Жаңалықтар

Brent маркалы мұнай бағасы наурыздан бергі ең жоғары деңгейге көтерілді

ашық дереккөзі

Brent маркалы мұнай бағасы наурыздан бергі ең жоғары деңгейге көтерілді

Лондондағы ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың қыркүйектегі фьючерс бағасы 3,32% өсіп, баррелі 44,62 АҚШ долларға жетті.  РБК агенттігінің хабарлауынша, мұнай соңғы рет дағдарыстың ауыр кезеңі басталғанға дейін, 9 наурызда осындай бағада сатылған. Ал WTI маркалы америкалық мұнай фьючерсінің қыркүйек айындағы жеткізілімдері 3,18%-ға көтеріліп, баррелі 42,22 АҚШ доллар болды. Сарапшылардың айтуынша, мұнай бағалары шикізатқа сұраныстың қалпына келе бастауына байланысты өсуде. Коронавирусқа қарсы вакцинаны сәтті сынақтан өткізу нәтижесі туралы жаңалық пен ЕО экономикасын қалпына келтіру бағдарламасының қабылдануы мұнай нарығындағы оң өзгерістерге жол ашты. Айта кетейік, 17 шілдеде Брюссельде бас қосқан Еуроодақ серкелері пандемия басталғалы алғаш рет кездесіп, Одақ экономикасын қалпына келтірудің 750 млрд еуроға арналған дағдарысқа қарсы жоспарын талқылады. Пандемиядан зардап шеккен кәрі құрлық экономикасын аяқтан тік тұрғызып, 7 жылдың бюджетін бекіту үшін жиналған 27 елдің көшбасшысы келісімге бірден келе алмады. Бастапқыда екі күнге жоспарланған саммит ұзаққа созылып, тараптар тек бесінші күні мәмілеге келді. Мамандардың болжамынша, Brent маркалы мұнай бағасы әлі де көтеріліп, барреліне 46 АҚШ долларына дейін жетуі мүмкін.