«Жер мәселесі – қазақтың тірі я өлі болуының мәселесі»

«Жер мәселесі – қазақтың тірі я өлі болуының мәселесі»

«Жер мәселесі –  қазақтың тірі я өлі болуының мәселесі»
ашық дереккөзі
Өткен ғасырдың басында қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев жалпы ұлтымыздың, оның ішінде әдебиетіміздің дамуында екі түрлі жол тұр: оның бірі ұлттық дәстүр жолы да, екіншісі, батыстық бағыт деп көрсетіп, біздің болашағымыз ұлттық даму жолында деп, «Алқаның» бағдарламасын жазған еді. Өкінішке қарай, біз батыстық жолға түсіп, бодандық саясаттың салдарынан ұлттық біртектіліктен айрыла жаздадық. Өкінішке қарай, тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдай уақыт өткеніне қарамастан, осыдан жүз жыл бұрын ұлт көшбасшылары көтерген ұлттығымызды қамтамасыз ететін негізгі мәселелер күні бүгінге дейін шешілген жоқ. Қазіргі қазақ қауымы әлі күнге ұлттық даму жолын жанұшырып іздестіруде. Күн тәртібіне болашақта ұлт болып қалу, қалмау мәселесі өткір қойылып отыр. Елімізде қызу талқыланып жатқан тіл мен жер мәселесі – осы ойымыздың негізгі дәлелі. Ұлтымыздың мұндай жағдайда қалуының себептерін айтсақ, бір жағынан, біздің әліге дейін отаршылдықтың жойыла қоймаған құрсауынан шыға алмай, екінші жағынан, үстіміздегі ғасырдың басында Батыста бас көтеріп, күн өткен сайын күшейіп келе жатқан жаһандануға төтеп беріп, қарсы тұра алмай жатқандығымыз болса керек. Жалпы, белгілі бір ұлттың немесе ұлыстың өмір сүруі үшін оның белгілі жері болуы керек. Үйсіз, күйсіз адамның тіршілік етіп, өсіп-өнуі қандай қиын болса, сол адамдардан тұратын ұлттың да үйсіз, яғни жерсіз өмір сүруі де сондай қиын. Жерінен айрылған ұлттардың болашағы жоқ: олар басқа ұлттарға сіңіп, түптің түбінде жойылады. Өткенге көз жіберсек, адамзат тарихы ұлтты, ұлтты ғана емес, жалпы адамдарды сақтап қалатын бір жапырақ жер үшін болған қырғын соғыстардан тұрады. Асырайтын, ұлт қылып ұйыстыратын, өсіп-өнетін жерін сақтап, қорғай білген, кеңейте білген ұлттар ғана өздерінің ұлттық дамуын қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен бірге әлемдік бәсекелестікте тамаша табыстарға жеткен. Қазір әлемде 6-7 мыңдай тіл, ұлт, ұлыс бар болса, соның 200-дейінің ғана мемлекеттігі, яғни жері бар. Қалған ұлттардың барлығы әйтеуір өлместің күнін көруде. Біздің ата-бабаларымыз да жердің тіршілік үшін қадір-қасиетін, мән-маңызын барынша ұғынып, оны көзінің қарашығындай сақтай білуге шақырып отырған. Туған жерді сүйіп, оны қорғау әрбір азаматтың ел алдындағы ұлттық парызы саналған. Қазақ халқының бүкіл әлеуметтік, рухани өмірі ұлтқа, халыққа, Отанға адал қызмет етуге құрылған. Қазақ әдебиетінің ең үздік үлгілерінің алтын арқауы да осы – туған жерді сүйе, қажет болған жағдайда оны қорғай білуге үндейтін отаншылдық сарыны. Қазақ халқының ауыз әдебиетінде «Туған жерге туыңды