Жаңалықтар

Халықтың сенімі бәрінен де маңызды

ашық дереккөзі

Халықтың сенімі бәрінен де маңызды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет»  тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып отыр. Қарапайым жұрт көкейдегі мұң-зары мен өтініш-шағымының мемлекет құлағына жеткенін қалайды. Президенттің бастамасымен былтыр Президент Әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімі құрылғаны есімізде. Содан бергі бір жыл уақыт ішінде бөлім қанша адамның мәселесін шешуге көмектесті, халық үніне құлақ асатын мемлекетті қалыптастырудағы жұмысы қандай нәтиже берді деген сұрақтарға бөлім басшысының орынбасары Данияр Қадыров жауап берді. – Мемлекет басшысының тұжырым­да­масы азаматтар мен мемлекет арасындағы диа­логтың, өзара байланыс пен ынтымақ­тастықтың жаңа негізін құрайды. Азамат­тар өтінішіне жедел әрі тиімді жауап беру –тұжырымдаманың бір аспектісі ғана. Халықпен тікелей жұмыс істей жүріп көптеген адам үшін Президент Әкім­ші­лігінің Қабылдау бөлімі  мәселесін шешудің соңғы үміті екеніне куә болдым. Олар бізге үлкен сеніммен келеді, сондықтан жауап­кер­шілікті сезіне отырып, мәселені шешудің заңды мүмкіндігін табуға тырысамыз. Бөлім ашылып, жұмыс істеген бір жылдан кейін біз белгілі нәтижеге жеттік деп сеніммен айта аламын, – дейді Данияр Қадыров. Оның айтуынша, Бөлім азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы байла­ныс сапасын арттыру үшін халықтан кел­ген өтініш-шағымдармен жұмыс істеудің бірегей экожүйесін құруды көз­дейді. Бөлімнің міндеті – мемлекеттік ор­ган­дар мен халық арасындағы өзара әре­кеттес­тіктің түбегейлі жаңа сапасын қа­лып­тастыру. «Бөлім азаматтарды қабылдаудың екі форматын қарастырады: Президент Әкімшілігінің фронт-кеңсесіндегі қабылдау және Президент көмекшісінің  көшпелі қабылдауы. Қабылдауға жазылған  кез кел­ген азаматтың таңдау жасау құқығы бар, яғни ол Нұр-Сұлтанға келіп өтінішін ауызша айта алады немесе өз өңіріндегі әкімдік пен Президент Әкімшілігінің фронт-кеңсесі арасындағы бейнеконфе­рен­ция  арқылы қабылдауға қатыса алады. Сонымен қатар өзі тұратын өңірде Прези­дент көмекшісі көшпелі қабылдау өткізген­де қабылдауына кіре алады.  Егер адамның денсаулығы, қаржылық, отбасылық жағ­дайы немесе уақытының жетіспеуі сынды себептерге байланысты Нұр-Сұлтанға келуге мүмкіндігі болмаса да, біз оған әрдайым қолжетімдіміз. Бұл, әсіресе Нұр-Сұлтан қаласына, Президент Әкімшілігінің фронт-кеңсесіне келуге қаржылық мүмкін­дігі жоқ әлеуметтің әлсіз азаматта­ры­на қатыс­ты», – дейді ол. Жалпы, бөлімде азаматтарды қабылдау­ды Президенттің көмекшісі немесе оның орынбасарлары ғана жүргізеді. Өтінішті қарауға құзыретіне белгілі бір азаматтың өтінішін қарау мәселесі кіретін мемлекеттік орган өкілдері де қатысады.  Өтініш берушінің көтерген мәселесі сол жерде шешілетін жағдайлар да кездеседі екен. Бөлім басшысының орынбасары бір­лескен жұмысқа азаматтық қоғам инс­титуттары да тартылғанын айтты. Қазақ­стан Заңгерлер палаталары қауымдастығы­ның өкілдері келіп түскен өтініштерге тәуелсіз сараптама жүргізіп, тиісті қоры­тынды дайындайды, ол қорытынды про­куратура, құқық қорғау, орталық және жергілікті атқарушы органдарға жіберіледі. Бұл орайда былтыр қалыптасқан тәжіри­бенің жоғары тиімділігін атап өтуге болады.  