Жемқорлық: еліміздің екі министрлігінде қылмыстық іс тергелуде

Жемқорлық: еліміздің екі министрлігінде қылмыстық іс тергелуде

Жемқорлық: еліміздің екі министрлігінде қылмыстық іс тергелуде
ашық дереккөзі
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі және Білім мен ғылым министрліктерінде 2 қылмыстық іс тергеліп жатқанын мәлімдеді. ҚазАқпараттың жазуынша, бүгін агенттікте бірінші жартыжылдықты қорытындылауға арналған алқа отырысы өтті. Онда агенттік төрағасы «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыруға қатысты пікір білдірді. «Пандемия барлық мемлекеттерді қалыптасқан бизнес-үдерістерді қайта пішімдеу арқылы нақты мәселелерді шешуге ғана емес, өзгерістерді тиімді басқаруға шындап ойлануға мәжбүр етті. Қазіргі таңда мемлекеттік басқаруды жеделдетіп цифрландыру тақырыбы өзекті болып тұр. Коронавируспен күресудің үздік тәжірибелерін талдау Оңтүстік Корея мен Сингапур сияқты дамыған және нақты жұмыс істейтін мемлекеттік электрондық сервистері бар елдер пандемияны тез арада тоқтата алатындығын көрсетті» – деп атап өтті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы. Оның айтуынша, бюджет қаражатын жымқыруға жол бермей, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға барынша ден қою қажет. «Осы тұрғыда қазіргі уақытта цифрлық даму мен білім және ғылым министрліктерінің жоғары лауазымды тұлғаларына қатысты цифрландыру бойынша 2 қылмыстық істі тергеп жатқанымызды мәлімдегім келеді» – деп атап өтті Алик Шпекбаев.