Каспий айдынындағы «Жібек жолы»

Каспий теңізі Қазақстанның мақтан тұтар тарихи су қоймасы ғана емес, сонымен қатар, ежелден шығыс пен батысты, солтүстік пен оңтүстікті тиімді түрде байланыстырып келген маңызды су айдыны. Есте жоқ ескі замандарда-ақ бұл теңізде халықаралық сауда кемелері тынбай жүзіп, Атыраудың шалқар айдынында ақ желкенін жел кернеген кемелер көпшіліктің көзін сүйсіндірген.

Таяуда «Қазақстан теміржолы» ҰҚ» АҚ тапсырмасымен жасалған «Жібек жолы» құрғақ жүк ке­ме­сі Ресейдің Шлиссельбург қала­сында теңізге түсірілді. Кеменің сыйым­ды­лығы – 7500 тонна. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсыруымен көлік-логистика әлеуе­тін арттыру, тасымал жолдарын кеңейту мақсатында жасалған құр­ғақ жүк кемесі Каспий айдынына бағытталады.

Қазақстандық кемені теңізге тү­сі­ру рәсіміне «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин, Ресей Федерациясы көлік ми­нис­трінің орынбасары Виктор Олерский, Ленинград облысы үкіметі төрағасының бірінші орынбасары – қаржы комитетінің төрағасы Роман Маркин қатысты. Аталған шарада сөз алған Мамин мырза:

Бұл жоба – «Нұрлы Жол» бағдар­ла­масындағы жобаларды жүзеге асы­ру, Қазақстан Республикасының құр­ғақ жүк флотын дамыту, еліміздің тран­зит­тік көліктік әлеуетін жетілдіру мақ­сат­тарының жүзеге асуы. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назар­баев жаңа кеменің атын «Жібек жолы» деп атауы да тегін емес. Өйткені Қазақстан мен «ҚТЖ» ҰК» АҚ-тың даму стратегиясына орай, Каспий инфрақұрылымын жетілдіру мен теңіз флотын құру арқылы мультимодальдық тасымалдауды жиілетуге баса назар аударылып отыр, – деді. «Жібек жолы» кемесінің ұзындығы 140, ені 17 метр. Жаңа технологиямен жабдықталған кеме теңізде 20 тәулікке дейін тоқтамай жүзе алады.

Бұл Қазақстан мақтан тұтатын ал­ғашқы кеме емес. Осыған дейін 2013 жылы құрылған «KTZ Express Shipping» кеме компаниясы сыйымдылығы 5 мың тонналық екі құрғақ жүк кемелерін сатып алып, астық, металл өнімдері және басқа да құрғақ жүктер тасымалында қолдана бастады. Солардың бірі «Түркістан» жүк тасығыш кемесі осыдан екі жыл бұрын Ақтау портынан алғашқы сапарға аттанған болатын. Каспий теңізінің келесі жағалауын бетке алған «Түркістанға» экспорттық астық тиеліп, «теміржол – теңіз» тізбегін тұйықтағаны есте. «Түркістан» және «Бекет ата» жүк тасығыш кемелерінің әрқайсысы 5 мың тонналық астықты экспортқа шығара алады. 2014 жылы 10-қаңтарда «Бекет ата» мен «Түркістан» ҚР Халықаралық регистріне №1 және №2 кемелері болып тіркелді. Ауыр және көлемді жүкті тасымалдауға арналған кемелер Азия елдерінен теміржол арқылы тасымалданған тауарды жеткізуге бағытталған. 2014 жылы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы құрған теңіз флоты 2020 жылға дейін 20 кемемен толықтырылмақ. Бүгінде «Жібек жолы» түк тасығыш кемесімен қатар «Атамекен» кемесі де Каспий айдынына жол тартпақ.

