400 жыл шірімейтін полиэтилен пакет қазақ даласын айтақырға айналдырмай ма?

400 жыл шірімейтін полиэтилен пакет қазақ даласын айтақырға айналдырмай ма?

400 жыл шірімейтін полиэтилен пакет қазақ даласын айтақырға айналдырмай ма?
ашық дереккөзі
1 шілдеден бастап Францияда сатып алушыларға тегін ұсынылатын бір реттік полиэтилен пакеттерге тыйым салынды. Бұл шара азық-түлік дүкендеріне ғана емес, сонымен бірге, дәріхана, нан-тоқаш дүкендері, базар және өзге сауда орындарына да қатысты. Тұтынушылар қалыңдығы кем дегенде 50 мм болатын бірнеше рет пайдалануға арналған пакеттерді немесе қағаздан жасалған қаптамаларды пайдалануы тиіс. Бұл – жыл сайын 8 миллиардқа жуық пластикалық пакет қоқысқа тасталатын Еуропаның тынысын ашуға бағытталған шешім. Жасыл экономиканы дамытуға ден қойған біздің еліміз мұндай қадам жасай ала ма?

Полиэтилен пакеттер жыл сайын 1 млн құстың түбіне жетеді

Полиэтилен пакетті пайдаланбайтын кезіміз кемде-кем. Дүкендерде тегін ұсынылатындықтан әрі қолдануға қолайлы болғандықтан оны үйде де, түзде де кәдемізге жаратамыз. Сатып алған тауарымызды діттеген жерге жеткізіп болған соң әлгі дорбаларды лақтыра салуға да ішіміз ашымайды. Оның қоршаған ортаға тигізер залалына бас ауырта бермейміз. Ғалымдардың дерегінше, орташа есеппен 20 минут қана пайдаланылатын полиэтилен пакеттер 400 жылға дейін шірімей жата беретін көрінеді. Яғни бір реттік дорбалар төрт ғасыр бойы жер қойнын ластап, жегі құртша топырақ құнарын жейді. Одан өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай арылу қиын. Көзін құртпасаң – түскен жеріне зиянын тигізеді, өртесең – жану кезінде ауаға аса улы органикалық қосындылар бөліп шығарады. Ал күлінде ауыр металдар бар. Әуелі шөпке, шөптен – малға, малдан – адам ағзасына түскен ауыр металл қатерлі ісікке себепкер деседі. Мамандардың айтуынша, әлемдегі әрбір құстың жемсауында пластикалық қалдық бар. Бір жылда бір миллионға жуық құс полиэтилен қалдығын жеп өледі екен. Осындай қалдықтар оны қорекке ұқсатып қылғыта беретін қаншама жан-жануардың түбіне жететінін қаперге алмайтынымыз өкінішті. Полиэтилен пакеттердің негізгі құрамдас бөлігі – мұнай мен табиғи газ. Оларды дайындауға әлемдік қара алтын өндірісінің 4 пайызы жұмсалатынын біреу білсе, біреу білмес. Әлеуметтік зерт­теулердің нәтижесі Астана қаласы­ның әрбір тұрғыны жылына орта есеппен бір реттік дорбалардың 300 данасын пайдаланатынын көрсетті. Егер бір қазақстандық полиэтилен пакеттерді қолданудан бас тартса, жылына 50 литр мұнай үнемдеуге болады екен. Алайда олардың орнына балама ретінде ұсынылған биоыдырайтын пакеттер де ты­ғырықтан шығар жол емес. Олар ұсақ пластиктерге ыдырағаны болмаса, қор­шаған ортаны ластау жағынан полиэтилен пакеттерден кем түспейді. Оның үстіне, мұнайды өңдеу, пластик өндіру, оны бояу кезінде ауаға зиянды заттардың мол қоры тасталатынын, ол өз кезегінде су мен топыраққа да тарап, тірі ағзаларға орны толмас залал келтіретінін ескерген жөн. Бұрындары апаларымыз бен аналарымыз дүкенге барғанда қолдарына іле шығатын тор дорбалар мен себеттерге көшу де ұсынылды. Алайда оны басы артық жүк көріп, ескіліктің белгісіне балайтындар полиэтилен пакеттен бас тартуға ықылас таныта қойған жоқ. Осыдан екі жыл бұрын «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы «ЭКО пакет» жобасын жүзеге асырмақ болғаны есте. Жобаны таныстыруға арналған дөңгелек үстелде жоба авторы әрі үйлестірушісі Юрий Макубаев: «ЭКО пакет» жасау идеясы халық арасында елорданы «ұшатын пакеттер қаласы» деп атап кетуінен кейін туындаған еді. Бұған қоса, 2017 жылы елордамызда «ЭКСПО» көрмесі өтетіні белгілі. Сол себепті біз пакеттерге қатысты туындап отырған мәселені шешуге өз үлесімізді қосқымыз келді», – деген болатын. Сонымен қатар, Дүниежүзілік қайта өңдеу күніне орай, жоба серіктесі – «Galmart» супермаркетінің арнайы «жасыл кассаларында» тұтынушыларға пластикалық пакеттің орнына мата қалталарды сатып алу ұсынылып, пластикалық пакеттердің қоршаған ортаға келтірер зияны туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілетінін де жеткізген. Алайда акцияның аяқ алысы авторлар күткендегідей болмай шықты. Көпшілік бастаманы іліп әкете қоймаған соң жоба орта жолда қалып қойды. Сауда орнында бір реттік тегін пакет тұрғанда астаналықтар «ЭКО пакет» сатып алуды басы артық шығын көрді.

