Жаңалықтар

Дүниені дағдарыс елесі кезіп жүр

ашық дереккөзі

Дүниені дағдарыс елесі кезіп жүр

Коронавирус індетінің алғашқы толқынынан кейін жаппай шектеу шараларын жеңілдеткен әлем елдерінің көпшілігінде індет қайта өршіп, онсыз да діңкесі құрыған жаһандық экономиканың тынысын тарылта түсті. Аузын айға білеген алпауыт компаниялардың өзі сан мыңдаған қызметкерін қысқартып, дағдарысты еңсерудің амалын іздеп әлек. Мемлекеттер өз экономикасын аяқтан тік тұрғызу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатқанымен, кесірлі кесел толық ауыздықталмай тұрып, тұрақтылық туралы, өсім жайлы сөз қозғау қисынсыз секілді. Жаһандық экономика біртіндеп қа­лыпқа келе бастағанымен, COVID-19 ін­де­тінің екінші толқыны экономикалық дағ­дарысты күрделендіре түсуі мүмкін. Ха­лықаралық валюта қорының бас­қару­шы директоры Кристалина Георгиева осындай мәлімдеме жасады. «Жыл басында күрт құлдыраған әлем­дік экономикалық белсенділік біртіндеп кө­теріле бастады. Алайда біз әлі қиын­дықтарды еңсерген жоқпыз. Біз саяси еп­тілікті және жүйелі әрекет етуді талап ете­тін дағдарыстың жаңа кезеңіне аяқ бас­тық», – деді қор басшысы. Ол Үлкен жиыр­малық (G20) елдерін күш біріктіруге ша­қырып, денсаулық сақтау, сауда және қа­рыз ауыртпалығын жеңілдету сала­ла­рындағы халықаралық ынтымақтас­тық­ты нығайту қажетін атап өтті. Халықаралық валюта қоры сарап­шы­ларының болжамынша, биыл жаһандық эко­номика 5 пайызға құлдырайды. Эко­номикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (OECD) болжамы да көңіл көн­шіт­пейді. Ұйымның жуырда жарияланған баян­дамасына сүйенсек, індеттің екінші тол­қыны салдарынан туындайтын эко­но­микалық дағдарыс 2008 жылғы қар­жылық дағ­дарыстан он есе күрделірек болмақ. ЭЫДҰ мамандарының пікірінше, қазіргі белгісіздік жағдайында алдағы 18 айға қатысты екі эпидемиологиялық сценарийді бол­жауға болады. Бірінші сценарий бойын­ша індеттің таралу қарқыны бәсеңдей түседі және бақылауда болады. Ал екінші сценарий коронавирустың екінші толқыны басталып, кесел бақылаудан шығып кетуі мүмкін деген нұсқаны қарастырады. «2008 жылғы қаржы дағдарысы ке­зеңі­мен салыстырғанда кейбір елдерде жұмыс істел­ген сағаттар саны 10 есе азайған», –  де­лін­ген ЭЫДҰ баяндамасында. Сарап­шы­лардың болжамынша, егер коро­на­вирус­тың жаңа толқыны бүкіл әлемді шарпитын бол­са, дамыған елдерде 80 миллионнан ас­там адам жұмыссыз қалуы ықтимал. Ал ЭЫДҰ-ға мүше елдерде жұмыссыздық деңгейі 10 пайызға дейін жетпек. Егер індеттің жаңа толқынына байланысты жаңа шектеулер енгізілетін болса, жұ­мыссыздық көрсеткіші бұл болжамнан әл­деқайда жоғары болуы ғажап емес дейді ма­мандар. Мәселен, карантин режимі қай­та күшейтілер болса, АҚШ-та жұмыс­сыз­дық деңгейі 12,9 пайызға дейін көтеріледі. Шектеу шаралары алынған жағдайда 2021 жылы 11,3 пайызға дейін төмендемек.

