Бейбітгүл Шүршітбай: Көші-қон тарихы зерттелмейінше, «ауған жүкті» түзеу қиын

Бейбітгүл Шүршітбай: Көші-қон тарихы зерттелмейінше, «ауған жүкті» түзеу қиын

Бейбітгүл Шүршітбай: Көші-қон тарихы зерттелмейінше, «ауған жүкті» түзеу қиын
ашық дереккөзі
Бейбітгүл Шүршітбай – Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қа­зақстан мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, та­рих ғылымдарының кандидаты. «Қазақ баспасөзіндегі орал­ман­дар (қандастар) мәселесі: тарихи талдау» оқу құралының авторы. – Қазақ диаспорасының тарихы мәселесін қа­растыру қоғамдық сұраныстан туындаған. Се­бебі қазір шетелдерде шамамен 5,5 мил­лион­ға жуық қазақ ирриденттері мен диаспора өкіл­­дері тұрады. Біз оларды жинақтап «этни­ка­­лық қазақтар» деп атаймыз. Шетелдегі қа­зақтардың саны біз ойлағаннан кем немесе одан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Қалай де­ген­мен де, Қазақстаннан сырт, алыс-жақын шет­­елдерде қазақ диаспорасы мен ирри­дент­терінің қомақты бөлігі өмір сүріп жатқаны белгілі. Қазақ ұлтының шетелдегі бұл өкілдері түрлі тарихи кезеңдерде, әртүрлі тарихи жағ­дайларға байланысты қалыптасқан. Оған қазақ жерінің отарлануы мен қазақ халқының өз ұлттық мемлекетінің жойылуы, сыртқы күш­тер әсер етті. Шекара сызықтарының әділ жүр­гізілмеуі, отаршылдық езгі, геосаяси ойын, т.б көп­теген фактор қазақтардың бүгінгі Қазақ­стан шегінен сырт аймақтарға, алыс шетел­дерге қоныстануына мәжбүр болды. Шетелдегі отан­дастар туралы мәліметтерді алу, қазақ халқына жа­салған тарихи әділетсіздікті ашық айту тек Қа­зақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ғана мүм­кін болды. Елбасы Н.Назарбаев Түр­кістан қа­ла­сында өткен Дүниежүзі қазақ­тары­ның екін­ші құрылтайында сөйлеген сөзінде Ота­нынан тыс жердегі қазақтардың болашағы ту­ралы былайша ой толғаған еді: «Қазір Қазақ­стан­нан сырт жерлерде тұратын қазақтардың саны 5 миллионнан асады. Міне, осыны ой­ла­ғанда 40 пайыздан астам шетелдерде тұратын бүкіл дүниежүзіндегі қазақтың үштен бірін құрайтын бауырларымызды ертең не күтіп тұр деген сауал көкірегімізде еріксіз оянады». Ел­басының қазақтар тұратын мемлекеттердің басшыларымен кездесулерінде қандас­тары­мыздың хал-ахуалына қатысты мәселелер сан мәрте ресми түрде қозғалды.     Бүгінде шетелдегі отандастардың келемін деу­шілерін елге оралту Қазақстанның ұзақ­мер­зімді стратегиялық саясатының құрамдас бөлігі болып отыр. Елбасы бастамасымен мемлекет бұл іске ұдайы көңіл бөліп келеді. Бүгінгі күнге дейін отандық тарих ғылымында жүйелі қа­растырылмаған өзекті мәселе – шетелдегі қа­зақ диаспорасының өздерінің отанына оралу та­рихы мен бұл үрдістің бүгінгі қазақ баспа­сөзінде көтерілу мәселесі. Еліміз үшін аса игі­лікті істі одан ары жалғастыру және оның ба­рысында кездескен түрлі мәселелерді тиімді ше­шу, анағұрлым кемелденген, кешенді іс-ша­ра­ларды ойдағыдай жүргізу үшін көші-қон үр­дісін ғылыми тұрғыдан зерттейтін, отан­дастарымыздың елге оралуын, жерсіндірілуін, еліміздің экономикасы мен мәдениетіне, әлеуметтік жағдайына тигізген оңды әсерін жан-жақты бағамдайтын уақыт жетті. Әсіресе, отан­дастардың елге оралу үрдісін, қандастар мә­селесін төртінші билік деп аталатын бұқара­лық ақпарат құралдары мен баспасөз бет­терін­де көтерілуін зерттеу және ол мәселелерді