тік», «Туған жердей жер болмас», «Туған елдей ел болмас», «Туған жердің жуасы да тәтті», «Туған жердің ауасы да – шипа», «Әркімнің өз жері – өзіне жұмақ» деген сияқты мақал-мәтелдердің көп кездесетіндігі осындай себептерден болса керек. Халық әдебиетінің негізгі мазмұны Отан қорғау, елге адал қызмет етуден тұрады. «Қырымның қырық батыры», «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Кенесары-Наурызбай» сияқты толып жатқан батырлар жырының, тарихи жырлардың негізгі тақырыбы – Отан, ел қорғау. Қазақтар Еуразияның қақ ортасында мал бағып, көшпелі өмір сүріп, әлемде теңдесі жоқ көшпелілер мәдениетін жасағандығы белгілі. Олардың тіршілігі тікелей жайылыммен байланысты болғандықтан мал бағып, көшіп-қонып жүретін жерлерінің қадір-қасиетін, табиғатын бес саусақтай біліп, күнделікті өмірде соған ыңғайланды. Әлемде жердің, табиғаттың қыр-сырын, қасиеттерін қазақтай білетін халық кем де кем шығар. Оған төмендегі жолдарды оқығанда, көзіңіз анық жетеді. ХV ғасырдағы дала данышпаны Асан қайғы желмаясымен қазақ жерін аралап жүріп, олардың өзіндік ерекшеліктері жайлы мынадай сыпаттамалар беріпті: «Ұзын Ертісті көргенде: – Мына шіркіннің баласы тойдым деп қарап отырмас, қарным ашты деп жылап отырмас, сиырдың мүйізі, кеуірдің құлағы шығып тұрған жер екен. Күнінде баласы кеуірден жылайды-ау! – депті. Шыңғыс тауын, Семей тауларын көргенде: – Мына шіркіннің топырағы құтырған екен. Оған шыққан шөп құтырады, оны жеп семірген мал құтырады, оның етін жеп, сүтін ішкен адам құтырады. Қан үзілмейтін, кісі өлтіру, ұрыс-төбелес көп болатұғын жер екен! – депті. Шідерті өзенін көрген кезде: – Мына шіркіннің топырағы асыл екен. Алты ай арықтатып мінген ат бір айда майға бітетін жер екен! Бос жылқы шідерлеп қойғандай тоқтайтұғын жылқының қонысы екен! – депті. Өлеңті өзенін көргенде, тоқтап ешнәрсе айтпай, өлеңдете берген екен. – Неге үндемейсіз? – дегенде, аз тұрып: – Мына шіркіннің шөбі көп, қоныс қылған елдің уайымы жоқ. Малы семіз, тайыншасы қысыр қалмайтұғын, ақ айраны ерте шығып, туған бала кеутамақ болып, тамақтан басқаны ойламайтұғын, тоқты-торым ұрлығы үзілмейтұғын, өтірік-өсегі көп болатұғын жер екен! Өлеңтінің – суы май, Шідертінің шөбі – май! – депті. Ереймен тауын көргенде: – Желдің жеті есігі бар екен. Қыс болса, жылқы тұрмас, жылқы тұрса ішінде құлын тұрмас. Ораздының жайлауы, шиырлының қыстауы екен. Екі жағындағы ел бай болар да, тап ортасында – мұны қоныс қылған ел кедей болар. Бітісі жаман екен. Бірімен бірі едірейісіп – төбелесетұғын кісідей едіреюін, панасы жоқ, дала сықылды тау екен! – депті. Есіл өзенін көргенде: – Жары менен суы, жарлысы мен байы тең болатұғын жер екен, — депті. Нұраның бойын көргенде: – Алты күнде ат семіртіп мінетұғын жер екен, — депті. Торғай өзенін: – Ағар суы бал татыған, ақ шабағы май татыған жер екен! – депті. Шу