Ермұрат Үсенов: Шалақазақтық күйге де жетті

Ермұрат Үсенов: Шалақазақтық күйге де жетті

Ермұрат Үсенов: Шалақазақтық күйге де жетті
ашық дереккөзі
Кейінгі кезде «қазақтың ұлттық музыкасының әуені бұзылып, аспаптарының табиғи тембрі жоғалып бара жатыр» деген әңгіме айтылып жүр. Бұл, әрине көзі ашық, көкірегі ояу қазақ баласын бейжай қалдырмақ емес. Белгілі күйші-композитор Ермұрат Үсеновпен әңгімемізде ұлттық музыкамыздың бұрынғы және бүгінгі жағдайы туралы ой өрбітіп, ондағы шешімін таппай жүрген кейбір мәселелерді талқыға салып көрдік. – Сіздің әлеуметтік желі бетінде Құр­манғазының «Серперіне» «тү­зету енгізіп тартқан» Ляйля Тә­жі­баева-Исаева деген музыкант қыз­ға наразылығыңызды оқыдық. Ол қыз нені бүлдірді және сіздің сы­ныңыз­ды не үшін қабылдай ал­ма­ды? – Ол жөнінде пікірімді өзімнің фейсбук па­рақшамда жарияланған «Құрманғазының әруағын күңірентпейік (немесе ұлы күй­шінің «қатесін» түзеткен «мықты» қыз тура­лы хикая)» деген жазбамда айтқанмын. Негізгі сыным былай айтылған: «Ләйлә Тә­жібаева деген әп-әдемі қарындасымыз (өзі қобызшы) шағын топ құрыпты. Қош делік. Топта домбыра, қобыз, қылқобыз, ұрмалы топ, синтезатор сияқты аспаптар бар. Көбінесе кішігірім әр елдің шығармаларын өзі өңдеп ел алдына шығып жүр екен. Оған еш қарсылығым жоқ. Сөйткен қызымыз ешкіммен ақылдаспай, байыбына бармай Құрманғазының «Серпер» күйіне бір-ақ ауыз салыпты. Басын дұрыс бастап, сағаға келгенде түпнұсқадан ауып, өзінше «өңдеп» жіберіпті. Құрманғазы оркестріне түсірген А.Жұбанов, Н.Тлендиевтен де «асырып» жі­беріпті. Ал енді Құрманғазы оркестрі ой­на­ғанда әр қазақтың бойына рух, жігер беріп ұлы күйші тіріліп келгендей әсер алушы едік!». Одан әрі ұлтымыздың ұлы күйшілері­нің шығармаларын өз бетінше өзгертіп тартуға болмайтынын, ондай әрекеттің халық музыкасын қорлау болатынын айтып ескерттім. Ал ол қарындасымыз не деді? Пікіріне қиянат болмасын, қаз-қал­пында берейін. Маған өз фейсбук парақ­шасында орысша берген жауабында ол былай депті: «Курмангазы перевернулся в гробу? Я кобызистка, которая говорит на русском и играет рок. Буду писать много и больно, зато правду. Давайте зададим себе вопрос, что толкает музыкантов таких как, Ахмет Жумбанов (осылай жазған. − Е.Ү.), Gaziza Gabdrakhimova Serkebaeva Jamilya Асылбек Енсепов Ulytau и многих других видеть и делать казахскую музыку в новом стиле? Ответ очевиден − Развитие! В своём нелицеприятном посте, Ермурат Усенов говорит что: − Во-первых он не против моего твор­чества, вот эта новость. Во вторых, что в кюе Серпер Курмангазы, я сделала немысли­мое и противоречащее природе нашему казахскому народу! А именно, изменила, о ужас, ритм, причём в кульминации (хотя ритм там с 8 такта меняется). Он апел­лирует тем, что я не имею права этого де­лать? Интересно тогда, а кто такое право раздаёт? Курмангазы умер давно, наследни­ков у него нет, авторских прав тоже. Теперь кюи Курмангазы являются национальным наследием. А значит они в открытом доступе. Сыграв по своему кюй Серпер, я ни в коем разе не утверждала, что это эталон и теперь все должны играть только