Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті: Қазақстанды көк ту астында бірге құрдық

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті: Қазақстанды көк ту астында бірге құрдық

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті:  Қазақстанды көк ту астында бірге құрдық
ашық дереккөзі
Астана күні елдігімізді ұлықтайтын ерекше мереке. Кеше ғана Есілдің жағасында бой түзеген жас қалаға – 18 жыл. Осы уақыт ішінде Астана сыртқы келбетіне ішкі сұлулығы үйлесіп, мәдени даму мен жаңа сәулеттену үлгісін көрсетті. Оның өсіп-өркендеуі – сөз жоқ, мемлекетіміздің абыройы. Астана күнін мемлекеттік мереке деп жариялаудың тарихи, танымдық, тәрбиелік тұрғыдан мәні айрықша зор. Бұлай дейтін себебіміз, елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру – бұл қазақтың өз билігі өзінің қолына тигеннен кейін ұлттың болмыс-бітімін сақтап, мемлекеттің келешегін баянды ету мақсатында «он ойланып, тоғыз толғанып» барып қабылданған тарихи шешім болды. Мыңжылдықтар тоғысындағы мұндай батыл шешім қазір қай қырынан алып қарасақ та дұрыс болғанын уақыт дәлелдеді. Танымдық тұрғысын сөз ететін болсақ, елордамызды Алатаудың бөктерінен Арқа төсіне көшіру арқылы біз тәуелсіздігімізді нығайттық, өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жаңғырттық. Тамыры сан мыңдаған жылдардан сыр шертетін туған тарихымызды білдік, төл мәдениетімізді таныдық, ұмыт бола бастаған әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерлеріміздің қайнар бұлағын қайта аштық. Ал тәрбиелік тұрғыдан алсақ, Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы жаңа елордамызды әспеттеп, ұлықтау арқылы еліміздің келешегі – жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиеттерді дарытып, патриоттық сезімдерді сіңірудеміз. Осылардың барлығы бір арнаға тоғыса келе, ұлтты ұйыстыруға, мемлекеттілігімізді нығайтуға қызмет етуде. 4 шілде күні Елбасы Н. Назар­баев жалпыхалықтық мерекені атап өтуге байланысты көк туымызды көкке көтеріп, қала күнінің шымылдығын салтанатты түрде ашты. Жылдағы дәстүр бойынша биыл да Астанадағы «Атамекен» этномемориалды кешенінің алаңынан мерекелік көңіл-күй есіп тұрды. Елбасы ынтымағы ұйысқан халқымызды мерейлі мерекемен құттықтай келе, мемлекеттік ту әрбір қазақстандық үшін қасиетті құндылық болып саналатын ұлттық бірлік нышаны екенін атап өтті. «Бұл – еліміздің асқақ рәмізі. Биыл ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Біз егемен Қазақстанды осы көк ту астында бірге құрдық. Ширек ғасыр ішінде қуатты мемлекеттің іргесі берік ғимаратын бірлесіп салдық. Жақында ғана республикамыз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайланды. Әлемдік қоғамдастық планетадағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне атсалысу сынды биік миссияны Қазақстанға сеніп тапсырды. Бұл – еліміздің биік беделі мен табысты дамуының мойындалуы. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмыс біздің туымызды бұрынғыдан да танымал ете түседі. Биыл біз Астананың 18 жылдығын – кәмелеттік жасқа толуын атап өтеміз. Бұл – биіктер бағындырылған және сол биіктен жаңа перспективалар көрініп тұрған кез. Тәуелсіздік тудырған Астана құлпырған үстіне құлпырып, қарыштап өсуде. Қала елді біріктіріп, жаңа табыстарға жетелеп, көш басында келеді», – деді Мемлекет басшысы. Салтанатты рәсім аясында Мемлекет басшысы – Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы еліміздің жоғары әскери оқу орындарының түлектеріне офицерлік шен тапсырды. «Егер Астана – Тәуелсіздіктің айқын символы болса, ал әскер – Тәуелсіздіктің берік қорғаны болып табылады», – деді ол. Ел Президентінің қолынан кеше 12 түлек шен алды, бұлар – Қорғаныс министрлігі Құрлық әскерлері әскери институтының, Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлер әскери институтының және Ұлттық қауіпсіздік комитеті әскери институтының үздік бітірушілері болып табылады. Елбасы республиканың жоғары әскери оқу орындарының барлық түлектерін құттықтап, қазақстандық патриотизм түрлі салада, соның ішінде