деген өзенді көргенде: – Мына шіркіннің екі жағы борбас екен, өне бойы нар қамыс екен, іші толған жолбарыс екен. Баланың іші қуырылмайтұғын, пышағы суырылмайтұғын, еркегі ат болатұғын, ұрғашысы жат болатұғын жер екен! – депті. Ұзын аққан Сыр бойын көргенде: – Басы байпақ, аяғы қайқақ: екі-ақ ауылға қоныс екен, өн бойы кедейлікке біткен жер екен. Қаратауды жайласа, Сырдың бойын қыстаса, қоныс болуға сонда дұрыс екен! – депті. Сулы Келес, Құры Келесті көргенде: – Мөңіреуін, сиыр болып мөңіреуін! Сиыр тұқымы үзілмейтұғын жер екен, – депті. Одан әрі Жиделібайсынға дейін барып, «Сарыарқаны орыс алады, күндердің күнінде молам орыстың атының аяғының астында қалады, орыс бармайтұғын жерге барамын» деп, қойға қошқар қоймай, жылқыға айғыр салмай, түйеге бура шөгермей, сиырды бұқасыз сақтап, малды үш жыл ту қылып алып, ауған екен». Қазақтың көзімен қарағанда, қазақтың жеріндей қасиетті жер жоқ. Асан қайғы мал баққан қазақ қай жердің қандай жағдайы барлығын біліп жүрсін деп, оның жақсы да, жаман жақтарын жасырмай айтса, одан кейінгі ақын-жыраулардың жырларынан туған топыраққа деген ыстық сезімді, сүйіспеншілікті көреміз. Қарға бойлы Қазтуған: «Жабағылы жас тайлақ Жардай атан болған жер. Жатып қалған бір тоқты Жайылып мың қой болған жер», – деп жырлайды. Қазақ үшін қазақтың даласынан артық жер жоқ. Қазақ үшін: «Айнала бұлақ, басы Тең, Азаулының Стамбулдан несі кем» (Доспамбет жырау); «Мың Париж, жүз Мәскеудің керегі жоқ, Басымда тұрар болса осы қалып. Даламның кеңшілдігін, бейқамдығын, Жаным іздеп, жүрегім сүйеді анық» (Мағжан). Мұндағы Доспамбет жыраудың Азаулы деп отырғаны – бүгінгі күндері Ресейге қарайтын шағын қала – Азовск. Қазақ әдебиетінде туған топырақтың қасиеті барынша көрініс тапқан. Солардың бірі Жүсіпбек Аймауытовтың «Қартқожа» романы туған жерге, халқына деген ыстық лебіздерге толы: «Туған жердің қадірін туғалы түзге шықпаған елдегі адам қайдан білсін?.. Ыстық қой, шіркін, туған жер! Туған жерге жеткенше, қайтіп дәтің шыдайды? Кім сағынбас өз қағын? Кім сүймесін өз жерін? Сүймесе сүймес, зердесіз, шерсіз жүрек, тілеуі бөлек жетесіз... Туғалы ұзап шықпаған, бауырмал әжесінің бауырында еркелеп өскен үлбіреген балапан жүректі Қартқожа қайтіп сүймесін?»; «Міне, Ертіс. Суы қара барқынданып, жауырынын күжірейтіп, көк ала сең арқалап езуінің көбігі бұрқырап, екпіні үй жыққандай долы Ертіс. Әне бір сеңдер иін тіресіп, үзеңгі қағысып келеді. Оның ар жағында андағайлаған жеке дара сеңдер тұмсығын жұлдырып, күрс-күрс сынып, басы зеңіп, үйдей шомбал кесек мұз майдандағы дәулескер батырдай, жолдағыларды кеудемен соғып, соңынан жол салады. Алыптың айбарына неғып шыдасын? Шошалаңдаған қағылез сеңдер тұмсығын сындырып, күрс-күрс сынып, басы зеңіп, шыр көбелек айналды. Алыстан бұршақ теңдеген нөсер келе жаткандай, әйтпесе қамыс