АҚШ компанияларында жаппай қысқарту

Бүгінде әлемде коронавирус жұқ­тыр­ғандар саны 15 миллионға жуықтады. Қа­терлі вирус құрбандарының саны 600 мың­нан асып жығылды. Індеттің қайта өр­шуіне алаңдаған Дүниежүзілік ден­саулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Гебрейесус шектеу және алдын алу ша­раларына жеткілікті мән берілмесе, жақын ара­да қалыпты жағдайға орал­май­ты­ны­мызды мәлімдеді. Экономиканың шат­қаяқ­тап тұрғанына қарамастан, көп ел ка­ран­тинді қайта күшейтуге мәжбүр бол­ды. Калифорния штатында барлық мей­рамхана, көңіл көтеру орындары, хайуа­наттар бағы мен мұражайлар жабылды. Бұдан бөлек, штатта құлшылық үйлері, жаттығу залдары, шаштараз, ойын-сауық орталықтарының қызметі де тоқтатылды. Мұндай қадамға баруға штаттағы нау­қастар санының көбеюі себеп болып отыр. Қазіргі таңда мұнда күніне орта есеппен 8 мыңнан астам адамның вирус жұқтырғаны анықталады. Елдің өзге өңірлерінде де індеттің та­ралу қарқыны алаңдатарлық. Пандемия бас­талғалы АҚШ-та коронавирус жұқ­тыр­ғандардың жалпы саны 4 миллионға жуық­тады. Індеттен көз жұмған науқастар саны 150 мыңға жетеғабыл. Алдағы апта­ларда елде өлім-жітім саны арта түседі деп болжанып отыр. АҚШ Денсаулық сақтау ми­нистрінің көмекшісі Бретт Жируардың ай­туынша, күзде індеттің екінші тол­қы­нының басталу ықтималдығы жоғары. Өйт­кені вирус тұрғындардың 90 пайызын әлі шарпып үлгермеген. Жергілікті дәрі­гер­лердің шектеу шараларын күшейту керек дабыл қағып жатқаны сондықтан. Егер ел аумағында карантин қайтадан жаппай енгізілер болса, ЭЫДҰ сарапшыларының бол­жамы дәл келіп, АҚШ-та жұмыссыздық дең­гейі бұрын-соңды болмаған деңгейге же­тетін түрі бар. Қазірдің өзінде аме­ри­ка­лық алпауыт компаниялар қыз­мет­кер­лерін қысқартуға қамдануда. Мәселен, коронавирус пандемиясы сал­дарынан дағдарысқа тап болған United Airlines компаниясы жұмысшыларының жартысы жұмыссыз қалмақ. Жуырда ком­пания 36 мың қызметкеріне қазанның 1-інен бастап ақысыз демалысқа жі­бері­ле­тінін хабарлады. Олардың 2 250-і ұшқыш, 15 мыңы бортсерік, 16 мыңнан астамы қыз­мет көрсету саласындағы мамандар. United Airlines компаниясы мемле­кет­тен миллиардтаған доллар көмек алса да, қаржы дағдарысын айналып өте алмады. Наурыз айының басынан бастап әуе тасы­малы 95 пайызға қысқарған. The Wall Street Journal-дың хабарлауынша, үкі­мет­тен бөлінген қаражат алпауыт компания­ның қазан айына дейінгі шығынын ғана өтей алады. Басылымның дерегінше, ком­пания күн сайын 40 млн долларға жуық шығынға батуда. АҚШ-та және әлемде эпидемиологиялық ахуалдың оңала қоймағанын ескерсек, United Airlines қаржы дағдарысын жақын уақытта еңсере қоюы екіталай. АҚШ-тың тағы бір ірі әуе тасымал­даушысы – American Airlines Group Inc компаниясы да күрделі жағдайда. Ком­пания өз қызметкерлерінің бестен бірін, 25 мың адамды күзде ақысыз де­малысқа жібермек. 1 қазанға дейін, яғни  мем­ле­кет­тік қаржыландыру мерзімі аяқталғанша компанияға қызметкерлерін қысқартуға немесе олардың жалақысын азайтуға тыйым салынған. Ал мемлекет тарапынан қаржыландыру тоқтатылғаннан кейін әуе тасымалдаушы қол қусырып отырған жұмысшыларының барлығына бірдей жағдай жасай алмасы анық.

Ұлыбритания ұйықтан шыға ала ма?

