Елімізде табиғатқа зиянын тигізгендерге салынатын айыппұл көлемі ұлғаяды
Елімізде табиғатқа зиянын тигізгендерге салынатын айыппұл көлемі ұлғаяды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев табиғатқа зиянын тигізгендерге салынатын айыппұл көлемін ұлғайтуды тапсырды. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев айтты.
«Бүгін мен Мемлекет басшысымен сөйлестім. Президент табиғатқа зиянын тигізген заң бұзушыларға қатысты жауапкершілікті күшейтуді және айыппұл құнын ұлғайту жағын қарастыруды тапсырды. Тек біздің бірлескен күш-жігеріміз ғана еліміздің бірегей табиғи байлығын сақтауға көмектеседі. Сондықтан журналистерге, блогерлерге, экологтарға, қоғам қайраткерлеріне, қоршаған ортамыздың немқұрайлы қарамайтындарға айтарым: барлығымыз бірігіп, өзіміз жол көрсетіп, әрбір қазақстандықты табиғатты құрметтеуге, оған қамқорлық жасауға үйретейік», - деді министр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы министрлерге жастарды экологиялық ағарту жұмыстарын қолға алуды тапсырған болатын.
«Азаматтардың табиғи демалыс орындарындағы жаппай мәдениетсіздігі тоқтамай тұр. Отандастарымыздың ерекше қызғылт түсті «Көбейтұз» көліне келтірілген орасан зор зиянға қатысты алаңдаушылығы орынды. Бұл жағымсыз әрекеттер өскелең ұрпаққа жүргізілетін экологиялық ағарту жұмыстарының түйткілдерін ашып берді. Білім, Экология, Ақпарат министрліктері бұл мәселені жұмыстарының басым бағыты ретінде қарастыруы керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.