СҚО-да карантин күшейтіледі

СҚО-да карантин күшейтіледі

СҚО-да карантин күшейтіледі
ашық дереккөзі
Солтүстік Қазақстан облысының бас санитар дәрігері Серікбай Қасмақасов қол қойған қаулыға сай, демалыс күндері өңірде карантин күшейтіледі.  Жаңа қаулы бойынша 24 шілде сағат 00.00-ден бастап 27 шілде сағат 00.00-ге дейін және 31 шілде сағат 00.00-ден бастап 3 тамыз сағат 00.00-ге дейін облыс бойынша, соның ішінде елдімекендер ішінде жүруге шектеу қойылады. Тұрғындар үйден тек жұмысқа барып-келуге, жақын маңдағы азық-түлік дүкені мен дәріханаға баруға және үй жануарларын аулада серуендетуге ғана шығуға құқылы. Отбасылық іс-шараларға, қонақ шақыруға, баруға тыйым салынды. Сондай-ақ, демалыс күндері барлық базарлар, сауда және қоғамдық тамақтану орындары, жазғы дәмханалар жұмыс істемейді. Мейрамханалар мен дәмханалар тек дайын тағамды жеткізіп берумен шектеледі. Облыстағы барлық саябақтар мен бақтар жабық болады. Туризм нысандарына жаңадан демалушыларды қабылдауға тыйым салынды. Сонымен қатар, бұл күндері қоғамдық көліктер жүрмейді және қызмет көрсету орталықтары жұмыс істемейді. Такси қызметі санитарлық талаптарды қатаң орындай отырып қана жолаушы тасымалдай алады. Яғни, такси жүргізушісі міндетті түрде маска тағып, қолғап киюі қажет, әр жолаушыдан кейін көлікті зарарсыздандыруы керек. Екі адамнан артық жолаушы ала алмайды, бірақ бұл – бір отбасы мүшелеріне қатысты емес. Демалыс күндері облыс бойынша барлық балалар және спорт алаңдары, көппәтерлі үйлердің кіреберістері зарарсыздандырылып, дезинфекциялық препараттармен тазалау жұмыстары жүргізіледі. Еске сала кетейік, 20 шілдеден бастап Алматыда да  қатаң шектеу шаралары енгізілді. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтанның бас санитарлық дәрігері Жанна Пралиеваның бұйрығы бойынша елордада карантин 2 тамызға дейін ұзартылып, кейбір нысандардың жұмыс уақыты өзгергенін хабарлағанбыз.