Министр тағы дауға қалды

Министр тағы дауға қалды

Министр тағы дауға қалды
ашық дереккөзі
Режиссер Талғат Жәнібеков өзінің «Феникс» фильмін түсіруге Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының кедергі келтіргенін айтқан. Ол сондай-ақ, министрді «откат» талап етті деп айыптаған болатын. Ал анимациялық кино қауымдастығының президенті Ғали Мырзашев режиссер Талғат Жәнібековті қолдайтынын айтып, Қазақстан киноиндустриясындағы жемқорлық жайында айтып берді. «Жемқорлық – өндіруші, яғни бұл жайғдайда «Қазақфильм» Мәдениет және спорт министрлігі атынан қаражатты кімге беру керек екенін шешуі. Бұл бұрыннан қалыптасқан жүйе. Мәселен, Қазақ хандығының 550 жылдығына орай 2 миллион долларды шымкенттік анимациялық студияға бере салды. Менің шымкенттіктерге ешқандай қарсылығым жоқ. Бірақ, ол жақта арнайы білімі бар маман жоқ, мектеп қалыптаспаған. Өздігімен үйреніп алған мамандар жұмыс істейді. Байқау неге жүргізілмеді? Ұсыныстар қайда? Тіпті, «Көшпенділерді» түсіретін кезде де режиссер Тимур Бекмамбетов өз трейлерін қсынған көрінеді. Бірақ, оны тыңдар құлақ болмаған»,– дейді Ғ.Мырзашев. Кино маманының айтуынша, мұндай жемқорлық жүйемен ол жиі бетпе-бет келеді екен. Қазір Мырзашев қазақстандық мультфильмдерді халықаралық деңгейге алып шығумен айналысып келеді. «Мен мемлекеттің қолдауына мұқтаж емеспін. Өйткені, коррупция біздің жобаларды өлтіріп бітеді. Мен сарапшылар кеңесінің құрамында болғанмын. Сарапшылар кеңесі бола тұра, оның пікіріне құлақ аспаса – жемқорлық деген осы»,– деп атап өтті Ғали Мырзашев. «Жемқорлықтың да түр-түрі болады. Талғат өзінің нұсқасын айтты. Мен, өкінішке қарай, «Қазақфильмнен» үлкен жобалар алып істеп көрмеппін. Сондықтан мен оны қолдаймын. Егер режиссер мәселені көтерсе, біз әрі қарай жалғауымыз керек. Жер реформасындағыдай кинематография саласы бойынша комиссия құрып, жұмыс істеу керек, халық бәрін ашық білуі тиіс»,– деп сөзін түйді қауымдастық президенті. Ал 12 шілде күні әлеуметтік желіде таралған мәселе бойынша  ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құқығы мен мүддесін адвокат Ескендір Әлімбаев сот арқылы қорғайтын болады. Министрлік осыған байланысты адвокаттың мәлімдемесін таратты. "Т. Жәнібеков таратқан мәліметтер, оның Қазақстан Республикасының мемлекеттік билік органдарына және Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қызметіне берген бағасы шындыққа жанаспайтынын растаймыз. А. Мұхамедиұлының өзі заңмен белгіленген тәртіп аясында өзінің бұзылған құқықтарын сот арқылы қалпына келтіруге ниетті», – деп мәлімдейді адвокат. Оның айтуынша, жақын аралықта министр А. Мұхамедиұлы заңда белгіленген тәртіппен өзінің ар-намысын, іскерлік беделі мен абыройын қорғауға, сонымен қатар, сенімсіз жалған ақпаратты таратқан тұлғаны жауапқа тартуға бағытталған шараларды қабылдайды.