кешіп жолбарыс жүргендей, сеңге қақалған Ертіс булығып, кеудесі сар-сар етеді». Бұл жолдарды Лермонтов жырлап, Абай қазақшалаған «Теректің сыйымен» ғана салыстыруға болар. Он тоғызыншы ғасырдың ортасында Аягөз маңында өмір сүрген Дулат Бабатайұлы: «Ақжайлау мен Сандықтас Атамның қонған қонысы. Түн аса тұтам түгі өскен Басылмайтын сонысы. Аққан бұлақ сай-салаң Шытырман тоғай айналаң. Жоның жайлау, кең алаң, Атам қонған кең далам. Мендей сені қызғанар Бауырыңда өскен қай балаң? Көл қорыған қызғыштай Сен десе, салам байбалам. Жайлауыңды көргенде, Жадыраймын, жайланам. Өксігіңді ойласам, Ұйқы беріп, қайғы алам. Қилы-қилы заманды Заманға сай адамды Салғастырып қарасам, Су мүйіз болған танадай, Шыр көбелек айналам. Кешегі бір заманда Қайран қазақ қайтейін, Мынау азған заманда... Ебі кеткен ел болды, Енді қайда мен барам?» – деп, аһ ұрған екен. Дулаттың аһ ұрып отырғаны бұл кез қазақтың осындай кең жазира тамаша жерлерінің біртіндеп орыстардың қол астына өте бастауы еді. Қазақ жерінің тарыла бастауы жергілікті халықтың тіршілік ету жағдайын нашарлата түсті. Халық амал жоқ, жер үшін көтеріліске шығуға мәжбүр болды. Ақын-жыраулар халқымен бірге болып, қазақтың бұрынғы күйін, жерін жоқтаған тұтас бір әдеби ағым пайда болды. «Зар заман» әдебиеті атанған бұл бағыттың ірі өкілдері Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы бастаған ақын-жыраулар өз жырларында қазақ жерлерін жоқтап, жерсіз елінің ертеңіне алаңдаушылық білдірді. Орыс отаршылдарына, оларға көмектесіп отырған қазақ жеріндегі жергілікті билеушілеріне қарсы бағытталған Исатай-Махамбет көтерілісінің басшыларының бірі күрескер ақын Махамбет Өтемісов: «Еділ үшін егестік, Тептер үшін тебістік. Жайық үшін жандастық, Қиғаш үшін қырылдық», – деп тебіренген. Біздің жыл санауымыздан 200 жыл бұрын жасаған ғұндардың ханы Мөде қытайлар екі елдің арасында бос жатқан жерді сұрап келгенде, айтқан мына бір сөздері бізге аңыз боп жеткен: «Жер – елдің асыраушысы. Асыраушысынан айрылған өледі. Жерді беру – бүгінгі тоқтығына тасыған, бірақ ертеңгі күні қарны қайта ашарын ойламаған тоғышардың ісі. Жерді берем деу – елді асыраушысынан айыру деген сөз. Ондайлар – елдің жауы. Жер – ұрпаққа қалдырар жалғыз мұраң. Жерді беру – ұрпағыңды сол мұрадан айырып, ертең біреуге тәуелді ету, құлдыққа беру. Жерден айрылу – елдігіңнен, ерлігіңнен, еркіңнен айрылу. Жерді берейік деу – ұрпақтың жауы. Жауға аяушылық жоқ. Өлім! Қасиетті Жер-ананы ел дұшпанына берейік дегендердің бәрінің басы алынсын! Қасиетті Жер-ана үшін өлім – ақ өлім. Жер берілмейді, дунхумен соғысамыз!» Хан шешімі елшілерге жарияланды. Солардың көз алдында жерді берейік дегенді алдымен айтқан ақсүйектердің бәрінің басы алынды. Олардың ішінде Мөде ханның өзінің ет-бауыр жақындары да кетті» (Қ.