Жаңалықтар

Қатаң жаза қандай болмақ?

ашық дереккөзі

Қатаң жаза қандай болмақ?

Елді дүрліктірген Ақтөбедегі лаңкестік оқиғадан бірнеше бейбіт тұрғындар көз жұмды, елдің тыныштығы бұзылды. Діннің атын жамылып, тал түсте баланы жетім, ананы жесір етіп, әкені ұлынан айырған лаңкестерді өлім жазасына қию мәселесі қайта қарастырылуда. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбедегі лаңкестік оқиғаға қатысты мәлімдемесінде ең қатаң жаза қолданылады деген еді. «Террористердің көпшілігінің көздері жойылды, бірқатары қолға түсті, қалғандарын тиісті органдар іздеп тауып, олар заңның ең қатал талаптарымен жазаға тартылатын болады», – деді. Олай болса, ең қатал жаза – өлім жазасы емес пе? Ол туралы Қазақстан Республикасының Конституциясында анық бекітілген. Конституцияның 15-бабына үңілсек, дәл осы жағдайға байланысты былай делінген: «Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ. Өлім жазасы адамдардың қаза болуымен байланысты террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін ең ауыр жаза ретінде заңмен белгіленеді, ондай жазаға кесілген адамның кешірім жасау туралы өтініш ету хақы бар» деп жазылған. Елбасы мәлімдемесінде: «Біріншіден, біз кез келген сипаттағы экстремизм мен терроризмге қарсы заңдарды қайта қарап, бұл құбылысқа қатаң тойтарыс беру жайын ойластыруымыз керек. Қолына қару алып, кісі өлтірген адам өлім жазасына кесілуі қажет. Екіншіден, елдігімізге сына қағатын зұлымдықтардың ымырасыз жолын кесуіміз қажет», – деп мәлімдеді. Жалпы, елімізде өлім жазасына қатысты даулы пікір қалыптасқан. Десе де, 2003 жылдың 17 желтоқсанында мемлекет басшысы республикада өлім жазасына мораторий жариялаған болатын. Яғни, қылмыскерлерге өлім жазасын кесуге тыйым салмайды. Керісінше, оның орындалуына шектеу қойылатынын білдіреді. Әсілі өлім жазасын қысқарту 1994 жылдан бері біртіндеп жүргізілді де, аса ауыр саналмайтын қылмыстарға өлім жазасын белгілеу алынып тасталды. Уақытша жарияланған мораторийдің қашан алынатыны туралы айтылған жоқ. Сондай-ақ бірқатар Мәжіліс депутаттары өлім жазасын біржола алып тастауды ұсынған болатын. Осы орайда Бас прокурордың орынбасары Иоган Меркель өз ойын білдірген еді. Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясын талқылау барысында Меркель мырза өлім жазасын біржола алып тастауға жол бермейміз деген. «Бұл мәселеде жәбірленушілердің құқын ескермей қалатынымыз бар. Олар да адам баласы емес пе?! Ешқашан да бұлай жасауға болмайды. Мораторий жарияланғаннан кейін 5 өлім жазасы тағайындалды. Бұл нені білдіреді? Сот төрағалары жазалаудың бұл түріне айрықша көңіл бөледі, жан түршігерлік қылмыстар орын алса да өлім жазасын бере бермейді. Сондықтан өлім жазасын біржола алып тастауға, осы заңды құрастырушылар ретінде ешқашан да жол бермейміз», – деді. 2004 жылдың 1 қаңтарынан бастап өлім жазасын өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы алмастырды. Қазіргі таңда өмір бойына бас бостандығынан айрылған 100-ден астам қылмыскер Жітіқара қаласындағы түрмеде жазаларын өтеуде. Бұл еліміздегі бас бостандығынан мәңгі айрылғандарға арналған жалғыз колония. Айта кетерлігі, 2004 жылдан бастап мораторий жарияланбаса, 100-ге жуық адам өмірімен қош айтысар еді. 2004 жылға дейін өлім жазасына қиылғандардың саны (Vlast.kz сайтынан алынды) 1997 жылы – 61 адам, 1998 жылы – 63, ал 2000 жылы – 40, 2001 жылы – 39 адам. 266 адамға қатысты ату жазасы тағайындалса, олардың ішінде 150 адам атылып, 27 адамға рақымшылық жарияланған. Ал бүгінгі таңда мораторий алынбайынша, рақымшылық та қарастырылмайды.

