Жаңалықтар

Елорда мектептерінде «кезекші сыныптардың» жұмысы қалай жүргізілетіні белгілі болды

ашық дереккөзі

Елорда мектептерінде «кезекші сыныптардың» жұмысы қалай жүргізілетіні белгілі болды

Жаңа оқу жылында Нұр-Сұлтан мектептеріндегі «кезекші сыныптардың» жұмысы қалай жүргізіледі? Бұл сауалға қала әкімдігінің Фейсбуктегі парақшасында өткен баспасөз мәслихатында Білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова жауап берді.  «1 қыркүйекте жаңа оқу жылы елордалық мектеп (1-11 сыныптар) пен колледждің бәрінде сабақ қашықтан оқыту форматында басталады. Бұл ретте қатаң санитарлық шараларды сақтай отырып, бастауыш сыныптың оқушылары үшін «кезекші сыныптардың» жұмысы жоспарлануда. Оның қалай жұмыс істейтінін түсіндіре кетейін: Бастауыш сынып оқушыларының ата-аналарының өтініші негізінде санитарлық талаптарды сақтай отырып, «кезекші сыныптар» ашылады. Оқу бірнеше ауысыммен жүзеге асады. Сыныптар кіші топтарға бөлінеді. Ол топтарда оқушы саны 10-15-тен аспайды. Сабақтар бір кабинетте өткізіліп, үзіліс әр түрлі уақытта болады. Сонымен қатар, сабақтардың бір бөлігі қашықтықтан жүргізіледі», - деді  Шолпан Қадырова. Басқарма басшысының сөзінше, санитарлық талаптардың сақталуы қатаң қадағаланады. Барлық «кезекші сыныптарға» санитайзерлерді орнату, оқушылардың дене қызуын өлшеу, маска тағу,  сыныптарды желдету, кварцтау және жуу кестесінің уақтылы орындалуы міндетті. Еске сала кетейік, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қазақстандық оқушылар 1 қыркүйектен бастап бірінші тоқсанды қашықтан оқитынын мәлімдеген. Министрдің сөзінше, алдағы оқу жылында оқушыларға мектеп формасын кию міндеттелмейді.