Салғарин. «Алтын тамыр». Алматы, 1986; 82-84 беттер). Түркі халықтарының алғашқы жазба ескерткіштерінің бірі саналатын Орхон-Енисей жазбаларында Күлтегіннің «Жеріңді жат баспағай», «Түркінің қасиетті жер-суының қарғысына қалма!» деген сөздері тасқа қашалып, жазылған. Өткен мыңжылдықтағы әлемнің ең атақты адамы аталған Шыңғыс хан ұрпақтарына «Мен сендер үшін ұланғайыр жерді, ұлағатты төрді (мемлекетті) құрдым. Ұлысымның (мемлекетімнің) түп кіндігінен төрт бағытқа аттанғанда, арғы шегіне жыл жүріп, жететін жер. Егер сендер мұны қалтқысыз қорғап, қалай да бөліп, бөлшектемеуге талпынып, күш біріктіріп, жауыңа қарсы тұрып, шын ниеттеріңмен адамзаттың бақ-несібесін арттыруға ұмтылғанда ғана ел ырысына мәңгі ие боласыңдар. ... біздің ата-бабамыздың дамып маздаған, өркендеп өскен мекені болғандықтан мәңгі бақи қорғап, нығайтыңдар. Қалай да жат баласы қоныстанбасын (жуытпаңдар)», – деп өсиет қалдырған екен. Бұл жерде «Шыңғыс ханның бізге қажеті қанша, ол моңғол ғой» деушілер де табылып қалуы мүмкін. Десек те соңғы зерттеулер ұлы қағанның түркілерге, оның ішінде қазаққа да жат еместігін дәлелдеп келеді. Сондай бір деректе нағашы жұрты, қайын жұрты қоңырат Шыңғыс ханның ДНК-сы басқаларға қарағанда, қазаққа 60 пайыздай, ал моңғолдарға 40 пайыздай жақындығы келтірілген. Қазақ деген халықтың ХV ғасырда жеке хандық құрып, тарихтың сахнасына шығып, ұлт ретінде қалыптасуына тікелей Шыңғыс ханның ұрпақтары себеп болғандығын, оның тәуелсіздігі үшін күресе білгендігін және де қазақтың құрамында сол ханнан тараған төре руының да бар екендігін ескеретін болсақ, бұл пікірдің де біз үшін маңызы зор. ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті негізінен ұлт-азаттық бағытта болды. Қазақ ақын-жазушылары жерінен айрылған елдің аянышты жай-күйін шығармаларына арқау етіп, халықтың отаншылдық сезімін оята түсуге қызмет етті. Ұлтының сөзін сөйлеп, мұңын мұңдағаны үшін де алашшыл, азатшыл қаламгерлер түгелге жуық қуғынға ұшырап, жазықсыз жазаланды. Жоңғарларға қарсы қазақтардың күресі жырланатын Мағжанның «Батыр Баян» поэмасы мынадай көп мағыналы өлең жолдарымен аякталған: «Ерлерді ұмытса да ел, сел ұмытпас, Ерлерді ұмытса да ел, жел ұмытпас. Ел үшін жаннан кешіп, жауды қуған, Ерлерді ұмытса да ел, шөл ұмытпас. Ел үшін төккен ерлер қанын жұтқан, Ерлерді ұмытса да ел, жер ұмытпас. Арқаның селі, желі, шөлі, белі Ерлерді ұмытпаса, ел де ұмытпас!» Судыратып, көз жүгіртіп оқығанда, бұл жолдардың мағынасы бұлдырап, онша байқала бермейді. Байыппен оқысаң, өзекті ойлардың өңіріне ала жөнеледі. Мұнда, ең алдымен байқалатын нәрсе адам өмірі мен жер біртұтас; жер де өз бетінде өмір сүріп, оған иелік жасап, оны мәпелеген, күткен адамдарды, жат-жұрттықтардан қорғаған ерлерді ұмытпайды; олардың есімдерін, ерліктерін өшірмей, кейінгі ұрпақтарға жеткізіп отырады деген ой айтылып отыр. Сонымен бірге