«Жәбірленушілерді ескермей жатамыз»

Сенат депутаты Серік Ақылбай лаңкестерге қатаң жаза тағайындау керек деп санайды. «Қылмыстық кодекстегі жаза тағайындау мәселесін мейлінше қатаңдату керек. Меніңше, терроризм мен қасақана адам өлтіруге өлім жазасын кесу керек. Бұл қатыгездік емес. Керісінше, жәбірленушілер тарапынан қарасақ, ізгілікті іс. Біз ылғи да жәбірленушінің еркін қолдауымыз керек. Бірақ біз сотталушы мен қылмыскердің құқын қорғаймыз да, екінші тарапты ескермей жатамыз», – деді жуырда сенатор. Расында, елімізде қандай да бір қылмыста сотталушының жазасын неғұрлым жеңілдету мәселесі қарастырылады. Тіпті қасақана немесе байқамай кісі өлтіргендердің де заң алдында ақталып шығатыны үйреншікті нәрсеге айналды. Қылмыс жасаған айыпкердің жазасы қалың көпшілікке сабақ болуы тиіс. Қоғамды тәрбиелеудің, ірілі-ұсақты қылмысты азайтудың бірден-бір жолы – жазаны мейлінше қатайту деп санайды көптеген адам. Жасыратыны жоқ, базбір шенеуніктер мен қалталылардың балалары, тіпті өздері де көлікпен кісі қағып өлтіру, жол апатын жасау, сондай-ақ жаяу жүргіншіні қағуды онша қылмыс деп санамайды. Кезінде сот төрағасы болып қызмет атқарған сенатор екі рет өлім жазасын тағайындаған. Бірі – қатаң жағдайдағы қасақана кісі өлтіру, екіншісі – екі немесе одан да көп адам өлтіру. «Сонда сотталушылар жазаны қатаңдатып, бірақ өмірін сақтап қалуды сұрайтын», – дейді сенатор. Қылмыстық кодекстегі бап бойынша өлім жазасы – ескерту шарасы. Мен бірнеше жыл сот төрағасы болдым, өлім жазасын тағайындаудың не екенін білемін. Қылмыскерлер, баукеспелер, рецидивистер өлім жазасынан ғана қорқады. Басқадан тартынбайды. Бұл адамдар басқалардың зәресін алады, ал өздері өлімнен қорқады. Сондықтан террорлық актіге қатысты өлім жазасын тағайындауды қажет деп есептеймін, – деді Серік Ақылбай мырза. Жалпы, жазаның ауырын тағайындау мәселесін сот төрағалары түрлі қарастырады. Жуырда Ақтөбедегі лаңкестерге қатысты мораторийді алып, жазаның ауырын қолдануды Астана қалалық сотының сот төрайымы Сайран Әлімбаева да қолдады. Расында, соңғы кездері бұл мәселе қызу талқылануда. Елімізде өлім жазасын орындау туралы мораторийді алып тастау мәселесін кейбір депутаттар талқыға салуды қолдап отыр. Сондықтан сот төрайымы ретіндегі өз ойымды айтар болсам, кейбір ауыр істер бойынша, әсіресе терроризмге қатысты өлім жазасын енгізу қажет. Әлбетте, ақырғы шешімді заң шығарушы орган қабылдайды, – деді сот төрайымы.

«Жеті жарғы» не дейді?