та­рих тұрғысынан саралап, зерделеу өзекті. Қазақстанның тәуелсіздігін жариялауы, ел­дің саяси тұрғыдан құқықтық-демок­ра­тия­лық даму жолына түсуі, экономикалық салада нарықтық қатынастарға көшуі, бәрінен бұрын елдегі жергілікті ұлт қазақ халқының жан-жақты дамуына мол мүмкіндіктердің жасалуы шетелдегі қазақтардың елге оралуының басты алғышарты болды. Ұзақ уақыт бойы тарихи әділетсіздік салдарынан атажұрт аумағын тастап кеткен немесе Қазақстаннан сырт және оған шекаралас өзінің тарихи атақонысында тұрып жатқан қазақ ирриденттерінің өкілдері Қазақстан тәуелсіздік алу қарсаңында елге ора­ла бастады. Бұл қазақ халқының төл тари­хын­дағы өте айтулы оқиға ұлттың ұлт болып ұйысуының, үлкен елдіктің белгісі еді. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Германия, Из­раиль секілді елдер шетелдегі өз отан­дас­тарын елдеріне шақырды және олардың сая­си, әлеуметтік, экономикалық жағынан сол ел­дерде тұрып жатқан тұрғылықты халықпен тү­бегейлі теңесуіне жағдай жасады. Ал жапон­дықтар тіпті Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан азаматтарының мүрделеріне дейін түгендеп, өз еліне алып кетті. Қытай Халық Рес­публикасы құрылғаннан кейін елдің жаңа бас­шылығы шетелдердегі қытай диаспо­ра­сы­мен тұрақты байланыс жасап, ең алдымен олар­дың арасындағы үздік ғалымдар мен қо­ғам қайраткерлерінің елге оралуына, елдің эко­номикалық-саяси өміріне атсалысуына, ғы­лыми-техникалық зерттеулер жасауына жағ­дай жасады. Шетелдегі қытай диаспорасы өкіл­дерін, зиялыларын елдің тұтастығын іске асыру сынды аса келелі саяси іске пайдаланды. Демек, шетелдегі отандастарын іздеу, олармен тұрақты байланыс жасау, отандастарының елге оралуына жағдай жасау, әлемдік тәжірибеде бар үрдіс. Бұл елдерде диаспораны зерттеу (диас­порология) іргелі ғылымға айналған. Өз ке­зегінде бұл саладағы кешенді зерттеулердің сол елдердің саяси, экономикалық және мәдени дамуына әкелетін пайдасы шексіз. Қазақстан өз тәуелсіздігінің қарсаңында-ақ шетелдегі отандастарының өз тарихи атамекендеріне қоныс аударуына жағдай жа­сады. Мысалы, 1991 жылдың наурыз айында «Ең­бек шарты» деген айдармен Моңғолиядағы ағайын­дарды елге көшіру ісі басталды. Тәуел­сіздіктен кейін ел үкіметі шетелдегі қандас­тарды көшіріп алуды арнайы мемлекеттік бағдарлама және заң шеңберінде іске асыруға көшті. Бұл ретте ең алғаш «Шетелдегі қазақ диаспорасының өкілдерін Қазақстанда болған кезінде әлеуметтік-экономикалық жеңіл­діктермен қамтамасыз ету туралы» министрлер кабинетінің қаулысы, одан соң, «Халықтың көші-қоны» туралы заңды атауға болады. «Шет­елдердегі отандастарды қолдаудың мем­лекеттік бағдарламасы» қабылданды. Соның әсерімен шетелдегі отандастарымыз өз бетімен елге орала бастады. Егемендіктің екпінімен Моңғолия, Ресей, Өзбекстан, Қытай, Иран, Ауғанстан, Түркия елдерінен келуші ағайындар күннен-күнге көбейді. Қандастар мәселесі баспасөз беттерінде көтеріле бастады. Тәуел­сіздік жылдары қандастардың елге оралуы, ұлттық-патриоттық тәрбие, Отанға оралудың түрлі қиындықтары, ел ішіндегі түрлі кедер­гілер, арнайы қаулылар мен бағдарламалардың, заңның қабылдануы т.б. мәселелер қазақ баспасөзінде кең қамтылды. Тәуелсіздік алған соң қазақ баспасөзі, оның ішінде еліміздің «Егемен Қазақстан», «Түркістан», «Жас алаш», «Айқын», «Қазақ елі», «Шалқар», «Көш», т.