияда такси жүргізушісі болып жұмыс істейтін ол қиырдағы қазақтарға, соның ішінде Моңғолиядағы жетім балалар мен тұрмысы төмен қарт кісілердің жағдайын жақсартуға барын салып жүр. Еуропа қазақтарының басын қосып, қайырымдылыққа үндеп жүрген Илкеймен арнайы хабарласып, әңгімеге тартқан едік.
– Сұхбатымызды өзіңіз жайлы әңгімеден бастасақ. Қайда тудыңыз, Германияда тұрып жатқаныңызға қанша уақыт болды?
– Мен – кезінде Қытай үкіметінен теперіш көріп, ақырында Алтайдан Пәкістанға үдере көшкен, кейіннен Түркияға қоныс аударған қазақтардың ұрпағымын. Түркияда дүниеге келіп, осында өсіп-өндім, бірақ соңғы жиырма жыл Германияның Кельн қаласында тұрып келемін. Мұнда такси жүргізуші болып жұмыс істеп келе жатқаныма да сонша уақыт болды. Әкем Махмұт пен анам Зүбәйдә Түркияда тұрады. Өзімнен кейін екі інім бар, ортаншысы Голландияда, ал кенже інім Қазақстанда тұрады. Десек те, өзімді ата-әжемнің баласымын деп айтар едім, себебі ата-анам үнемі жұмыста болғандықтан, үлкен кісілердің тәрбиесінде болдым. Жеке отбасыма тоқталсам, жұбайымның есімі – Дина. Германия қазағы. Кезінде Түркияға демалысқа келген уақытында танысып, кейін отбасын құрдық. Бүгінде екеуміздің Атабек, Мұса есімді екі ұлымыз бен Әсел есімді қызымыз бар.
– Моңғолияға жалғыз бармай, бір топ қазақтармен баратыныңызды байқадым. Олар кімдер? Еріктілер ме?
– Иә, жалғыз бармауға тырысамын. Жалпы, бір барғанда он бес кісі ертіп апарып жүрмін. Бірінші барғанда кенже інімді ертіп апардым. Екіншісінде Еуропада туып-өскен жас қазақ жігіттерді алып бардым. Мұндағы мақсатым – оларды қазақ бауырлары, дәстүрі, тілімен жақыннан таныстыру. Сырт жақта өскен соң, олардың арасында өздерін қазақ деп есептемейтін, қазақ тілін білмейтіндер көп. Сөйтіп, Еуропа қазақтарының басын жинап «Балаларыңды менімен ертіп жіберіңдер. Ата-бабаларымыздың келген жерін көрсін, білсін. Жағдайы жақсы, уайымы жоқ болса да, әлемнің бір бұрышында осылай қиын күн кешіп жүрген бауырлары бар екенін көрсін! Қазақ екенін сезінсін!» деп, балаларын сұрап алып, ертіп алып барғанмын. Айта кетерлігі, жастардан бөлек, әйелдерді де апарамын. Себебі мен қанша ауызша айтқаныммен, өз көзімен көріп, қолмен ұстаған адамның жанашырлығы басқаша болады. Мұны былтыр үлкен ұлым Атабекті ертіп апарғаннан байқадым. Осы шаруамен айналысқан алты жылдың ішінде құрбан айт мерекесінде үйде отырмай, қайырымдылықтың қамымен сыртта жүремін. Сосын балаларым, әсіресе үлкенім «Рамазан айында жыл сайын үйде болмайсыз, бізді мешітке апармайсыз» деп ренжіп жүрген болар деп, өткен жылы Моңғолияға апардым. Мұндағы жағдайды өз көзімен көрген ұлым: «Әке, ренжімеңіз, сізді енді түсінгендеймін. Енді айт мерекесін бізбен бірге өткізбесеңіз де ренжімеймін!» деп жылап, жүрегі ауырды. Сосын жыл сайын барғысы келетінін айтып, қазіргі кезде балаларға сыйлық алу үшін өз бетінше ақша жинап, сыйлық ойластырып жүр. Жалпы, менің балаларым жоқшылықты көріп өспеген. Десек те, осы іспен шұғылданғалы мейірімділіктің мәнін түсінгендей.
– «Обалды біліп өссең, сауапқа кенелесің» деп бекер айтпаған-ау...
–Иә, өзім де, балаларым да обал мен сауаптың не екенін жақсы біледі. Негізі мен он екі жасымнан бастап жұмыс істеп келемін. Бастапқыда көшеде су тасыдым, сосын теріден жасалған киім сатумен айналыстым. Біз де кедейшілікті көріп өстік. Қазіргі таңда жағдайымның жақсы екеніне шүкіршілік етемін. Алла маған барлығын молынан беріп жатыр, мен де мұқтаж жандарға барымды бергім келеді. Осы уақытқа дейін отбасыма қатысты армандарымның барлығын орындадым. Жоғарыда айтқанымдай, Моңғолияға барғанға дейін Германияда өз бетіммен өмір сүріп жатқанмын. Алайда Алтай жақтағы ағайындардың ахуалы жүректі ауыртып, көзге жас келтіреді. Мәселен, бірде бір балаға киім апарып берсек, келесі күні әкесі жерленген бейіттің басына барып: «Әке, міне, бірінші рет жаңа киім әкеп берді» деп жылағанын естідім. Сосын тағы бір күні кішкентай қыз қасымнан айналшықтап шықпай қойды. Бірдеңе сұрағысы келген болар деп, оңашада сұрасам «Сіз менің әкеме ұқсайды екенсіз. Ол кісіні түсімде көрдім. Сізге ұқсайды» деп жыламсырап тұр. Оның үстіне, барған сайын барлығы «әке» деп алдымнан алақайлап шығады. Мұның барлығын естіп-көрген соң, одан сайын көмектескің келіп, одан сайын ынталана түсесің. Сосын осы қыз балаларға көмектескелі бері екі ұлдан кейіп көптен күткен қызым дүниеге келді. Мұны қыздарға көмектескенім үшін Құдайдың маған берген несібесі, нығметі деп білемін.
– Жаңа бір сөзіңізде Қазақстанға да көмектесіп жатқаныңызды айтып қалдыңыз. Қазақстанның қай өңіріндегі қандастарыңызға жәрдем беріп жатырсыз?
– Қазақстанда көбіне Қытайдан келген қазақтардың жанұясына көмектесудеміз. Қазіргі таңда Қаскелең жақтағы бір ауылда тұратын жағдайы жоқ кісілерге көмек таратудамыз. Сосын пандемия аяқталған соң, шалғай ауылдарда тұратын тағы да басқа мұқтаж жандарға әрі ауырып жатқан бауырластарымызға да қол ұшын созуды көздеп отырмыз. Айта кетерлік жайт, тек қазақтарға ғана емес, сонымен қатар, көмекке мұқтаж мұсылмандарға да көмектесеміз. Мәселен, көршілес жатқан Қырғыз Республикасындағы жетімдер үйінің ішін жиһаздарға толтырдық. Балаларға сыйлық, киім-кешек апарып бердік. Сосын Мъянмадан көшуге мәжбүр болған мұсылмандарға көмек апардық. Бұдан бөлек, Босния және Герцеговинада соғыста қайтыс болған азаматтардың балаларына көмек көрсеттік.
Сұхбаттасқан
Әлия ІЗТІЛЕУ