Мал азығын даярлайтын зауыт ашылады

Мал азығын даярлайтын зауыт ашылады

Мал азығын даярлайтын зауыт ашылады
ашық дереккөзі
  Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жұмыс сапарымен Кербұлақ ауданында болып, ауылшаруашылығы мамандарымен әңгімелесу барысында облыс экономикасындағы ауыл шаруашылығының рөлі, сапалы әрі тиімді бағада ет пен сүт өндіру, егіс алқаптарынан мол өнім алу, тұтыну нарығының аясын таяу шет елдерге қарай кеңейтудің маңызы жайлы кеңінен әңгіме қозғады. Алматы облысы әкімі әуелі Жоламан ауылдық округіндегі «Шадиев» ЖШС-ның мал бордақылау орталығына барды. Жоба қазақ-өзбек бірлескен инвестициялық жобасының негізінде жүзеге асырылған. Жалпы құны бір миллиардқа жуық теңгені құрайды. Шаруашылық басшысы Фазыл Шадиевтің айтуынша, инвестиция қаржысы тиісті инфрақұрылымы бар алты ірі сиыр қора салуға және бір жарым мың бас аналық, бес Ангус етті тұқымды бұқалар мен қажетті техника сатып алуға жұмсалған. Етті Өзбекстанға экспорттау, танымал «Беккер» шұжық компаниясына өңдеуге өтікізіп, өз фирмалық дүкендері арқылы сату көзделіп отыр. Сонымен қатар серіктестікке тиесілі төрт жүз мың гектарда жақын арада ірі қараны бос жіберетін орын, жем азығы түйірлерін шығаратын шағын зауыт салу да жоспарда бар. Мұнан соң облыс әкімі Амандық Баталов «Қызылшоқы» ЖШС-ның егіс алқабын аралады. Алқапта жиын-терін жұмыстары басталып та кеткен. Шаруашылық басшысы Ибен Машарбетов келген делегацияға жұмыстың жай-күйін баяндап берді. Жыл сайын мұнда гектарынан 24-25 центнерден өнім алынады. Бидайдан бөлек мұндағы 1500 гектар жерге арпа, зығыр өсіріліп отыр. Шаруалар облыс басшысына биылғы жылы мол жиналғалы тұрған өнімді өткізу мәселесіне жәрдемдесуді сұрады. Амандық Баталов сол жерде тиісті лауазымды азаматтарға осы мәселеге байланысты тапсырма берді. Комбайн және трактор жүргізушілерімен емен-жарқын әңгімелесіп, қиын да жауапты іс атқарып жүрген еңбектеріне ризашылығын білдірді. Алматы облысындағы аудан, елді мекендерге жасаған сапарын қорытындылаған облыс әкімі Амандық Баталов ұсақ шаруашылықтарды ірілендірудің тиімділігіне тағы бір тоқталып, кооперацияның Алматы маңында азық-түлік белдеуін дамыту, халықтың әл-ауқатын көтеру, сапалы да тиімді бағадағы азық-түлікпен қамту мәселелеріне басымдық берді.