б. об­лыс­тық газеттері, «Жұлдыз», «Ақиқат», «Жа­лын», «Парасат» журналдары шетелдегі қазақ­тар мен олардың елге оралуы, оларға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық, қандастардың азаматтық алуы мен бейімдеу т.б. мәселелер төңірегінде көптеген ақпараттық және проблемалық мақалаларды жиі жариялап келді. Қазақ баспасөзіндегі қандастар мәселесі және шетелдегі қазақ диаспорасына қатысты бұл үрдіс әлі де өз жалғасын таба бермек. Бас-аяғы жиырма жылдан бері қазақ баспасөзінде жарияланған мақалалар бүгінде Қазақстанның тәуелсіздік тарихының дереккөзіне айналды. Оларды шетелдегі қандастардың елге оралу үрдісіне қатысты дерек ретінде қарау, саралау, көтерілген мәселелердің ауқымын анықтау, жүйелеу, жетістіктер мен кемшіліктерді көр­сету қажет. Сол себепті тәуелсіздік алғаннан қазірге дейінгі қазақ көшінің мән-жайы, же­тістіктері мен кемшіліктері, көші-қон үрдісінің жалпы ауқымы, мемлекеттік көші-қон саяса­тының орындалуы, заңдылықтың сақталуы, ортаға бейімдеу мен оларға мемлекет тара­пы­нан жасалған материалдық және рухани кө­мек­тің жағдайы, ұлттық-патриоттық тәрбие т.б. мәселелердің қазақ баспасөзінде қанша­лық­ты көтерілгенін зерттеп, жазып шықтым. Қазақ диаспорасының тарихи Отаны Қа­зақ­станға оралу тарихын бүгінгі тарих ғы­лы­мы талабына сай жаңа көзқарас тұрғысынан тал­дау жасалды. Шетелдегі қазақ диаспорасы мен ирридент­терінің қалыптасу тарихы олардың біртұтас қа­зақ ұлтының ажырамас бөлігі екенін дәйек­теу және оларды тарихи Отанына тарту, көшіп кел­гендерді оңтайлы орналастыру мемлеке­тіміз­дің ұзақмерзімді стратегиялық саясаты екенін және бүгінде атқарылып жатқан барлық іс-шаралардың нәтижесін айқындау Қазақ­станның озық ойлы зиялыларының, қазақтілді басылымдардың қашанда алыстағы ағайынды назардан тыс қалдырмағанын, кеңестік әміршіл-әкімшіл жүйе тұсында да оларға қол ұшын беру, олармен мәдени-рухани қарым-қатынас жасау мәселесінің қазақ зиялылары тарапынан ұдайы өзекті болып келгенін зерделеу, Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың ұлт зиялыларының тың бастамаларының арқа­сында мемлекеттік қолдау мен шетел­дердегі қазақтардың атамекенге, тарихи Отанына оралу мүмкіндігіне ие болғанын, шетелдердегі қа­­зақтарды атақонысына қайтару саяса­тын­дағы қол жеткізген табыстар көлеңкесінде шоғырланған қиыншылықтар мен келең­сіздік­терді зерделеудегі қазақ баспасөзінің орнын дәйектеу, тарихи деректер мен ресми құжат­тарға, баспасөз материалдарына талдау жасай оты­рып, қазақ ұлтының өсіміне, басқа ұлттар­мен салыстырғандағы үлес салмағының артуы­на тигізетін оң әсерін бағалау, көші-қонның халықтың әлеуметтік-кәсіби құрамына ти­гізген әсерін анықтау, қандастардың жаңа ортаға бейімделуіне, әлеуметтік мәселелердің шешілуіне талдау жасау және осыған қатысты Қазақстанның заңдары мен құқықтық нор­мативтік актілеріне өзгертулер мен толық­тыру­лар жасауды қажет ететін тұстары егжей-тег­жейлі зерттелді. Бұл оқу құралынан үлкен тарихи сабақ алар­мыз деген үміттемін. Болашақ тарихшылар зерттесе және көші-қон саласын дамыту үшін мұндай нақты зерттеусіз болмайды. Еңбектің өзектілігі осы. