860 мың адам тұрақты жұмысқа зәру

860 мың адам тұрақты жұмысқа зәру

860 мың адам тұрақты жұмысқа зәру
ашық дереккөзі
Елімізде дағдарыстың салдарынан жұмыссыздық та белең алуда. Бүгінде тұрақты жұмыс пен табыс көзіне зәру адамдар саны шамамен 860 мың адамға жеткен. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрi Бiржан Нұрымбетов мәлiм етті. Вице-министр келтірген мәліметке қарағанда, ресми статистика бойынша елімізде экономикалық белсенді халық саны 8 млн. 907 мың адамды құрайды. Ал жұмыссыздық деңгейі осы халықтың шамамен 5 пайызына тең. Соның ішінде жастар арасындағы жұмыссыздық – 4,3 пайызды, әйелдер арасындағы жұмыссыздық – 5,6 пайызға тең. «Абсолютті мәнде ресми статистика бойынша бізде 444 мың жұмыссыз және 419 мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтудың өнімді емес санатына жатады. Яғни, Қазақстанда 2 млн. 228 адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар болса, соның ішінде өнімді емес санаттағылар да бар. Қарапайым түсінікті тілмен айтсақ, бұлар: «өзін-өзі жұмыспен қамтыған, алайда табысы күнкөріс деңгейінен де төмен немесе олардың қызметі мен табысы ешқайда тіркелмегендер» болып отыр», – дейді вице-министр. Оның пайымынша, дәл осы санаттағыларға мейлінше назар аударып, осы бағыттағы жұмысты күшейту өзекті болып табылады. «Яғни, шамамен 860 мың адам қазір бізде тұрақты табыс көзі мен тұрақты жұмысқа зәру деген сөз. Біз барлық тетіктерді, құралдарды қоса отырып, жұмыспен қамтудың кешенді жоспары арқылы 417 мың адамды шараларға тартатын боламыз. 1 шілдедегі жағдай бойынша, осындай шаралармен 225 адам қамтылды, бұл біз жоспарлаған адамның 54 пайызы», – деді. Жалпы, жыл басынан берi «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасының инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту арқылы жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету бағыты бойынша 643 жоба жүзеге асырылып, 9 мың 579 жұмыс орны ашылған. Ал екінші – кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру және тірек ауылдарын дамыту бағыты бойынша шағын несиеге 30,8 млрд. теңге бөлініп, 2 мың 871 адам несие алды. Бағдарламаның оқыту, қайта оқыту, көші-қон, жұмысқа орналасуға көмектесуді қарастыратын бағыты аясында 4 мың 191 адам кәсіби оқумен қамтылып, 11 мың 647 адам әлеуметтік жұмыс орындарына орналасты. Жастар практикасына 8 мың 558 адам тартылды.