Қалдықтан құтылғандардың тәжірибесіне үңілсек...

Біз ырғалып жүргенде әлемнің 40-тан астам елі пластик пакеттерді өн­діру мен қолдануға шек қойып үл­герді. Бір реттік дорбаларды пайда­ла­ну мәселесінің өзектілігі артқаны сон­шалық, оларды қолдануға тыйым сала­тын заңнамалық актілер қабылдаған мем­лекеттер саны күннен күнге кө­бей­іп келеді. Олар полиэтилен па­кет­тің орнына экологиялық тепе-тең­дікті бұзбайтын, тірі ағзалардың тір­шілі­гіне залал келтірмейтін қағаз па­кет­тер ұсынды. Мәселен, өткен жылы Калифорния губернаторы пластик сөмкелерді қағаз дорбалармен алмастыруға міндеттейтін заңға қол қойды. 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілген құжат штат аумағында бір реттік полиэтилен пакеттердің қолданылуына түбегейлі шектеу қойып, тұтынушыларға құны небәрі 10 цент тұратын қағаз пакеттерді пайдалануды үйретті. Ресейлік заң шығарушылар да бір реттік дорбаларды пайдалану мәселесін шешуге бірнеше жылдан бері бас қатырып келеді. Мемлекеттік Дума депутаттарының пікірінше, Ресей секілді орман қорына бай мемлекеттің пластик қалбырлардан бас тартатын уақыты әлдеқашан жеткен. Қағаз сөмкелерге ықылас байқалмаған соң депутаттар биоыдырайтын пакеттер өндірісін қолға алуды ұсынды. Қызу пікірталастар кезінде Ресейдің заң шығарушылары полиэтилен пакеттерінің өндірісінен айқай-шусыз бас тартқан мемлекеттердің тәжірибесіне сүйену керегін алға тартқан болатын. Бізге де өндірістік қалдықтар қорын азайтуға қол жеткізген елдердің үлгісіне үңілу артық болмас еді. Италияда 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап сауда орындарында бір реттік полиэтилен пакеттер қолдануға тыйым салынды. Бүгінде италиялықтар сатып алған тауарларын тасымалдау үшін көп реттік қолдануға арналған қалың дорбалар мен биопакеттер пайдаланады. Ал Қытайда 2008 жыл­дың 1 маусымынан бері қалыңдығы 0,025 мм-ден аспайтын полиэтилен қаптамалар мен пакеттерді өндіруге және қолдануға рұқсат етілмейді. Заңды бұзған адамдар айыппұл арқалайды, ал коммерциялық тұлғалар өндірісті тоқтатуға міндеттеледі. Латвияда сатып алушыларына бір реттік пластик дорбалар ұсынған сауда орындарына қосымша салық салынады. Жергілікті заң шығарушылардың айтуынша, бұл шектеу ел бюджетіне қосымша кіріс түсіріп қана қоймай, қоршаған ортаға орасан зиян келтіретін дорбалар қолданысын бірнеше есе азайтқан. Полиэтилен пакеттерді қолдануға түбегейлі тыйым салған елдердің қатарында Аустралия да бар. 2008 жылы Кенгуру аралында орналасқан сауда желілеріне полиэтилен қаптамаға оралған тауар сатуға шектеу қойылды. Бүгінде әлем елдері Аустралияны өз аумағын полиэтилен орамалардан тазартқан ең бірінші мемлекет ретінде таниды. Танзаниялықтар да бірнеше жылдан бері экологияны ластайтын пакеттер өндірісі мен тасымалын