так и никак по другому. Что за бред вообще тут творится?! Кюй в традиционном его пони­мании был, есть и будет! И никто на это не покушается! Хоспади! Неужели это надо разъяснять?! Только благодаря моей аран­жировки и исполнению моей группы Layla-Qobyz о том, что есть такой кюй Сер­пер вообще узнали многие казахстанцы. Не Курмангазы сегодня перевернулся в гробу, а такие деятели как Жубанов, деятели которые искренне верили, что казахи будут сохраняя традиции развиваться сами. В заключении добавлю: Я люблю свой кобыз и свою музыку, и буду делать то, что мое сердце хочет, а вам придётся меня убить, чтобы остановить». Көрдіңіз бе, «Айттым бітті, кестім үзіл­ді» деген адамның сөзі. Бірақ Л.Тәжі­баева-Исаева сияқты музыканттар халыққа танымал күйлерімізді қалағанынша шерте берсе не болғаны? Найзағайдай жарқылдап, төрт құбыласы түгел боп тұрған «Серпер» се­кілді ғажап күйді өзімбілермендікке са­лып өзгертіп, сағаларын (ең төменгі пер­нелерде ойналатын әуендер) тастап кетіп, ыр­ғағын бұзып жатса, оған көз жұмып қарап отыра берсек, ұлттық музыкамызға жа­нымыздың ашығаны жалған болмай ма? Ляйля қарындасымыз орысша оқыған. Оған Құрманғазы кім, Дина кім, Жұбанов кім? Бәрібір ешқашан түсінбейді, қадіріне жет­пейді. Сол себепті ол біз айтқан сынды қа­былдамайды... – Кейінгі кезде домбыра мен қо­быздың бұрынғы кездегі табиғи қоңыр тембірінің өзгеріп кеткені жайында айтылып қалып жүр. Ол мәселені қалай шешуге болар еді? Ра­сымен де қазіргі домбыра мен қо­быз еуропалық стандарттарға ың­ғайластырылған ба? − 1958 жылы еліміздің тұңғыш кәсіби ди­рижеры, айтулы тұлға Шамғон Қажы­ға­лиев атақты Құрманғазы оркестрінің бас дирижері және көркемдік жетекшісі болған тұс­та Мәскеуде үлкен шеберханада дайын­далған қазақ халық аспаптарын қабылдап алу оқиғасы болды. Оған жазушылар М.Әуе­зов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, композиторлар А.Жұбанов пен М.Төлебаев және Қазақ КСР КП Орталық комитетінің сол кездегі хат­шысы Н.Жанділдин қатысып отырды. М.Әуезов Ш.Қажығалиев жасаған ре­конструкцияға оң баға берді. Сондай-ақ бұл жұ­мысты С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, М.Төле­баев, Н.Жанділдин де қолдады. Тек А.Жұ­ба­нов: «Оркестрдің жалпы тембрі өзгеріп, ұлт­тық бояудан айырылып, космополиттік ор­кестрге айналып кеткен. Әрине, әр аспап­тың диапазонын өсірген, динамикалық ауқымын ұлғайтқан, техникалық мүмкін­дігін арттырған. Мұның бәрі жағымды фак­тор. Бірақ төрт сырнай тобы, ұрып ой­найтын европа аспаптары қазақтың дом­бырасы мен қобызының үнін басып кетіп, қазақ оркестрі деген атаудан айырылып қалуы­мыз мүмкін, − деп пікір айтты». (Мен бұл сөздерді Тілеуғазы Бейсембектің «Шамғон Қажығалиев» (Алматы, «Өлке» бас­пасы, 2007 ж.) деген кітаптан алып отыр­мын). Иә, ғұлама ғалым Ахмет Қуан­ұлы Жұбанов осындай пікірде болды. Әрине, одақ кезінде міндетті түрде орыс және Еуропаның шығармаларын орындау үшін осындай қадамға барғандарын тү­сінуге болады. Өз ойымды айтсам, кезінде при­ма қобыз үш ішекті болды, одан төрт ішек­ке ауысты. Беті мал терісімен қап­талған болатын, соның арқасында