Дала заңдарына сүйенсек, жазаның ауыры да, жеңілі де жоқ. «Жеті жарғы» заңында мынадай қылмыстарға өлім жазасы беріледі. Атап айтсақ, көтеріліс жасап, бүлік шығарған адам, елге опасыздық жасаған, ат ұрлаған, қасақана адам өлтірген, қыз зорлаған, біреудің әйелін алып қашқан және Құдайға тіл тигізген, сондай-ақ ерінің көзіне шөп салған әйелге өлім жазасы тағайындалған. Әсілі, қазіргі қоғамда жоғарыда аталған қылмыстардың көпшілігіне өлім жазасы берілмейді. Кейбірі тіпті әкімшілік жаза дәрежесінде қаралып, айыппұлмен жабылатын қылмыс. Ал қасақана кісі өлтіру – қай заманда да жазаның ауырына лайықты. Шариғатта «өлім жазасын» кесуге тыйым салынбаған. Құран кәрімнің «Бақара» сүресінің 178 және 179-аяттарында «Әй, мүміндер! Сендерге қысас (есе қайтару) парыз етілді: азатқа азат, құлға құл, әйелге әйел (өлтіріледі). Дегенмен оған туыс жағынан кешірім берілсе, кек алушының орынсыз егеске қысас істемеуі, берушінің де дұрыс орындауы керек» делінген. Десе де шариғатты ұғынған адам қылмысқа бармайтыны анық. Бұл жерде басқа сұрақ туындайды. Жаратушының берген өмірін адамның алуына рұқсат па?! Дәл осы сұрақтың жауабына депутат Ғани Қасымов та бас қатырған көрінеді. «Мен Парламентте 11 жыл жұмыс істеп келемін, қылмыстық заңнаманы ізгілендіру мәселесімен айналыстым. Бұл жүйені егжей-тегжейлі білемін. Мораторий жасауға сарапшылар қатысты. Біз Еуропа сияқты құқықтық саясатқа бағытталған құрылым жасауды көздедік. «Адамға өмір сыйлаған Құдай, ендеше мемлекеттің оны тартып алуға хақысы жоқ» деген ұстанымға негіздедік. Бірақ көкейде мынадай сұрақ туындады «Егер мемлекеттің қылмыскерді атуға құқы болмаса, онда қылмыскердің бейкүнә тұрғындарды өлтіруге құқы бар ма? Адамның басқа біреудің өмірін қиюға қандай құқы бар?», – деді депутат. Соңғы кездері сот алдына бармай-ақ кешірім беріліп, тарқап кететін тараптардың оқиғасы қоғамға қандай сабақ? Бұл қылмысты қайта қайталауға немесе басқа қылмысқа баруға итермелейтін шара емес пе? Жазалаудың жеңілдетілуі елімізде түрлі санаттағы қылмыстардың көбеюіне бірден-бір себеп секілді. «Жыл сайын кісі өлтіру қылмысы тіркеледі. Жас та, кәрі де, бала-шаға да өлім құшады. Менің пайымдауымша, өлім жазасын алып тастауда асығыстық жасадық. Өлім жазасына террористерді ғана емес, басқа кісі өлтірушілерді де кесу қажет. Осылайша мұндай қылмысқа баратындар ойлана бастайды», – дейді Ғани Қасымов. XX ғасырдың екінші жартысында қоғамды ізгілендіру мақсатында өлім жазасын жоюға бағытталған халықаралық шаралар іске асырыла бастады. Әуелі Еуропа Кеңесінің Адам құқықтары мен бас бостандығын қорғау туралы конвенциясына қосымша ретінде 1983 жылы 28 сәуірде өлім жазасын жою туралы №6 хаттама қабылданды. Іле-шала БҰҰ Бас Ассамблеясы 1989 жылы 15 желтоқсанда Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге өлім жазасын жою туралы екінші қосымша хаттамаға қол қойды. Осылайша әлем елдері осынау хаттамаға қол қоя бастады. Бүгінде 102 мемлекет бұл бастаманы қолдап, өлім жазасынан мүлде бас тартты. Ал 58 мемлекет жазаның бұл түрін заң жүзінде қолданып келеді, 2014 жылы 22 мемлекетте өлім жазасы орындалды. Ал БҰҰ-на мүше 20 мемлекет, АҚШ пен Беларусьты қоспағанда, Азия мен Африкада өлім жазасын қолданады. Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымының 2015 жылғы қорытындысы бойынша, 2015 жылы әлем елдерінде өлім жазасына кесу үкімі соңғы 25 жылдағы рекордтық көрсеткішке жеткен. Сөйтіп аса ауыр жазаға 1634 адам кесілген екен. Осы үкімдердің 89 пайызы Иран, Пәкістан және Сауд Арабиясына тиесілі, ал Құрама Штаттарда өлім жазасының саны жылдан-жылға азайып келеді. Былтыр соңғы 25 жылдағы ең төменгі көрсеткіш тіркелген. Бейресми деректерге сүйенсек, өлім жазасы жиі тағайындалып, үкім бұлжытпай орындалатын ел – Қытай. Бірақ аспанасты елі мұндай мәліметті мемлекеттік құпияға жатқызады. Қытайда өлім жазасына кесетін қылмыстардың танымал түрі – сыбайлас жемқорлық. Ғаламторда жемқор шенеуніктердің атылу рәсімі түсірілген видеороликтер жетіп артылады. Ал бізде бұл қылмыстарға жеңіл жаза кесіліп, бірнеше жылға түрмеге жабылады. P.S. «Халқымыздың қауіпсіздігі мен тұтастығы үшін бәріне дайын екенімізді көрсететін кез келді» делінді Елбасы мәлімдемесінде. Еліміздің бейбітшілігін сақтап, лаңкестік жағдайдың алдын алу үшін террористерге жазаның ауырын қолдану қажет.

Ақниет ОСПАНБАЙ