ең алдымен Отанға қызмет етуде көрініс табатынын айтты. «Біз жоғары әскери оқу орындарының үздік түлектеріне офицерлік шендер тапсырамыз. Осы күндері мыңдаған қазақстандық жастар оқуларын аяқтап, үлкен өмірге аяқ басады. Сіздер өз жолдарыңызды елдің бас байрағының алдында, салтанатты жағдайда бастап отырсыздар. Бұл – кездейсоқтық емес. Өйткені, сіздер қоғамда құрметке ие айрықша мамандықты таңдадыңыздар. Сіздер бірнеше жылды жақсы білім алуға, жаңа машықтарды игеруге, достық пен өзара көмектің құндылығын түсінуге арнадыңыздар. Енді осының бәрін тәжірибеде қолдану керек», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Осылайша, Тәуелсіздігіміздің тірегі – Астана күнін атап өту шаралары ресми ашық деп жарияланды. Елбасы айтулы күні Астана қаласының миллионыншы тұрғынының дүние есігін ашқанын аса қуанышпен хабарлады. «Бүгін ертеңгісін Мұхамедиярлар отбасында Астананың миллионыншы тұрғыны өмірге келгенін зор қуанышпен хабарлаймын. Сәбидің анасы – балабақша тәрбиешісі, әкесі – электр монтері. Енді біздің елорда миллион тұрғыны бар қалалар қатарына енді!», – деді Елбасы. Айтпақшы, айшықты күні Елбасы Рио Олимпиадасына баратын спортшыларға ақ жол тілеп, бүкіл Қазақ елі үміт артып отырғандығын жеткізді. «Риода өтетін Олимпиадаға бір ай уақыт қалды. Соның алдында дәстүрге сәйкес сіздермен кездесіп, өзімнің тілегімді айтып, сәттілік тілейін деп шақырып отырмын. Дайындықтың бәрін уақытында жүргіздіңіздер. Бұл жыл – Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Сондықтан сіздерге үлкен сенім жүктеледі», – деді Мемлекет басшысы. Жазғы Олимпиада ойындарына 206 мемлекеттен 10 мың спортшы қатысады. Олардың барлығы да өз ісінің дүлділдері екендігін, жеңіске ұмтылатындығы белгілі. «Біз спорттың 26 түрінен 100-ден астам жолдама алдық. Баршаларыңызға табыс тілеймін. Мүмкіншілігіміз жаман емес. Бірақ жолдаманың саны емес, спортшылардың сапасы қажет екендігін білесіздер. Көпшіліктеріңді жақсы білемін, спорт жолдарыңды бақылап отырмын. Талай жерде жеңдіңдер», – деді Н.Назарбаев. Елбасы бұл Қазақстанның қатысып отырған 12-ші Олимпиадасы екендігін, еліміз көк туымыздың астында 5 рет жазғы, 6 рет қысқы Олимпиада ойындарына қатысқанын еске салды. – Сонау кеңестік заманнан бері қарай алатын болсақ, Әлжан Жармұханбетов, Нилли Ким, Жақсылық Үшкемпіров сияқты үлкен аға-апаларыңыз Қазақстанның мерейін көтеріп, жеңіп шыққан болатын. Тәуелсіздік жылдарында спортшыларымыз Олимпиадада жеңіп алған 59 медальдің 17-сі алтын алқа болатын. Рио-де-Жанейродада игі үрдіс жалғасып, еліміздің мерейі аспандай түсетіндігіне сенімдімін. Нағыз патриот ғана елдің абыройы үшін тайталаста өз мүмкіншілігінің шегінен шығып, жеңіске жететін болады. Сендер барша қазақстандықтардың ақ батасын алып, жауапты сапарға аттанайын деп отырсыңдар. 17 миллион халық түгелдей теледидар алдында отырып, сендерге жанкүйер болады, – деді ҚР Президенті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Олимпада сынды ірі додаларда жеңіске жету үшін мемлекет тарапынан бүкіл жағдайдың жасалып жатқандығына екпін түсірді. «Соңғы үш жылдың ішінде олимпиадалық резервті кешенді түрде дайындау үшін елімізде бірнеше халықаралық деңгейдегі спорт нысандары салынды. АИБА Бүкіләлемдік бокс академиясы, Алматыдағы Дзюдо академиясы, Тараздағы «Тараз-Арена» стадионы осылардың қатарында. Сондай-ақ, «Қарағанды-Арена» мұз сарайы мен елордадағы жүзу кешені бар көпфункционалды мұз сарайы іске қосылды. Өскемен қаласындағы Ольга Рыпакова атындағы Жеңіл атлетика орталығы мен Алматыдағы Александр Винокуров атындағы спорт сарайы олимпиадашыларды даярлап жатыр», – деді ел Президенті. Кездесу соңында Елбасы салтанатты түрде Қазақстан туын таэквондодан халықаралық турнирлердің жеңімпазы, 20 жастағы Руслан Жапаровқа табыстады. Осылайша, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедовтің жеңісті жолын Руслан Жапаров бастаған олимпиадалық үміттер шоғыры жалғастыратын болады. Алдағы байрақты бәсекеде Қазақстанның мерейі аспандап, абыройы арта берсін!