Қандастарға көмек қолын созуға асығайық!

Қандастарға көмек қолын созуға асығайық!

Қандастарға көмек қолын созуға асығайық!
ашық дереккөзі
  10 шілде күні Моңғолияның қазақтар қоныстанған аймағы (облыс) Баян-Өлгийдің орталығы Өлгий қаласында көп мөлшерде жауған бұршақ салдарынан сел болды. 11 шілде күні де қаланың басқа аудандарында да сел орын анықталған. Алайда, дер кезінде жұмылдырылған құтқарушылардың көмегімен селді басқа арнаға бұрып үлгеріпті. Қалалық әкімшіліктегі барлық сатылы қызметкерлер тұрғындарды селден құтқару жұмысына жұмылдырылған. Аймақ орталығында орналасқан 6-шы және 9-шы бақ (аудан) аумағында жүрген селдің зардаптарын жою жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Сол бақтарда елді көшіріп, қайтадан су басу қаупі бар деген жерлерде тұрған үй иелеріне басқа құрғақ аумақтардан жер беріліп жатыр. Өлгий қалалық әкімшілігі үйлері селмен ағып кеткен жандарға жер телімдерін беріп, сол жерлерге киіз үй орналастыруда. Қолда бар ақпаратқа сенсек, 6-бақтан 7 үй, 9- бақтан 120-дай үй жарамсыз болып қалған. «Бір ғана 6-бақ аумағындағы су алған үйлердің аулаларын 10 тонналық цистерналар арқылы сорғызып, азайтып жатыр. Бір ауланың өзінен орташа 200-400 тонна су шығуда!», – деп жазады әлеуметтік желі қолданушылары. Шамамен 150 мың этникалық қазақ тұратын Баян-Өлгийдегі табиғи апат 10 шілдеде тіркелді. Су тасқыны жүзден астам үйді қиратып кетті, 700-ге жуық адам баспанасыз қалды. Екі адам қайтыс болды. Баян-Өлгий қаласындағы селден зардап шеккендерге көмек қолын созуға қазақстандық белсенділер де кірісіп кетті. Арнайы есепшот ашқан блогер, әрі ұстаз Аятжан Ахметжан өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында: «Қадірлі ағайын: "Əр қазақ менің жалғызым", – деп Сабыр ағам айтпақшы, жер бетіндегі бар қазақтың тілеуі де ниеті де бір ғой. Баян-Өлгийде орын алған су апаты бәріміздің жанымызды ауыртты. Ел қиналғанда бір жағынан шығыспасақ елдігіміз қайсы, – деп қол үшін беруді жөн көрдік! Қазақтың осындайда көп түкірсе көл, – дейтіні тағы бар ғой. Соны еске алып, сырттағы қазақтарға көмек беруге дайын екенімізді көрсеткіміз келеді. Көп екенімізді, ел екенімізді көрсетелік: Халық банк: 4402 5775 0180 1032 ИНН: 860718399050 Ал, қолдап жіберейік, бір тиын болсада сол елге жеткізуді азаматтық борыш еттік! Шот жеке менің өз атымда, əр түскен тиын Монғолиядағы қазақтарға жол тартады! Ағайын, қолдап бөлісіп жіберіңіздер! Бұл менің ғана емес осындағы көп жігіттердің бірігіп көтеріп жатқан шаруасы!», – деп жазды. Жұмыс сапарымен Моңғолияда жүрген Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов су тасқынынан зардап шеккен Баян-Өлгий қаласына келді. Премьер-министрдің ресми сайтындағы хабарламада "Мәсімов Еуропа және Азия елдері саммитіне (АSEM) қатысу үшін Моңғолияға барды" делінген. Саммит аясында екіжақты кездесулер өтеді деп күтіледі. Баян-Өлгий аймағында Кәрім Мәсімов жергілікті қазақ диаспора өкілдерімен кездестіі. Мәсімов  Баян-Өлгийде болған су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға Қазақстан гуманитарлық көмек көрсетеді деп мәлімдеді. Бірақ Астананың қандай көлемде көмек көрсететінін нақтылап айтпады.