23 Шілде 2020, 13:34 637 0 Денсаулық Анар ЛЕПЕСОВА

COVID-19: Күзде Алматыда 7,7 мың науқасқа орын дайындалады

Алматы әкімдігі коронавирустың күздегі жаңа толқынына қамдануда. Қалада  7 700 пациентке орын дайындалып жатыр. Бұл туралы шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді.

Алматы әкімінің айтуынша, пандемия басталғалы бері қалада инфекциялық стационарлардың саны 2-ден 26-ға дейін (500 төсек-орыннан 6 096 дейін) өсті. Күзде COVID-19 симптомдары бар 7 700 пациентке стационарлық емдеуді бір мезгілде қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

«Алдағы күндері коронавирусты емдейтін жаңа стационарлар ашылады. Оларды алдын-ала санитарлық-эпидемиологиялық аудиттен өткен, денсаулық сақтау объектілерінің базасында ашамыз. Қазіргі уақытта жауапты мамандар құрылыс жұмысын жүргізіп жатыр. Олардың ішінде 250 орынға шақталған «Қазақстан», 376 орындық «Көктем», 140 орындық «Самал» пансионаты, 230 орындық «Астана» қонақ үйі, 360 орындық ҚазАТК жатақханасы, 100 орындық ҰОС мүгедектеріне арналған республикалық клиникалық госпиталь, 500 орынға шақталған Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы бар. Бұл жаңа стационарлар жұмыс істеп тұрған нысандарға қосымша тамыз айының соңына дейін кезең-кезеңімен іске қосылатын болады», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Айта кетейік, Алматыдағы эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін қаланың бас санитары Жандарбек Бекшиннің қаулысы бойынша 20 шілдеден бастап карантин шаралары күшейтілді.

Енгізілген шектеу шараларының нәтижесінде маусым айымен салыстырғанда Алматыда пневмонияға шалдыққандар саны 2 есе азайды.

 

Соңғы жаңалықтар