өткен тарихты білу, оны құрметтеу мәселесі көтеріледі. Әрбір халықтың тарих көшінде жүріп өткен жолдары бар. Тарихтың тар жол, тайғақ кешулі жолдарынан аман-есен өтіп, бүгінгі күнге жету оңай болған жоқ. Небір қиын-қыстау күндерде, ел басын қара тұман тұмшалаған шақтарда ел-жұрты үшін отқа да күйіп, суға да түскен, сол жолда өздерін құрбан да еткен ер-азаматтар қаншама?! Жер беті – тарихи ескерткіш; жер бетінде кешегі «елім», «жерім» деп өткен ерлердің іздері сайрап жатыр. Оларды жерін, елін сүйгендер, өмірін соған арнағандар ғана көре алады; өзіне үлгі тұтады. Жер бетінде ескерткіш болып қалған ұлттың рухани ескерткіштерін ұмыту – өзіңді ұмыту, ұлтыңды ұмыту, болашағыңды ұмыту. Осы бір әрбір ұлттың ұлттық болмысын, сапасын анықтайтын қасиеттерге Мағжан оқырман назарын аударған. Бұл оқырманды өз ұлтының өткен жолдарын білуге, оны құрметтеуге шақыру-тұғын. Қазақ даласының желінен бастап, жеріне дейін елі үшін алысқандардың ізі сайрап жатыр, сондықтан да олар ұмытпайды дегенді айтып отыр. Қазақтың даласы – қазақтың тарихы. Ол – бір кезде қазақтың арыстары «елім, жерім» деп, күн, түн қатып, жолбарыстай жортқан сар даласы. Сол далада өмір сүріп жатқан бүгінгі ұрпақ кешегі ата-бабалардың халқының болашағы үшін жасап кеткен ізгі істерін біліп, одан ары жалғастыруы керек. Сонда ғана ол халық толыққанды өмір сүріп, ертеңгі күнге нық сеніммен аяқ баса алады... Ұлтының ертеңін ойлап, жарқын болашақ үшін еңбек етіп, бақытты ғұмыр кешеді. «Батыр Баянда» көтерілген тағы да бір маңызды мәселе – жер-су атауларына байланысты. Көшпелі ғұмыр кешкен қазақ халқының ғасырлар көшіндегі ізі қасиетті даламыздың төсінде сайрап жатыр. Түсіне білген адамға қазақтың даласы ата-бабаларымыздың сахараға жазып кеткен шежіресіндей. Тілін тапсаң, жер-су атауларынан бастап, әрбір тасына дейін еліміздің өткені жайлы шежіре-сыр шертеді. Ат үстінде, түйе қомында жүріп, кең сахарада сайран салып, еркін өмір сүрген ата-бабаларымыз өздерінің не істеп, не қойғандары, арман-өсиеттері, өмірден түйгендері жайлы ойларын кейінгі ұрпақтарға аманат етіп, даламыздың бетіне үлгергенінше айқыш-ұйқыш шимайлап жазып-сызып кете берген сияқты. Сондықтан да қазақтың даласы – түсіне білген адамға тұнып тұрған тарих. Оны оқып, үйреніп, ата-баба істерін әрі қарай жалғастыру – кейінгі ұрпақтардың қасиетті парызы. Тарихын біліп, содан өнеге, рухани қуат алған халық – күшті халық. Сол себепті де отаршылдар ең алдымен, бодан елді тарихи жадынан айыруға тырысады. Патша өкіметі кезінде басталып, кеңес өкіметі тұсында жаңа қарқынмен өріс алған жер-су атауларын жаппай өзгертуден халқымыз күні бүгінге дейін рухани зардап шегуде. Қазақстанның кейбір қалалары мен көптеген жер-су, елді мекен атаулары қазіргі кезде де ұлтымызға жат есімдерімен аталып келеді. Жан-жағымызға қарасақ, әлемдік тәжірибеде