Ұлыбританияда да эпидемиологиялық ахуал көңіл көншітерлік емес. Мамандар­дың болжамынша, мемлекет осы қыста коронавирус инфекциясының екінші толқынымен бетпе-бет келеді. Ол біріншіге қа­рағанда өлім-жітімді көбейтуі мүмкін. Бұл туралы британдық медицина ғылым­дары академиясының өткен аптада жария­ланған баяндамасында айтылған. Пандемия мен алдағы тұмау індетіне бай­ланысты елдің денсаулық сақтау жүйе­сінде туындаған қиындықтармен қатар ко­ронавирустың екінші толқыны Ұлыб­ри­тания азаматтары үшін айтарлықтай қауіп төндіреді. Осыған байланысты мамандар денсаулық сақтау жүйесінің шамадан тыс жүктеме қаупін азайту үшін және қыста демікпе, инфаркт, өкпенің созылмалы обструктивтік ауруы мен инсульт сияқты басқа да инфекциялардың таралу қаупі артатындықтан, жедел дайындықты қазірден бастауға шақырады. Баяндамада Ұлыбританиядағы коро­навирустың екінші толқыны қалай дами­тынына қатысты белгісіздіктің жоғары дәрежесі бар екені көрсетілген. Онда ауру жұқ­тырған адамдардың орташа санын көр­сететін R репродукция индексі 2020 жыл­дың қыркүйегінен бастап 1,7-ге дейін өсе­ді. 2021 жылғы қаңтар-ақпанда Ұлыбританияда ауруханаға түсу мен өлім оқиғалары өте көп болады деп болжанып отыр. Сонымен қатар  биылғы қыркүйек айынан бастап 2021 жылдың маусымына дейінгі кезеңде коронавирустан туындаған атипиялық пневмонияның өршу қаупіне байланысты індеттен қайтыс болу жағдайларының саны 119 900 адамға жетуі мүмкін. Ел билігінің алдында күрделі таңдау тұр. Таразының бір басында – ұлт саулығы, екінші басында – мемлекет экономикасы. Екінші толқынның қаупін сейілту үшін Ұлыб­ритания үкіметі шектеу шараларын қайта енгізер болса, індеттің алғашқы толқынынан кейін еңсесін енді тіктей бас­таған британ экономикасы дағдарыстан жақын арада шыға алмауы мүмкін. Make UK ұйымы жүргізген салалық сауал­нама нәтижесіне сүйенсек, ұлыб­ри­таниялық өндірушілердің төрттен үші қызметкерлерін қысқартуға ниетті. Сауалнамаға қатысқан компаниялар бас­шыларының 40 пайызы жыл соңына дейін жұмыс орындарын азайту көзделіп отыр­ғанын мәлімдеген. Респонденттердің пі­кірінше, алдағы үш айда сауда-саттық көлемі әдеттегі көрсеткіштен 26 пайызға төмендейді. Экономикалық белсенділіктің артқанына қарамастан, сауданың құл­дырауы барлық саланы шарпиды деп бол­жанып отыр.  Салдарынан еңбек нары­ғының жағдайы да ушыға түспек. «Елдегі жұмыссыздық деңгейі пан­демияға дейінгі көрсеткіштен шамамен 4 пайызға жоғары болатынын және мұндай ахуал 2023 жылға дейін сақталатынын ескерсек, еңбек нарығы біраз уақытқа дейін экономиканың қалыпқа келуіне ке­дергі келтіретін негізгі факторлардың бірі болып қала береді», – дейді Capital Economics компаниясының бас экономисі Рут Грегори. Ұлыбританияның Қаржы министрі Риши Сунак өткен аптада ел эконо­ми­ка­сын дағдарыстан құтқаруға бағытталған құны 37 млрд долларлық жоспарды жа­рия­лады. Онда баспана сатып алу салығын төмендету, ел азаматтарының барлығына мейрамханаға баруға жеңілдік жасау, сондай-ақ қызметкерлерін қысқартпаған жұмыс берушілерге қаржылық қолдау көрсету секілді шаралар қамтылған деп хабарлайды Bloomberg. Елдегі 9,3 миллион адамның еңбе­кақы­сын субсидиялау үшін қолға алынған жұмыс орындарын сақтау бағдарла­ма­сының мерзімі қазанда аяқталады. Десе де, мемлекет қаңтарға дейін жұмыс орны сақталатын және  654 доллардан жоғары жа­лақы алатын әр қызметкері үшін кә­сіпорындарға 1 259 доллар көлемінде бонус төлемек. CNBC басылымының жазуынша, қа­занда қаржыландырудың тоқтатылуы ең­бек нарығындағы дағдарысты кү­шей­теді. Алайда Риши Сунак жұмыс орындарын сақтау бағдарламасын ұзаққа созу мүмкін емесін айтып, қаржыландыруды жалғас­тыруға шақырған белсенділердің баст­а­масын жауапсыздық деп атады. Сондай-ақ министр қоғамдық тамақ­тану саласының жұмысын жандандыру үшін ел азаматтарына тамызға дейін мей­рам­ханаларға баруға 50 пайыздық жеңіл­дік ұсынып отыр. Қонақүй және туристік сек­торлар үшін қосымша құн салығы ке­лер жылға дейін 20 пайыздан 5 пайызға дейін төмендетілді. Бұл мемлекет қазы­на­сына 4 млрд фунт стерлинг шығын әкел­мек. Елдің жалпы ішкі өнімі сәуірде 20,4 пайызға төмендеп, ел тарихындағы ең ірі құлдырау болды. Сәуір-мамыр айларында Ұлыбританияның берешегі 103,7 млрд фунтқа жетіп, 1963 жылдан бері алғаш рет мемлекеттің қарызы ІЖӨ-ден асып түсті. Экономиканы құтқаруға ел қазынасынан 160 млрд фунттан аса қаржы бөлінді. Алай­да мамандар бұл қаржы дағдарысты ең­серуге көмектесе алатынына сенің­кіре­мейді. Англия банкінің болжамынша, биыл ІЖӨ көлемі 14 пайызға құлдырайды.