доғарған. Заңды бұзғандар бір жыл бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Жолы болғандар 2 мың АҚШ доллары көлемінде айыппұл төлеп құтылады. Жергілікті биліктің дерегінше, әзірге аталмыш талапты орындамағаны үшін темір торға қамалғандар жоқ. Сингапур, Бангладеш, Тайвань мен Үндістанның бірнеше штатында өндірістік қалдықтар мәселесі ушығып кеткен. Қолданылған полиэтилен пакеттерінің өзен арналарын бөгеу оқиғалары жиілегендіктен, жергілікті экологтар полиэтилен пакеттерге тыйым салу туралы заң шығаруға билікті көндірген. Соның арқасында 2003 жылдан бері бұл елдерде қоқыстың қатталу қарқыны аз да болса бәсеңдеді. Қоршаған ортаны қорғау шараларын қолға алған мемлекеттердің бастамасынан АҚШ та шет қалған жоқ. Гавайя – полиэтилен пакеттер қолданысына түбегейлі тыйым салған ең бірінші штат. Жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырмау үшін штат билігі бұл тыйымды біртіндеп енгізді. Данияда 1994 жылы сауда орындарында тұтынушыларға тегін таратылатын полиэтилен пакеттерге салық енгізілді. Соның нәтижесінде жергілікті билік мұндай дорбалардың қолданысын 90 пайызға кемітті. Даниялық заң шығарушылардан үлгі алған ирландиялықтар да бір реттік пакеттерді шектеудің жолын ұзақ іздеді. Әуелі дүкендер полиэтилен орамаларды сатып алушыларға өз құнынан айтарлықтай қымбат бағаға сата бастады. Бір реттік пакеттерге ақша шығындағысы келмеген ел тұрғындары матадан тігілген дорбаларға көшті. Қазір Ирландияда полиэтилен пакеттер пайдалану көрсеткіші 90 пайызға азайған. Экологиялық түйткілдерге алаң­даған кейбір мемлекеттер полиэтилен пакеттердің өндірісі мен қолданысына тыйым салмаса да, белгілі бір шектеу шараларын жүргізіп, қоршаған ортаға зиянын тигізбейтін баламалы қаптамалар өндірісін реттеді. Мәселен, Ұлыбритания – нанға арналған биопакеттер шығаруды қолға алған әлемдегі ең бірінші мемлекет. Бұл 2004 жылы жүзеге асырылды. Мұндай қаптамалар өндірісіне қолданылған материалдар бар-жоғы төрт жыл ішінде су мен көмірқышқыл газына ыдырап кетеді, топырақ пен ауаға, ондағы тірі ағзаларға еш залалын келтірмейді. Бүгінде Британ аралдарында көп реттік қолдануға арналған полиэтилен пакеттерді мата сөмкелерге алмастыру науқаны қарқынды жүргізілуде. Шараға корольдіктің 50-ге жуық ірі сауда желісі тартылған. Әсіресе, бір реттік полиэтилен қаптамаларды тегін беруді доғарып, сатуға көшкен «Marks and Spencer» дүкендер желісінің тәжірибесін ерекше атап өтуге болады. Сатылымнан түскен қаражатты сауда желісі Ұлыбританиядағы жаңа саябақтар мен өзге де демалыс орындарының құрылысына бағыттайды. Полиэтилен пакеттерден бас тарту науқанының нәтижесі жаман емес: жергілікті мамандар жүргізген зерттеу 10 британдықтың алтауы дүкенге қағаз немесе мата сөмкемен барғанды құп көретінін көрсетті.