Мысалы, жекелеген өтініштер бойынша, азаматтық қоғаммен өзара әрекеттесудің арқасында прокурордың әрекет ету акті­лерін енгізуге қол жеткізілді, ал сот орган­дары алдыңғы сот шешімдерін қайта қара­ды. Сонымен қатар азаматтарды қабылдау кезінде тартылған заңгерлер мыңға жуық тегін заңгерлік кеңес берген. Бөлім жұмыс істеген бір жылдың ішінде қабылдауға 1 777 азамат келген. Ал 2019 жыл­­дың 21 қарашасында бөлім баста­масымен тұңғыш рет Бірыңғай қабылдау күні өткізілді. Ол күні орталық мемлекеттік органдардың басшылары мен барлық деңгейдегі әкімдер азаматтарды жеке қабылдады. Бірыңғай қабылдау күнінде республика бойынша қабылдау орган­дары­на 14 мыңнан астам адам жүгініпті. Бөлім бүгінгі таңда пандемияға байла­ныс­ты өтініштерді бейнеконференция арқылы  қабылдап жатыр. Ал Президентке өті­ніш айтушылар саны көп-ақ. Мысалы, мау­сым айында Президент көмекшісі Та­мара Дүйсенова еліміздің 7 өңірінен 55 адам­ды қабылдады. Бүгінгі қиын кезеңде өті­ніштердің арасында шұғыл шешуді та­лап ететіндерін сараптау күшейтілді және ол мәселені жедел түрде шешуге назар ау­да­рылады. Себебі бөлімнің негізгі міндеті – осынау қиын кезеңде өтініштерді сапалы және уақытылы қарауды қамтамасыз ету. Бөлім азаматтарды қабылдап, өтінішін қараудан бөлек, ай сайын мемлекеттік органдардың азаматтарды қалай  қабыл­дайтынына да бақылау жүргізеді. Егер мемлекеттік органдардың арасында азамат­тарға арнап қабылдау өткізбейтін немесе азаматтарды қабылдауға тіркемей жатқаны туралы деректі анықтаса, бірден ол мәсе­лені зерттеп, нақты шара қабылданады. Бола­шақта бұл тәжірибені де облыс әкім­дік­тері деңгейінде тарату жоспарланып отыр екен. Данияр Қадыровтың айтуынша, бөлімге түскен өтініштердің 47 пайызы Алматы, Ақ­мола, Қостанай, Жамбыл және Түркістан облыстарынан келген.  Олардың басым бөлігі (68,8%) коммуналдық қызмет, әлеу­меттік қорғау, тұрғын үй және жер мә­се­лелерін көтерді. – Азаматтардың көтеретін мәселені ал­дын ала жан-жақты зерттеп алғаны өзде­ріне пайдалы. Қабылдау сол азаматтардың өзі мұқият дайындалып келген кезде ғана мағыналы болатынын айтқым келеді, – дейді ол. Бөлім өтініштерді қарау сапасын жақ­сартуға басымдық беріп отыр. Егер бірнеше азаматтың өтініші бір-бірін қайталайтын болса, онда бөлімнің қолдауымен мекемеаралық үйлестіру жүзеге асырылады, оның ішінде нақты проблемалар бойынша жұмыс топтары құрылады. Мұндай мы­сал­ды  үлескерлер өтініштеріне қатысты кел­тіру­ге болады.  Бұл ретте бөлім қызмет­кер­лерінің ұсынысы бойынша мемлекеттік органдардан бастапқы материалдарды қалпына келтіру және талдау тәжірибесі енгізілді. Әдетте, бұл инспекциялық хат­тамалар, сарапшылардың пікірлері, оты­рыстардың хаттамалары, типтік келісім­шарттар және т.б. Осылайша, мемлекеттік органдардың өтініштерді қарау сапасын бағалау бөлімге берілген жауапқа ғана емес, бірақ мем­ле­кеттік органдар жүргізетін жұмыстардың барлық спектріне негізделеді. – Жоғарыда атап өткенімдей, қажет бол­ған жағдайда өтініш берушінің сұрағы бойынша, сондай-ақ мемлекеттік орган­дардың жауаптары бойынша құқықтық сараптама жүргізіледі. Сонымен қатар бөлім қызметкерлері мемлекеттік орган­дардың дәлелдерін екі рет тексеру үшін өтініш берушілермен міндетті түрде байланысқа шығады. Тұрғындар өтінішіне негізделген мәселелер шешілген соң  шағым жиі айтылатын құрылымның жұмысына  шағын тергеу жүргіземіз. Себебі біз кө­терілген мәселелердің  түпкі себебін анық­тауға тырысамыз. Сондай жағдайда көбіне-көп адами факторға тап боламыз, яғни біреу  қызметіне немқұрайды қарайды, қа­телік жібереді, лауазымын теріс пайда­ланады немесе мүлде әрекет етпеген болып шы­ғады.  Сондықтан біз формализм фак­тілерімен, қызметтік міндетіне немқұрайлы қараушылармен де күресіп жатырмыз, – дейді Данияр Рамазанұлы. Ең бастысы, бөлім құрылғалы бері өт­кен бір жылда мол тәжірибе жиналды. Енді өңірлердегі тұрғындар өтінішін қарау жұ­мысын бастаған облыс әкімдіктеріндегі ұқсас бөлімдер де осындай фактілерді анық­тауға және уақытылы жауап беруге жұ­мыл­дырылмақ.  Бұл ретте бөлімде қыз­меткер­лерінің дағдысы, білімі мен тә­жірибесі басқа мемлекеттік органдар ара­сында тара­тылатын әдіснамаға негіз етіп алынбақ.