ұлттық тембрді сақтаушы еді. Қазір тері алынып тасталды. Першин деген шебердің өзге­р­туімен формасы ғана сақталып, қалғаны тұп-тура скрипканың көшірмесі болып шық­ты. Сөйтіп прима қобыз аспабында ұлт­тық тембр мүлде жойылды. Осы жағдай мені де мазалайды... Ал домбыра аспабы оркестрде өз қал­пын­да, құлақ күйі де оркестрге лайықталып келтірілген. Жеке орындаушылар күйді ешкі немесе қой ішегінен жасалған ішекпен орындаса екен деген ұсынысым бар. Сонда қоңыр үнді тірілтер ме едік. Қазір бәрі ба­лық аулағанда қармаққа жіп ретінде пай­даланатын лесканы қолданады. Қарағанды қаласында біраз жылдан бері Тәттімбет атындағы байқау өтіп келеді. О баста айтқам, Тәттімбет күйлерін орын­дайтын домбыраны Ә.Хасеновтің үлгісімен жасап, тартқызайық деп. Ешкім құлақ аспа­ды, Шеберлер үнсіз... Бұл да Шерағаң айт­қандай, «Бір кем дүние болды». [caption id="attachment_112598" align="alignnone" width="900"] width= Ермұрат Үсеновтің «Туған жер ыстықсың сен маған» шығармашылық кеші[/caption] – Кейбіреулер төкпе күй мен шертпе күйлерді екі бөлек дүние деп қарайды. Тіпті, біреулер «терең­дік шертпе күйлерде, төкпе күйлер асығыс тартылып, құлаққа сіңе бер­мейді» деп санайды. Бұған сіз­дің көзқарасыңыз қалай? – Қазақта күй деген ұғым біреу-ақ. Ол дом­бырада, қобызда, сыбызғыда орын­дала­тын ерекше музыкалық туынды. Бірақ қай аспапта шертілсе де – күй. Ұлан- байтақ елі­міздің бар түкпірінде шертілетін күйлер әр­түрлі стильде дамыған. Соған орай әуен­дік желісі, ырғағы, қағысы, орындалу тех­никасында өзгешеліктер болуым мүмкін. Бірақ барлық күйге ортақ қасиет оның бітұтас жанрлық даралығы. Бұл − баға жетпес күй жанрының музыкадағы ерекше, оқшау құбылыс екенінің дәлелі. Қазақтың күй жанрында орындалу стилі мен әуендік желісіне қарай бұрын екі-үш мектеп болса, бүгінде оншақты күй мек­тебі белгілі болып отыр. Қазанғап, Тәт­тімбет және Маңғыстау күйлері қазір де жақ­сы зерттеліп, халыққа тарауда. Әлі зерт­теуін күтіп жатқан Шығыс күйлері, Жетісу күйлері қаншама? Сыбызғы, қобыз күйлері­нің өзі бір төбе... Ал енді осы күй мектептерін әлдекімдер айтқандай, «анау артық, мынау төмен» деу, «анау терең, мынау таяз» деп бағалау өте жаңсақ әңгіме. Қай күй мектебін алсаңыз да, бірі бірінен өтетін мықты. Олардың бә­рінде жылдам, жігерлі немесе мұңды, терең философиялық толғауларға тұнып тұрған күйлер жетерлік. Сондықтан «ұлттық құн­ды­лықтарымызды бөліп-жармай тұтас қа­дірлеп, бағалай білейік, ағайындар» дегім келеді. – Музыка да заманмен бірге құбылып, дамып отыратын ерекше құ­былыс. Кейінгі дәуірде қазақ күй­лерін домбыраға электронды ас­паптардың үнін қосып орындай­тын болды. Мысалы, әкесі Жасарал Еңсепов негіздеген ДЭККО жан­рын­да күй тартатын Асылбек Еңсе­пов бар және сол бағыттағы басқа да топтар болды. Күйді рок стилін­де орындайтын «Ұлытау» тобы бар. Ескі сарындарды өз репертуары­ның негізі HasSak, «Тұран» сияқты этнофольклорлық  ансамбльдер де елдің назарында. Бұлардың ұлттық музыкамызды жаңаша жеткізуге талпынысы қалай? Жеке-жеке тоқталып өтсеңіз... – Заманның ағымына сай қазір күй шы­ғару, жазу, халыққа − кең