ІІМ Көбейтұздың тұзын сатқандарды анықтады

Ішкі істер министрлігі Ақмола облысындағы Көбейтұз көлінің тұзын коронавирустың емі деп тұрғындарға сатқан азаматтарды анықтады. Бұл туралы ведомство басшысының орынбасары Алексей Калайчиди айтты. 

«Бұл ретте біз әлеуметтік желі бойынша жұмыс істейміз. Дәрі-дәрмекке қатысты да көптеген заңсыз фактілер әлеуметтік желіде табылған. Біздің есепте жалғыз Көбейтұз тұрған жоқ. Осындай қызмет көрсетілетін түрлі чаттар мен топтар бойынша жұмыс істейміз. Көбейтұз бойынша да тұзды емдік шипасы бар деп сатқан адамдар анықталды», – деді вице-министр.

Алексай Калайчидидің айтуынша, көл тұзын саудалағандарды Әкімшілік кодекстің бірнеше бабы бойынша жаза күтіп тұр. Ал тұзды сатып алғандар жауапкершілікке тартылмайды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Көбейтұз көліне көлігімен кіріп кеткен азаматқа айыппұл салынған еді.

Бұдан былай Ақмола облысындағы ерекше қызғылт түсті Көбейтұз көліне ерекше қорғалатын аумақ мәртебесі берілмек. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев осындай ұсыныс жасады.

 

Back to top button