Судьялардың білімі тексерілмек

Судья қызметіне үміткерлер әуелі емтихан тапсыруы керек. Болашақ судьялардың кәсіби білімін Жоғарғы соттың арнайы комиссиясы тексереді. Комиссия құрамына президент әкімшілігінің, Мемлекеттік қызмет комитетінің өкілдері және Жоғарғы соттың басшылары кіреді.

Емтихан тапсыру ісі жақында ғана тәжік парламентінің жоғарғы палатасы мақұлдаған «Судьялар туралы» заң негізінде жүзеге асады.

Тәжікстан президенті жанындағы Ұлттық заңнамалар орталығы өкілінің мәліметі бойынша, болашақ судьялар Конституциядан бастап Қылмыстық кодекске дейін білуі керек. Емтихан 10 пәннен тұрады. «Процестер кезінде судьялар жүздеген адамның тағдырын шешеді, сол себепті олар өз кәсібін жетік білуі тиіс», – деді орталық өкілі.

Болашақ судьялардың білімін тексерудегі тағы бір мақсат – судьялардың кәсіби біліктілігін арттыру. Бір жыл бұрын сотта жұмыс істегісі келген жүздеген үміткер тәжік тілі емтиханынан «екілік» алған еді.

Қазіргі таңда Тәжікстанда шамамен 500 судья жұмыс істейді, солардың жүзден астамы әйелдер.

Back to top button