халықтар тұрып жатқан жерінің атауларын өзгертпейді. Өйткені жер атаулары тарихтың көзге көрінетін сыртқы бедерлері де, үңіле түскен, білгісі келгенге сол халықтың тұнып жатқан тарихы. Қазір тіпті барынша дамыған деген Америка, Қытай сияқты мемлекеттердің өзі де жер атауларына тиіспейді; оларды тарихи ескерткіш ретінде сақтайды. Сырт көзге жай әншейін көрінгенімен де, халықтың сана-сезіміне байқатпай әсер етіп, ұлттық тура жолдан тайдыратын осы бір қатерлі мәселеге Мағжан да кезінде назар аударыпты. «Арқаның селі, желі, шөлі, белі // Ерлерді ұмытпаса, ел де ұмытпас», – деп, яғни сол топырақтан жаралып, туылған, сол жерді жат жұрттықтардан қорғаймын деп, қаны төгілген ерлерді солардың қанымен суғарылған жері де ұмытпайды деп, жырлайды. Мағжан сол кездегі саясатқа байланысты білім беру жүйесінің еуропоцентризмге орай жүргізілуінің жергілікті ұлттарды мәңгүрттікке апарып соқтыратынын білгені сөзсіз. Сондықтан да тасына дейін шежіре болып сайрап тұрған қазақ даласына ойлы көзбен қарауға шақырады. Бұл да – бір есте жүрер Мағжан тағлымы. Қазақтың ұлы жазушысы М.Әуезов «Біздің қазақ – жер аты, тау атын әманда сол ортаның сыр-сипатына қарай қоя білген жұрт. Қайда, қандай бір өлкеге барсаң да жер, су, жапан дүзде кездескен кішкене бұлақ атының өзінде қаншама мән-мағына, шешілмеген құпия сыр жатады», – дейді. «Кез келген жер-су атаулары – халықтың ерте заманнан бастап, мыңдаған жылдар аралығындағы ұжымдық шығармашылығының жемісі. Этнологиялық кеңістікте қалыптасқан халықтық атаулар ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, оның ұлттық дүниетанымының, рухани болмысының, құндылықтар жүйесінің ажырамас құрамдас бөлігі, тарихи жәдігері, мәдени мұрасы болып табылады. ... халқымыздың жер-су атаулар жүйесі ұлттық бірегейліктің, сол атаулар өрнектеген төл этникалық-аумақтық бірегейліктің бірден-бір көрсеткіші болып табылады». (Жер-су атауларының анықтамалығы. А., 2009, 3-бет). Шындығында да қазақтың даласы қазіргі жеке басын, қалтасын ғана ойлайтын кейбіреулердің ұғымындағы игерілмей, бос жатқан жай ғана жер емес. Қазақтың даласы – қазақ үшін қазақтың қанымен, сол қанмен бірге ата-бабалар рухымен суғарылған қасиетті жер. Қазақтың бойындағы бар қасиет бізге осы жерден дарыған. Қазақ пен қазақтың қара жері – біртұтас. Бұл тұтастық жойылса, қазақ та жойылады. Сонымен, қазақ үшін өмірінің мәні де, сәні болған дархан даласының тағдыры күні бүгінге дейін даулы болып, түпкілікті шешілмей келеді. Белгілі ақын Серік Тұрғынбекұлы «Жер жылап жатыр» деп күңіреніп, оның тағдырын былайша жырға қосыпты: « – Бар байлығым бұйырып бөтенге – деп, Жер жылайды: – Сатылып кетем бе?! – деп. Ер жылайды: – Қол жинап, Бас көтерсем, Баяғыдай атылып кетем бе ?! – деп. Ақталмады... Ақыры ақталмады! (Қайран қазақ жанбаған тақтан бағы) Бабалардың баяғы