Еуроодақ саммиті: 1,8 трлн еуроның тағдыры шешілді

Маусымда жағдай тұрақталған соң, ше­караларын жаппай ашқан Еуропа ел­де­рінің көпшілігінде індет қайта өрши бас­тады. Мәселен, Сербияда соңғы апталарда ко­ронавирус жұқтырғандар саны күрт арт­ты. Елдегі ауруханаларда орын қат. Тұрғындар бұған ел билігін кінәлайды. Ма­мырда үкімет шектеу шараларын жеңіл­детіп, маусымда сайлау өткізген. Ал билік өкілдері карантин талаптарын сақтамаған халықтың өзін кінәлайды. Вирусты одан әрі таратпау мақсатында Белградта 10-13 шіл­де аралығында коменданттық сағат ре­жимі енгізілді. Сербияның 19 қаласы мен ауданында төтенше жағдай жария­лан­ды. Испанияның Галиция өңірінде қай­тадан локдаун енгізілді. Аталған ауданда вирус жұқтырғандар саны күрт артқан. Осыған байланысты, қоғамдық орындарда бетперде тағу міндеттеліп, көпшіліктің жиналуына тыйым салынды. Жергілікті билік індеттің өршуіне қоғамдық тамақ­тану орындарының ашылуы себеп болды деп пайымдайды. Ал Италия үкіметі коронавирус инфек­ция­сына байланысты енгізілген төтенше жағдай режимін 31 қазанға дейін ұзарту мә­селесін қарастыруда. Соңғы дерек бойын­ша, мемлекетте  245 мыңнан астам адам коронавирусқа шалдыққан. Олардың 197 мыңы емделіп шықса, 35 мыңнан аста­мы көз жұмды. Кесірлі кесел Италияның денсаулық сақтау жүйесіне де, экономика­сы­на да аз қысым түсірген жоқ.  Елдің ен­дігі үміті – Еуроодақ экономикасын қал­пына келтіру қорынан бөлінетін қар­жы. Өткен аптада Брюссельде бас қосқан Еуроодақ серкелері пандемия басталғалы ал­ғаш рет кездесіп, Одақ экономикасын қа­л­пына келтірудің 750 млрд еуроға ар­налған дағдарысқа қарсы жоспарын тал­қылады. Пандемиядан зардап шеккен кәрі құрлық экономикасын аяқтан тік тұр­ғызып, 7 жылдың бюджетін бекіту үшін жи­налған 27 елдің көшбасшысы келісімге бір­ден келе алмады. Бастапқыда екі күнге жос­парланған саммит ұзаққа созылып, тарап­тар тек бесінші күні мәмілеге келді. Пікірталас тудырған сома – 1,8 трлн еу­ро. Одақтың 2021-2027 жылдарға ар­нал­ған бюджеттік жоспарын және дағдарысқа тап болған экономикаларды қалпына келтіру бағдарламасын жүзеге асыру үшін осынша қаржы бөлінбек.  Шығыс Еуропа елдері қаржыландыруға қатысты шарт­тарға көпке дейін келіскен жоқ. Вирустан қатты зардап шеккен Оңтүстік Еуропа елдері Солтүстіктегілердің дағдарысқа қарсы қорларға грантты азайтып, олардан реформа өткізуді талап ету керек деген ұстанымына қарсы шықты. Ал Франция мен Германия Еуродақ елдеріне қаржыны пайызсыз субсидия ретінде бөлу қажетін алға тартты. Нидерланд, Австрия, Дания, Швеция бұл бастамаға үзілді-кесілді қар­сылық білдірді. Аталған елдің көшбас­шы­лары тіпті Одақ бөлген қаржының қайда жаратылғанын қатаң бақылауды талап етті. Саммиттің бесінші күні Еуроодақ көш­басшылары бір тоқтамға келді. Әр мемле­кетке бөлінетін қаржы көлемі әртүрлі болмақ. Індеттің салдарынан жоғалтқаны көп елдерге көбірек қолдау көрсету туралы шешім қабылданды. Мәселен, Еуроодақ эко­номикасын қалпына келтіру қорын­дағы қаражаттың 28 пайызы Италияға беріледі. Бекітілген құжат бойынша, бөлі­нетін қаржылай көмектің жалпы көлемі 209 млрд еуро болмақ. Брюссельден ол­жалы болып қайтқан Италия премьері  Джу­зеппе Конте саммитке қатысушы­лар­дың қаржыландыру мәселесі жөнінде ке­лісімге келуін Еуропа үшін тарихи оқиға деп бағалады. Кипрдің президенті Никос Анаста­сиа­дис те саммит қорытындысына дән риза. Одақ­тың ортақ қорынан Кипрдің еншісіне 2,7 млрд еуродан астам қаражат тисе, риза бол­май қайтсін? Ел үкіметі сол қаржыны ұқса­тып, экономиканы құрдымнан құт­қара алса игі.