Мүфтият Құрбан айтқа байланысты маңызды мәлімдеме жасады

2020 жылы Құрбан айт 31 шілдеге түсіп тұр. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы хабарлады. 

Яғни, 30 шілде – Арапа күні,  31 шілде мен 1-2 тамыз күндері – Құрбан айт.

«21 шілде –зұлқағда айының соңғы күні. 22 шілде – зұлхижжа айы басталады. Зұлхижжа айының алғашқы он күні қасиетті болып есептелінеді. Сондықтан осы кезде ынтамен ғибадат ету, көбірек ізгі іс істеу қажет. Арапа күні ораза тұту – сүннет», – деп мәлімдеді діни басқарма.

Бұған дейін басқарма төрағасының орынбасары Ершат Оңғаров карантин режимінің ұзартылуына байланысты мешіттерде айт намазы оқылмайтынын айтқан болатын.

«Ораза айт кезінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы нақты шаралар қабылдап, Ораза айт намазы оқылмаған. Осы жолы карантин созылатын болса, өкінішке қарай, біз айт намазын мешіттерде оқи алмаймыз», – деді Оңғаров.

Алайда қазақстандықтар Құрбан айтта құрбандық малын қашықтан тапсырыс беру арқылы шала алады. Құрбандық малын 31 шілдеде таңнан үш күн бойы күн батқанға дейін шалуға болады.

Айта кетейік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының тапсырмасымен Qurban2020.muftyat.kz сайты іске қосылады.

Сайт арқылы қазақстандықтар ешқайда бармай құрбандық шалуға онлайн тапсырыс бере алады.

 

Back to top button