«Nur Otan» партиясы дәрілердің қолжетімділігін басты назарға алды

Дәрі-дәрмек бағасының тұрақтылығы, дәрілік заттар бағасының бекітілген шекті бағадан жоғары болмауын мемлекет қадағалауға алды. Осы ретте Түркістан қаласындағы дәріханаларға мониторинг жүргізілді.

Тұрғындар тарапынан түскен шағымдарға сәйкес, дәрілердің шектік бағасы, қолжетімділігі басты назарға алынды. Мониторингтік топ құрамында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары П.Тұрсынбаев, Түркістан облысының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті фармацевтикалық инспекторат бөлімінің басшысы Б.Байғазиев, «Түркістан-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджері Г.Қарсыбай және өзге де азаматтар болды. Аталған топ облыс орталығындағы 10-ға жуық дәріхананы аралады.

Мониторинг барысында дәрілік заттарды шектік бағадан тыс саудалағандар анықталды. Сонымен қатар аса қажетті кейбір дәрілердің тапшылығы да байқалды. Кей дәріханаларда дәрілердің шектік бағасы жазылған арнайы тізім ілінбеген. Тіркелген кемшіліктер бойынша дәріхана қожайындарына ескерту берілді.

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы мен аудандық филиалдары алдағы уақытта облыс көлемінде апта бойы мониторингтік жұмысты жалғастырады. Себебі карантин кезінде аталған мәселе бойынша тұрғындар тарапынан арыз-шағымдар жиі түсіп жатыр.

Back to top button