Көбейтұз жалға берілмейтін болды

Ақмола облысы Ерейментау ауданындағы Көбейтұз көлі 49 жылға жалға берілмейтін болды. Бұл туралы облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы хабарлады.   

«Ақмола облысының Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы рекреациялық мақсатта жалға беру бойынша конкурс тізіміндегі су объектілері арасынан Көбейтұз көлін алып тастады», – делінген ведомство хабарламасында.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы Көбейтұз бен Қоржынкөл көлдерін жалға беруге байқау жариялаған.

Соңғы уақытта көпшіліктің қызығушылығын тудырған Көбейтұз көлінің айналасында келеңсіз оқиға көбейді. Ерекше түсті көлдің тұзын коронавирустың емі деп сатқан алаяқтардың әрекеті және көлге көлігімен кіріп кеткен азаматтың бейбастығы желіде қызу талқыланды. Көп ұазамй Ақмола облысының полиция қызметкерлері табиғатқа залал келтірген жүргізушіні ұстап, әкімшілік кодекстің екі бабы бойынша жауапқа тартты.

Атап айтқанда, оған әкімшілік кодекстің 364-бабы (Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша ескерту жарияланып, 434-бабының ІІ тармағы бойынша (Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау) 5 АЕК (13 890 теңге) көлемінде айыппұл салынды.

Бұл мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарынан тыс қалған жоқ. Президент Көбейтұзға қатысты пікір білдіріп, Білім, Экология, Ақпарат министрліктеріне жастарды экологиялық ағарту жұмыстарын қолға алуды тапсырды.

Back to top button