Биыл Нева кеме жасау және жөндеу кәсіпорнымен сыйымдылығы 7500 тонналық көпсалалы екі жүк тасығыш кемесін жасау жөнінде келісімшартқа қол қойылды. Жоба Еуропа қайта құру және даму банкінің қолдауымен жүзеге асырылып отыр. Сонымен қатар Загребте «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті А.Мамин мен «Ульяник» кеме жасау компаниясының бас директоры Д.Росанда елімізде екі паром жасау туралы келісімшартқа қол қойды. Жалпы, көлік-логистикалық әлеуетті дамыту бағытында жұмыс қызу жүргізілуде. Осы орайда Мамин мырза: «Қазіргі таңда біз Әзірбайжан, Грузия, Түркия, Қытай секілді серіктестерімізбен бірігіп, Транскаспий халықаралық көлік дәлізі арқылы жүк ағынын өсіруді қолға алып отырмыз. Аталмыш бағдарды дамыту халықаралық сауданың артуы мен логистикалық қызметтің сапалы дамуына септігін тигізеді. Ол үшін мультимодальдық жүк тасымалын атқару үшін бізге қазіргі заманғы паромдар қажет», – деп атап өткен болатын. Ал «Ульяник» кеме жасау компаниясының бас директоры Джанни Росанданың айтуынша, Қазақстан әлемдік нарықта үлкен мүмкіндіктерге жол ашатын серіктестік орнатылған маңызды мемлекеттерінің бірі. Сондықтан да бұл елге арнайы жоғары сапалы кеме жасалып қана қоймай, алдағы уақытта кеме жасауға қажетті соңғы үлгідегі технология да жеткізілетін болады. Биыл Қазақстан кеме қатынасының тіркеліміне 10 жыл. Қазіргі уақытта кәсіпорынның есебінде 638 кеме бар. 10 жыл ішінде Қазақстан кеме қатынасының тіркелімімен 5000-ға жуық кемеге және 110 ұйымға техникалық куәландыру жүргізілді, 70-ке жуық техникалық құжаттамалардың жобалары қаралды, техникалық бақылаумен 572 кеме жөнделді, 24 кеме салынды, 11 нормативтік және құқықтық актілер әзірленген.

2020 жылға дейін Каспий теңізіне шығатын құрғақ жүктің 55 пайызын қамту көзделген. «Каспий теңізі Шығыс-Батыс, Солтүстік-Оңтүстік халықаралық көлік дәліздерін байланыстырушы орталық қана емес, сонымен бірге, ол аймақтағы елдердің транзиттік әлеуетін күшейтуге ықпал етуде де маңызды рөл атқарады», – деді А.Мамин. Ал Ресей Федерациясы көлік министрінің орынбасары Виктор Олерский бұл оқиғаны «тарихи көршілер Қазақстан мен Ресей арасындағы табысты интеграциялық үдеріс» деп атады. «Бұдан бөлек, екі елдің компаниялары байланыстарын тереңдете түсетіндеріне сенім білдіремін. Каспий аймағындағы өзара серіктестік әлеуетін транзиттік тасымалдауда шоғырландыру барлық қатысушыларға жаңа мүмкіндіктер әкеліп, табыс көзіне айналады», – деді В.Олерский.

Қазіргі кезде Ақтау порты арқылы Қытайдан Кавказ елдеріне, Парсы шығанағы елдерінен Орталық Азия елдеріне, Ресейден Иранға, Орталық Азиядан Ресейге, әрі қарай Солтүстік Еуропаға бағытталған шағын көлемді жүк тасымалдары жүзеге асырылады. Каспий теңізінің еліміздің экспортын дамытудағы алтын көпір екенін ескерсек, кеме санын көбейту Қазақстанның тасымал шығындарын қысқарта түспек.

1960 жылға дейін теңіз тасымалы Каспийдің солтүстік бөлігінде шоғырланды. Атырау (бұрынғы Гурьев) айлағында мұнай жүктерін тасымалдау есебінен жүк айналымы жоғары деңгейде болды. Маңғыстау түбегінің солтүстік бөлігінде орналасқан Баутино айлағы екінші орынды иеленген еді. 1964 жылы Мақат – Бейнеу – Маңғыстау темір жолының салынуына және Маңғыстау мұнайының Атырауға тасымалдана бастауына байланысты теңіз жолымен Баку мен Орта Азия мұнайын Атырау айлағына әкелу едәуір азайды. Каспий теңізімен жүк тасымалдау соңғы жылдары Маңғыстау түбегінің байлығын игеруге байланысты қайта жанданды. Транзиттік тасымалдың көбеюіне орай Каспий теңізі халықаралық жүктерді тасымалдау үшін пайдаланыла бастады. Еуропа – Кавказ – Азия көлік дәлізі (ТРАСЕКА) дәлізінің бірқатар қатынас бағыттары осы теңіздің айлақтары арқылы өтеді және Ресейдің Солтүстігіне апаратын Қара теңіз бен Каспий теңізін Волга-Дон арнасы арқылы жалғастыратын, Иранның оңтүстігі және солтүстігі айлақтары арқылы өтетін көлік дәліздерін байланыстырады. Бірнеше жыл бұрын Ресей үкіметі Каспий арқылы паромдық қатынасты пайдаланып, Ресей көлік торабы мен Орталық Азия елдерін байланыстыратын және Каспий теңізі мен Қара теңізді Волга-Дон каналы арқылы қосатын еуроазиялық көлік жүйесі байланыстарын жасау бағытын жоспарлаған еді. Тіпті тараптардың кездесуі барысында картаны да сызып көрсеткен болатын. Алайда бұл жоба сөз жүзінде қала берді. Әсілі континентті қақ жарған Суэц каналы секілді экономикалық маңызы зор жобаның жабулы қазан күйінде қалғаны өкінішті.

Back to top button