аудиторияға жеткізуде жаңа жетістіктерге қол жеткізіп жа­тырмыз. Әрине, мұндай жағдайда ғажап саз­ды күйлеріміздің түпнұсқасын жоғал­тып аламыз ба деген қауіптің болғаны рас. Бұл реттегі ізденісті алғаш болып бастаған Асылбек Еңсепов болды. Көптеген талас-тартыстар туды. Бірақ қалай дегенмен Асыл­бектің арқасында «Адай» күйін әлем­нің біраз елдерінің танығаны анық. Асылбек − белгілі күйші-композитор, марқұм Жасарал Еңсепов салып берген жолмен Құрманғазы күйінің бір нотасын да бүлдірмей, түпнұсқаны сақтай отырып, өте сәтті алып шықты. Бұл оның ұлттық музыканы қадірлей білетін тектілігінің, әке аманатына адалдығының, ұлы күйші Құр­ман­ғазыға деген үлкен құрметінің айғағы болды. Сол сияқты «Ұлытау» тобы да күйлері­мізге аса сақтықпен қарап, түпнұсқаны бұзбай орындап, ел құрметіне бөленіп жүр. Қа­лайда талантты жастар ұлы күйші­лері­міздің  шығармашылығына құрметпен қарап, күйлердің әуендік желісін, ырғағын өзгертпей орындап жүрсе құба-құп. Енді HasSak, «Хазар», «Тұран» топтары  ту­ралы айтар болсақ, бұлардың бағыты мүлде бөлек. Музыкада импровизация деген тер­мин бар. Аталған топтардың орын­дауын­да белгілі бір әуен, дәстүрлі музыка­лық форма сақталмайды. Музыкалық шы­ғарма орындағанда белгілі бір тақы­рыпты не оқиғаны негізге ала отырып, соны бір­тіндеп дамытып отырады. Арасында көне аспаптарды (ұрмалы аспаптар, шыңқобыз т.б.) шебер пайдалана отырып, шығарманы тыңдарманға әсерлі жеткізе біледі. Аталған топтар негізгі бастауын Алтай қазақтарының халық ансамбльдерінен ала отырып, оған өз трактовкаларын қосып, жаңа бір ерекше ұжым жасап шықты. Сөй­тіп бізге мүлдем жақын, ықылым замандағы көне дыбыстарды тірілтті. Халқымыздың со­нау көктүріктер заманындағы  өтіп кет­кен, ұмыт болған бақсы сарындары, кие тұт­қан аң-құстарының тылсым үндері құлақ­қа тосын естіледі. «Тұран», HasSak соны­сымен өтімді. Кез келген тыңдарман, мейлі Еуропа болсын, бұл топтарды ерекше тыңдайды. Бұлардың орындап жүрген шығармаларын белгілі бір автор − ком­пози­тор емес, ұжымдасып, бірігіп жа­сайды. Міне, уақыт көрсетті, құрылғанына біраз жылдар өтсе де аталған топтар әлі сұранысқа ие, әлі де ізденіс үстінде. – Күйшілік туабітті қасиет пе әл­де жүре келе оянатын қабілет пе? − Күйшілік − ерекше құбылыс. Кез кел­ген музыкант-орындаушы күйші бола бер­мейді. Күйшінің жаратылысында музыканы өзгеше түйсіну сезімі болу керек. Себебі қандай бір оқиғадан, әңгімеден немесе бір жағ­дайлардан алған әсеріңді музыка тілімен айтып бере алатындай қабілет  композиторлық қасиеті бар адамда ғана кездеседі. Сондықтан күйшілік қабілет тумысыңнан дарыса да, жүре келе оянса да, оның қозғаушы күші дарын деген құдірет. Мен шертпе күйлерге әуес болдым. 1976 жылы Әбікен Хасенов туралы Қазтв-дағы хабарға қатысып, оның репертуарындағы күй­лерді тұңғыш рет орындадым. 1977 жы­лы домбыра класын бітірдім. Ұстаздарым − Қазақтанның еңбек сіңірген әртісі Бақыт Қарабалина, Қазақстанның халық әртісі Қали Жантілеуов, Уәли Бекеновтер болды. 