Жаңалықтар

"Jas Otan" жастары өскемендік дәрігерлерге құрмет көрсетті

ашық дереккөзі

"Jas Otan" жастары өскемендік дәрігерлерге құрмет көрсетті

Nur Otan партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының жанындағы Jas Otan жастар қанаты республикалық «Дәрігерлерге алғыс» акциясына бір кісідей қолдау білдіріп, Өскемен қаласының 19 тұрғын ауданында орналасқан «Ана мен бала орталығына» барды. Бұл жерде қауіпті вирусты жұқтырған науқастарды емдеу орталығы орналасқан.

Шараның басты мақсаты – Covid-19 пандемиясы кезінде үздіксіз еңбек етіп жүрген дәрігерлерді қолдап, қажетті азық-түліктер салынған «Алғыс пакеттерін» табыстау, дәрігерлерге зор құрмет пен ыстық ықылас білдіру.

300-ге дейін азық-түлік пакеті тапсырылмақ

Алмас Еренұлының айтуынша, қазір Өскемен қаласында 92 дәрігер мен 153 мейірбике індет жұқтырған тұрғындарды емдеп шығаруға күш салып жатыр. Алдағы уақытта ақ желеңді абзал жандарға 300-ге дейін азық-түлік пакетін дайындап, табыстау жоспарланған. Мұнан соң жасотандық жастар мен еріктілер мінген арнайы автобус қаланың 19 тұрғын ауданында орналасқан «Ана мен бала орталығының» былтыр іске қосылған жаңа ғимаратын бетке алды. Бұл жерде оларды кезекті ауысымнан шыққан жиырмадан астам дәрігерлер мен медбикелер тиісті арақашықтықты сақтай отырып қарсы алды. – Құрметті, дәрігерлер! Бүгін республикалық акцияға үн қосып, адамдардың өмірін сақтап қалу жолында еңбек етіп жатқан Сіздерге алғысымызды айту үшін әдейілеп келіп тұрмыз. Еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер. Ең бастысы, өздеріңіз де аман-сау болыңыздар. Тезірек бұрынғы қалпымызға оралайық, – деді Алмас Айтмұқашев. – Бүгін жұмысымызға келіп, жылы сөздерімен қолдау білдіріп, азық-түлік пакеттерін сыйлап жатқан партияның жастарына ұжым атынан үлкен рахмет айтамын. Тек азық-түлік емес, сонымен қатар алқызыл раушан гүлдерін де ала келіпті. Көңіліміз көтеріліп қалды.  Қазіргі қиын жағдайды жеңіп шығуға бар күшімізді саламыз, – дейді инфекциялық орталықтағы аға мейірбике Қазима Рахметова. Байқағанымыздай, елімізге тараған қауіпті індетпен күрестің алғы шебінде жүргендер арасында жас дәрігерлер де өте көп екен. – Мен осында жұмысқа кіргеніме бір жылдан асқан жас маманмын. Инфекциялық бөлімшеде жұмысқа кіріскеніме үшінші күн. Басында аздап қорқыныш болғанымен, тез үйреніп кеттім. Мұнда қорқып отыруға уақытта жоқ, жұмыстан басқа ештеңені ойламаймыз. Баршамен бірге мен де індетті жеңуге, науқастарды сауықтыруға үлесімді қосқым келеді. Бізге қолдау білдіріп жатқан партия өкілдеріне, жасотандық жастарға рахмет, – дейді орталықтағы жалпы тәжірибе дәрігері Қайсар Ерболов. Естеріңізде болса, Nur Otan партиясы жанындағы Jas Otan жастар қанатының облыстық филиалы «Алғыс қораптарын» табыстау акциясын Семей қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында қызмет етіп жатқан дәрігерлерге арнап ұйымдастырған болатын. Іс-шараның соңында жасотандықтар мен дәрігерлер «Біз біргеміз!» «Мы вместе» деп ұрандатып, барша қауымды қазіргі індетті бірлесіп күш сала отырып, жеңіп шығуға шақырды.

Көкпекті ауданы

Сонымен қатар бүгін Шығыстың бірқатар аудандарында дәрі-дәрмектердің бар-жоғына және бағасына мониторинг жүргізіліп жатыр. Nur Otan партиясы депутаттық фракциясы мен еріктілер қажетті өнімдердің тиімді таратылуын күн сайын бақылауда. Пневмониямен және Covid-19-бен ауыратын науқастарды барлық қажетті құрал-жабдықтармен, тез қалпына келтіруге арналған дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету мәселелері жедел шешілуде. Сондай-ақ, қаладағы тұрмыстық техника мен электр тауарларын сататын дүкендердің иелері уақытша ауруханаларда тұратын медициналық қызметкерлердің тұрмысын жақсарту үшін материалдық тұрғыда көмек көрсетіп жатыр. Айталық, «Комфорт» (В.Дериглазов), «Былина» (Е.Щеглов), «Электромир» (А.Фоминых), «Добрострой» (Ю.Токарев) дүкендерінің иелері кір жуатын машинаны, термопотты, желдеткіштерді, электрмен жабдықтауға арналған керек-жарақтарды алып берді.