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейінгі ең өзек­ті мәселе осы тәуелсіздікті сақтап қалудың тетігі бола алатын құндылықтарды айқындау болды. Мұнда ең басты мемлекеттің өзегіне айналған байырғы, әрі негізгі ұлт қазақтардың ұлттық мүддесін қорғау, кеңестік дәуірде нақты болмысынан ажырап, дінін, ділін жоғалтып, тілі қоғамдық қолданыстан шеттеп мәңгүрттене бастаған халықтың рухын көтеру, құндылықтарын қалпына келтіру, де­мог­рафиялық тұрғыда өсім қалыптастыру болды. Мұндай келелі мақсатқа қол жеткізудің ішкі мүмкіндігі ұлттық идеология қалыптастырып, халқымыздың рухын көтеру, ұлттың табиғи өсімін қамтамасыз ететін демографиялық ахуалды жақсарту, шараларды белгілеу, құрып бара жатқан тілін, дінін, салт-дәстүрін қалпына келтіру, ол үшін қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесін беру, қазақ балабақшалар мен мектептер санын көбейту болса, сыртқы мүмкіндік шетелдердегі қазақ диаспорасын өзіне тарту болды. Осы мақсатта Елбасының тікелей бастама­сымен қолға алынған шетелдегі қандастары­мыздың тарихи Отанына оралуына қатысты белгіленген шаралар, ұйымдастырылған жұ­мыстар мүлтіксіз болмаса да, біртіндеп табы­с­ты жүзеге асқаны зерттеу барысында айқын­дал­ды деген қорытынды жасауға болады. Басты же­тістігіміз ұлы мақсат жүзеге асырыла баста­ған 30 жыл ішінде арнайы мемлекеттік квота­мен және квотадан тыс өз күштерімен мил­лион­даған алыстағы ағайын ортамызға орал­ды. Бірақ шетелдегі қандастарымыздың тарихи Отанына оралуына мемлекеттен белгіленген шараларды атқарушы биліктің жүзеге асыруы барысында кеткен ең негізгі қателіктер мен кемшіліктерді, халықтың, мемлекеттің көзі һәм құлағы болған баспасөздің атқарған рөлін саралап көрсету, алда ескеретін жайларға ба­ғыт сілтеу болды. «Оралман» атауы көп адамға, әсіресе шет­елден келген қандастарымыздың өзіне ұнай бермейтіні жайлы көп айтылды. Баспасөздің пәрменділігімен біз қазір осы орашолақтау атаудан құтылдық. Президентіміз Қ.Тоқаев мырза өзі қолдап, бұл атауды «қандас» деп өзгертті. Бұл да жетістіктің бірі. Екінші бір жайт, жалпы қоғамда шетелдегі қазақ диаспорасының түгелге жуығы қуғын-сүргінге ұшырап, жат жұртқа кеткен қандас­тарымыздың ұрпағы деген түсінік болғаны да бүкпесіз шындық еді. 1997 жылы Алматыдағы «Ғылым» баспасынан Г.Меңдiқұлованың «Қазақ диаспорасының тарихи тағдыры, пайда болуы мен дамуы» атты еңбегінде: «Осы жерде шетел­дегi қазақтардың бәрiн «диаспора» деп атүстi айта салудың өзi қай жағынан болсын (ғы­лыми, заң жүзiнде және т.б.) дұрыс болмай­ты­нын ескерген жөн. Себебi, «диаспора» деген сөз ұлттың өз Отанынан басқа елге шашырап кет­кен топтарын бiлдiредi. Өз атамекенiнде қа­лып қойған Ресей, Өзбекстан мен Қытайдағы қа­зақтарды «ирридент» деп атау жөн болар», – деген пiкiр ұсынады. Шетелдегі қазақ диаспорасы мен келген қандастардың мәселесін көтеруде зерттеу ны­санасы болған негізгі басылымдардың бар­лы­ғының бірдей ерекше белсенділік танытып, өздерінің басты бағыттарына айналдыра білуі қазақ баспасөзінің ұлт рухын көтерудегі мәр­тебелі міндеттерін, борыштарын абырой­мен атқарып келе жатқанын көрсетеді. Әрі бұл сала­да бірін-бірі қайталамай, өзіндік ерекше­ліктерімен таңдалғанын атау қажет. Осы ретте халықаралық Turkistan газетін де айрықша атай кеткен жөн. Шетелдегі қазақ диаспорасы мен елге оралған қандастар мәсе­лесін жақсы көтеріп келесіздер. Бұл тақырыпты зерттеп еңбек жазған ғалым ретінде алғысым­ды білдіремін.  

Жазып алған  Бақытбек  ҚАДЫР