1988 жылы «Өнер» баспасынан тұңғыш рет Тәттімбет күйлерінің ноталық жазба­лары топтастырылған «Саржайлау» кітабы шыққанда мен оның жалпы редакциялық жұмысына басшылық жасадым. Күйші-композиторлар – Нұрғиса Ті­лендиев, Қаршыға Ахмедияров, фольк­лор­шы ғалым Рахманқұл Бердібаевтар менен үл­кен үміт күтуші еді. Амал не, 1984 жылы сау­сағым мертігіп, күйшіліктен алыстаң­қырап кеттім. Өнердегі үлкен өкінішім осы... Дегенмен Қазақ радиосының Алтын қорында мен орындаған бірталай күйлер бар. – Сізге қазақ тарихындағы ұлы күйшілер қалай әсер етті? Қандай күй­лер жаныңызға жақын? – Менің ең алғашқы тыңдаған күй­шілерім − Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина. Менің күйге деген терең сүйіспеншілігімді оятқан осы ұлы тұлғалар. Олар менің жүре­гімнен мәңгілік орын алған! Консерваторияға келген соң радиодан Ә.Хасеновтің орындаған күйлерін естіп, қат­ты құмарттым. Әсіресе оның өзі шы­ғар­ған «Қоңыр» күйі ерекше әсер етті. Анадан ер­те айырылғандықтан ба, осы күй жаным­ды қатты тербеді. Консерваторияны біті­рер­­де мемлекеттік емтиханда Әбікен Ха­се­нов­тің өз домбырасымен осы «Қоңыр» күйін тұңғыш рет сахнада орындадым. − Жұртшылық сүйіп тыңдайтын шоқтықты шығармаңыздың бірі − «Кербез сұлу» атты күйіңіз. Осы күй­ге өзек болған не нәрсе? − «Кербез сұлу» − Көкше жерінің әсем та­би­ғатын, ондағы аққудай қыздардың ару келбетін суреттейтін шығарма. 2001 жылы Көкшетау облыстық мәде­ниет бөлімінің бастығы Нурикамал Сейт­жа­нованың (композитор Тұрдықылыш Ізтаев­тың бүкіл қазақ сүйсініп шырқайтын «Нури­камал» атты әні осы кісіге арналған) ар­найы шақыруымен сол жерге барып, «Кер­без сұлу» атты ансамбль құрдық. Осы шы­ғар­ма  сол ансамбльдің концерттерде мін­детті түрде орындайтын негізгі шы­ғар­масына айналды. Кейін елімізге танымал күйші қарындасымыз Айгүл Үлкенбаева «Кер­без сұлуды» үлкен сахналарға алып шы­­ғып, танымал етті. Сол сияқты көптеген ұлт­­тық музыканы орындайтын ансамбль­дер де ол күйді репертуарына енгізіп, кө­рер­менге жеткізіп жүр. – Қазақ ұлттық музыкасының бо­лашағы туралы не айтасыз, ұлт­тық әуен-сазымыздың табиғи негі­зін сақтап қала аламыз ба? – Қазақ музыкасы өте бай, ерекше саз­ды, терең ойлы толғау. Тыңдағанның рухын кө­теретін жігерлі де, айбынды. Адам бойы­на қандай рухани азық керек болса, соның бәрі табылады. Сондықтан біз, қандай жағ­дай болса да, ұлттық құндылыққа айналған дәс­­түрлі музыкамызды көздің қарашы­ғын­дай сақтауға міндеттіміз. Болашақ ұрпаққа осы таза, бұзылмаған күйінде жеткізуіміз ке­рек. Әсіресе, өнер жолында жүрген аза­маттар, бейқам болмайық! Ал енді әсем әндерін, тамаша күйлерін үзіп-жұлып, қадірін кетіретіндер жоқ емес. Олар − қазақ музыкасының көсегесін кө­гертейін деп емес, тек бас пайдасы, қалта қамы үшін жүргендер. Бірақ Құдайға шүкір, халық әндері мен күйлерінің жанашырлары көп. Қадіріне жетіп, тыңдайтын ел-халық бар! Сондықтан ғасырлардан-ғасырларға өтіп, бүгінге дейін жеткен ғажайып ұлттық музыкамыздың болашағы зор деп білемін. Мәң­гілік қазақ елінің алтын бесігін тербей­тін баға жетпес ән-күйлеріміз – ұлтымыз тұр­ғанша тұратын асыл қазына. – Ұлттық музыкамыз туралы айтқан құнды ойларыңызға рақмет!  

Сұхбаттасқан

Ахмет ӨМІРЗАҚ,

Алматы қаласы