төккен тері, Аталардың баяғы аққан қаны. Шекпеніне қарамай, қалпағына, Көнбеуші еді ешкімнің талтаңына. Ханға сәлем бермейтін Қайран қазақ Қалай көніп тұр қалталыға. Орнағандай бір сұмдық басқа келіп, Кірпігімді кілкіген жасқа көміп... Талай ғасыр қорғаған Қара жерді – Қалай сатып алмақшы ақша беріп?! Осылайша Орнаса уайым басқа, Ақын жігіт бел буды тайынбасқа! Салыстырып қарашы, Ақша мен жер... Қалай ғана түседі айырбасқа?!.. Рас болса, түбінде Шындық бары, Шырылдамай, Шыдай тұр, мұңлықтарым! Атамекен – туған жер Сатылмайды – Тамған жері қазақтың кіндік қаны... Қайран Елім! Ерлікпен таныларсың. Тұрар көкте Рухың жанып әр күн... Мәңгілікке Тамырын терең тартып. Қара жерде – қазақтың тәні қалсын! ...Жер жылап жатыр» («Дат», 07.07.2016). Иә, қазақ жерінің бағы ашылмай жатыр. Жер тағдырына ел – елеңдеулі. Жер халықтың ортақ байлығы, ол жекешеленбеуі, сатылмауы керек деген аксиома ой бұрындары да, қазір де айтылудайын айтылып жатыр. Бірақ та түрлі жағдайлардың ықпалымен билік осы бір ұлт үшін аса маңызды мәселені түпкілікті шешуге дәрменсіздік танытып келеді. Билік ұлтқа, халыққа қызмет етуі тиіс. Сол ұлт көшбасшыларының ішінен Ә. Бөкейханов пен А. Байтұрсыновтың осы мәселеге қатысты осыдан бір ғасыр бұрын айтып кеткен ұлағатты ойларын тағы да еске сала кетуді жөн көрдік. Әлихан Бөкейханов: «Біздің қазақ жерді меншікті қылып алса – башқұртша көрші мұжыққа сатып, біраз жылда сыпырылып жалаңаш шыға келеді»; «Жер дауы – бес миллион қазақтың дауы; «Жер десе, дірілдемей болмайды: жер мәселесі – негізгі өмір мәселесінің ең зоры». Ахмет Байтұрсынов: «Жер мәселесі – қазақтың тірі я өлі болуының мәселесі». «Қазақ жері қазақтан кетпес еді – қазақ жері қазақтан кетпесіне іс қылсақ»; «Жерді жалдаудан тартынбағандар – сатудан да тартынбайды»; «Қазақтың әлі күнге жерден қол үзбей отырғаны – жер қазыналық болғандықтан: әйтпесе, бүгін тойғанына мәз болып, ертеңгісін ұмытқан қазақ бүгін жерін сатып тойып, ертең тентіреп кетер еді»; «Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай түзу істеңдер! Сендер адассаңдар, арттарыңнан алаш адасады: арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар». Сонымен, біз «Мәңгілік ел» боламыз десек, қазақша ойлап, қазақша сөйлеп, қазақтың дәстүрімен өмір сүретін қазақтың қанымен, жанымен, рухымен суғарылған жерге иелік етуі керек. Өйткені өз тілінсіз, өз жерінсіз ұлт жасай алмайды. Қазақты жерінен, тілінен айыру – ұлтқа жасалған қастандықпен бірдей; ұлттың болашағына балта шабу деген сөз. Сондықтан жер мәселесін дұрыс шешу – бүгінгі таңда тарихтың қазақ қауымының алдына қойып отырған бір мүмкіндігі. Бұл мәселе қазір шешілмесе, ертең кеш болып қалады. Мұнымызды кейінгі ұрпақ, тарих кешпейтін болады.  

Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ,

С.Демирел атындағы университет ректорының