Ақыл – жастан

Бали аралы да полиэтилен пакеттерден бас тартуға дайындықты бастап кетті. Жергілікті билікті мұндай қадамға көндірген апалы-сіңлілі қыздардың табандылығы бүгіне көптің аузында жүр. Арал экологиясының пластик қолдану салдарынан күрт нашарлап кеткеніне алаңдаушылық білдірген Изабель және Мелати Вийсен Bye Bye Plastic Bags («Қош бол, пластик дорбалар») атты науқан бастап, Бали тұрғындары мен қонақтарын пластик пакеттерден арылуға шақырған болатын. Көздеген мақсаттарына жету үшін ағайынды қыздар жағажайларда жаппай тазалық шараларын ұйымдастырды, тележобаларға қатысты, тіпті аштық та жариялады. Нәтижесінде БҰҰ Бас хатшысымен кездесуге мүмкіндік алды. «Бали тұрғындары күн сайын 680 текше метр пластик қоқыстарын шығарады. Бұл шамамен 14 қабат­ты ғимараттың биіктігіне тең. Қалдық­тарды қайта өңдеуге келер болсақ, қолданылған полиэтилен пакеттердің небәрі 5 пайызы ғана қайта кәдеге жаратылады», – дейді Изабель. Бұрындары балилықтар тағамды сақтауға және тасымалдауға тек органикалық материалдар қолданатын. Мәселен, зиянды қалдықтар шығармай­тын пальма жапырақтары кең пайда­ла­нылды. Пластик құтылар мен орамалар пайда болғалы бері арал ыдырамайтын қоқыстарға көміле берді. Пластик қалдықтардың көлемін азайту үшін арал тұрғындары әдетте оларды өртеуге мәжбүр. Салдарынан ауаға метан мен өзге де токсиндердің үлкен көлемі шығарылуда. Егер бұл жағдай осылай жалғаса беретін болса, пластик дорбалар мен қаптамалар өңделмесе, Ellen MacArthur Foundation-ның болжамы бойынша 2050 жылы мұхитта балықтан гөрі пластик көп болмақ. Тропикалық оазистен қалдықтар поли­гонына айналып бара жатқан Балидың бүгінгі жағдайына көз жұма қарай алмаған өрімдей қыздар губернатор Мангку Пастикаға өз бастамаларының игілігін түсіндіріп, 2018 жылдан бастап аралда полиэтилен па­кеттер қолданысына тыйым салу­ға көндірді. Ұзақ жылдар бойы Балиде қоқыстың қатталуын «табиғи құбылыс» деп атап келген Пастиканы райынан қайтара білген апалы-сіңлі Вийсендердің ерлігі сүйсіндірмей қоймайды. Жергілікті БАҚ-тың жазуына қарағанда, қыздармен кездесуден кейін олардың табандылығына сүйсініп, қолға алған науқандарына қызыққан арал басшысы: «Мен де сендердің топтарыңа мүше болғым келеді, қатарларыңа қосылуға сөз беремін» деген көрінеді. Губернатор уәдесінде тұрса, туристерді таңғажайып табиғатымен таңғалдырудан жалықпайтын аралдың екінші тынысы ашылмақ. «Ақыл – жастан». Қоғам үшін игілікті іске бастамашыл боп жүрген жасампаз жастар бізде де баршылық. Алайда қолдау көрсетуге, жас болса да бас бола білетін ұл-қыздардың соңынан еруге ықыластылар көп емес.