Заманы туды жастардың...
Заманы туды жастардың...
Бүгінгі зайырлы мемлекетімізде қоғамның әр саласында жемісті еңбек етіп, белсенділік танытып жүрген қазақ қыздары аз емес. Сондай жандардың бірі – қызмет жолын журналистикадан бастап, осы саланың қыр-сырын меңгеріп, бүгінде білім мен қажырлы еңбегінің арқасында қызмет биігінен көрініп жүрген Маржан Иманғалиева.
Маржан Әбдірәсілқызы жастайынан өнер мен білімге жаны құштар болып өсті. Тәлім мен тәрбиенің діңгегі болған үлкен шаңырақта ата-әжесі мен әке-шешесінің тәрбиесін қатар алып, олардың еңбекқорлығы мен адалдығын өзіне үлгі тұтып өсті.
Арманы асқақ, мақсаты биік Маржан мектепті үздік аяқтап, мамандық таңдар тұста көп ойланбастан журналистика саласын құп көрді. Жастайынан қоғамдық жұмыстарға етене араласып, көптеген байқаулардың жеңімпазы болды.Мектеп қабырғасында жүріп «Ордабасы ауданының аруы» байқауының алғашқы гран-при иегері атанғаны үшін және журналистика саласына қосқан үлесі үшін ол осы ауданның «Құрметті азаматы» атағына да лайықты деп танылды. Маржан Әбдірәсілқызы еңбек жолын студенттік кезде газет редакторы қызметінен бастап, облыстық және республикалық телеарналарда диктор, тележүргізуші, корреспондент болып жұмыс істеді. Кейін телевизия саласында жинаған тәжірибесін С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде телестудия меңгерушісі болып жалғастырды. Қазақ, орыс, ағылшын, француз, түрік тілдерін меңгерген ол салалық журналистиканы зерттей жүріп, экономика ғылымының магистрі, PhD докторант атанды.
Ол Тұңғыш Президент – Елбасы қорында редактор, бөлім меңгерушісі, «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры» ҚҚ жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтында экономика бөлімінің сарапшысы, кейін Н.Назарбаев орталығының бас сарапшысы қызметін атқарды. Білімі мен тәжірибесі, қызметке деген адалдығы мен қарапайымдылығы оны өз ортасына сыйлы етті. Әрдайым абырой биігінен көрініп жүрген, жеткен жетістіктеріне қарамастан, қазақи қалпын сақтап қалған білікті маман Қазақстан Парламенті Сенаты Төрағасы хатшылығының бас консультанты, кейін Сенат Төрағасының кеңесшісі қызметіне тағайындалды.
Маржан Әбдірәсілқызының ғылым жолындағы ізденісі өз алдына бір төбе. Осыған дейін 50-ден астам ғылыми мақалалары республикалық, шетелдік басылымдарда жарық көрді. Оның журналистика саласындағы ізденісі «Мұқағали», «Шер», «Жамбыл», «Темірбек Жүргенов» сынды кітаптарға редакторлық етуімен жалғасты. Қос бұрымы тобығына түскен жас ана кезінде «Бұрымды ару» республикалық телебайқауының жеңімпазы атанып, ұлттық тәрбиеге де өз үлесін қосып, қыз-келіншектерге үлгі болып жүр.
Тарихта ел басқару ісінде қазақ әйелдері көбіне кеңесші, шаңырағының тілекшісі позициясында болып, билікті ер адамдарға берген. Ал қазіргі таңда әйелдің ел өміріндегі тұлғалық әлеуетін қалыптастыруға бағытталған мәдени, рухани мүмкіндіктер көп. Біздің қоғамда отбасылық құндылықтарды нығайтуда әйелдердің рөлі аса маңызды. Өйткені отбасы – тіршіліктің тірегі, қоғамның негізі. Үлгілі келін, сүйікті жар бола білген Маржан Әбдірәсілқызы бір ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған ана. Отбасындағы міндетімен қоса қоғам мен мемлекет өміріндегі маңызды қызметті бірге алып жүру – үлкен жауапкершілік. Оның айтуынша, қазақ әйелінің мойнында жауапкершілік қашанда көп болған. Қоғам мен отбасы алдындағы әйел адамның жауапкершілігі төмендесе, әлеуметтік мәселе көбейеді. Оның астарында адам тағдыры, қала берді ел тағдыры жатыр.
«Елбасымыздың «Әйел – шексіз құдірет иесі. Тарих тағылымында ең айтулы өзгерістердің барлығы әйелдердің қолымен немесе әйелдер үшін жасалады» деген сөзі бар. Шексіз құдірет иесі еткен балалары үшін аналар қашанда үлгі. Бала деген мотивация, ынталандырушы күш. Қазақтың аруы, анасы деген түсініктің өзі маған күш береді», – дейді Маржан Әбдірәсілқызы.
Ұстаздар мен ғалымдар әулетіне келін болып түскен ол бүгінде аналар ізін жалғап, сол әулеттің абыройын асқақтатып, арқа сүйер азаматы, белгілі ғалым Бауыржан Иманғалиевпен бірге қоғамнан алшақтамай, бала тәрбиесіне де көңіл бөліп, шаңырағының ұйытқысы болып отыр. Білім мен рухани байлықты ту еткен Иманғалиевтер жанұясы Алматы қаласы бойынша «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының гран-при иегері және республика бойынша лауреаты.
Әлемде болып жатқан жағдай қоғамға білімді де білікті менеджерлердің, ғалымдардың, тәжірибелі ұстаз, дәрігерлердің орны қаншалықты маңызды екенін айқындап берді. Біздің елге де мемлекетшіл, халықтың өз ішінен шыққан, қолы да ары да таза, адал азаматтардың қажет екені сөзсіз. Мақаламызға арқау болған кейіпкеріміз Маржан Әбдірәсілқызы секілді жас та жалынды, іскер мамандардың заманы туды.