Алаштың алтын сақасы
Алаштың алтын сақасы
ХХ ғасырдың 80-жылдарының соңында ҚХР ШҰАР Гуманитарлық ғылымдар академиясының вице-президенті, жазушы, тарихшы-ғалым Жақып Мырзаханның мұрындық болуымен академияның әр түрлі институттарына қазақтың біраз жас маманы жұмысқа шақырылды. Пекиндегі Орталық ұлттар университеті қабырғасында оқып жүрген кезімізде-ақ Ж.Мырзахан бізге «жіп тағып» кеткен болатын.
Содан 1987 жылы университетті бітіре салып, аталған академияның әдебиет институтына ғылыми қызметкер болып жұмысқа қабылдандық. Академиядағы өзге мекемеде жоқ бір ерекшелік – кітапханасына «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан», «Казахстанская Правда», «Парасат» секілді қазақстандық басылымдар келіп тұрады екен. Біз, қазақ жастары осы басылымдардың әрбір жаңа нөмірін жыл келгендей төрт көзімізбен сарғая күтіп, ерекше әсермен, үтір-нүктесін қалдырмай оқып шығатынбыз. Оқумен ғана шектелмей, жиналып алып, онда көтерілген мәселелер мен шығармаларды таласа-тармаса талқылап, қызыл кеңірдек болып жатқанымыз. Талқыға қатыспай, «тек жүру» тіптен мүмкін емес еді. Себебі кеудемізге нан пісіп тұрған өндір жаспыз. Мезгіл болса 1980-жылдардың соңы! Оның үстіне ешқандай саяси қақ-соқ көрмей өсіп келе жатқан буынның өкіліміз... Қысқасы, ҚХР-да өзіміз тұрып жатқанымызбен есі-дертіміз іргесі сөгіле бастаған КСРО-да. Дәлірек айтсақ, КСРО құрамындағы тарихи отанымыз – Қазақстанда. Мезгіл көші жылжып 1990 жылдарға келгенде, алғашқы кезекте Балтық жағалауындағы елдер өз тәуелсіздігін жариялады. Талас-талқымыздың тақырыбы: келесі кезекте қай ел? Қазақстан қашан? Күте-күте күніміз жыл, айымыз ғасыр болды. Я ақсарбас! Міне, аңсаған күнге де жеттік. 1991 жылы желтоқсанның 16-жұлдызы. Осы күні Үрімшіде қуаныштан жарылмаған, көзіне бақыт жасы үйірілмеген, тойламаған қазақ баласы қалмаған шығар. Біз, Шынжаң гуманитарлық ғылым академиясының оншақты қыз-жігіті қолдан бір «туған күн» жасап, халқымыздың үш ғасырдан соң қайта оралған азаттығының алғашқы күнін тойладық! Ертесінен бастап әңгімеміз мүлде басқа бағытта өрбитін болды. Яғни енді Қазақстанға қалай жетеміз? Керек болса, шекараны бұзып қашып өтуді ұсынғандар да болды. Себебі ол жылдарда Қытайдан шетелге шығу дегеніңіз қияметтің қыл көпірінен өткеннен де қиын-тұғын. Міне, 1992 жылдың да алғашқы айлары артта қалып барады. Өстіп торығып жүрген күндердің бірінде «Үрімшіге Қазақстан ақын-жазушыларының шағын делегациясы келіпті» деген хабар қалада желдей есті. Жылтыраған бір болар-болмас үміт оты жанымызды жылытып, кәдімгідей еңсеміз көтеріліп қалды. Себебі делегация өзге емес ақын-жазушылардан құрам тапса, әрі оның құрамында қазақтың ұлтшыл зиялылары Рымғали Нұрғалиев пен Мұхтар Мағауин, Оралхан Бөкеевтер бар болса, олардың біздерге – атажұртқа жетсек деген шетелдік қазақ жастарына қолұшын бермеуі мүмкін бе?! Осы арманға тұмсығымыздан жетектелген біздер, ал келіп Қазақстаннан келген делегацияны іздейік. Қаладан адрессіз адам іздеу дегеніңіз көлдің түбінен ине іздеумен пара-пар далбаса ауқат болып шықты. Не келген делегацияның келіп тоқтаған жерін бізге ешкім айтпайды. Біледі-ау деген ағаларымыздың бәрі «білмейміз!» дейді, шынымен білмей ме, әлде атажұрттан келген ағаларымызды қызғана ма, жоқ, аузы күйіп қалған байқұстар қорқа ма, әйтеуір бізге ешкім ештеңе айта қоймады. Сосын Үрімшінің қонақүйлерін өз бетімізше сүзіп шығуға бел будық. Өстіп жүріп бірер күнді өткізіп алдық. Бір күні кеште Бақытбек, Қайрат деген жігіттер: «Ол кісілердің дерегін таптық – «Күнлұн» қонақүйіне түсіпті», – деген қуанышты хабар жеткізді. Ертеңіне барсақ, «Олар кеше кетіп қалды!» – деді қонақүй қызметкерлері. Біз сан соқтық та қалдық...
Келесі жылы, яғни 1993 жылдың наурыз айында әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің арнайы шақыруымен қытай тілінің маманы ретінде атамекенге оралдым. Ол заман – шетелден Қазақстанға келуге жол табу қиын, жол тауып келсең тұрақтап қалу қиын, тұрақтап қалсаң азаматтық алу қиын... Жан бағу одан да қиын болып тұрған кез еді ғой. Шеттен келген – онда да бір жетіскен бай ел емес, халқының қарны енді-енді тоғайып келе жатқан, социалистік жүдеу елден келген бізді қойып, осында тұтас елі-ауылы, жанашыр туыс-бауыры бақадай шулап отырған жергілікті зиялылардың өзі «шықпа жаным шықпамен» зорға жан сақтап отырғанын көз көрді. Осы қалың қиындықтар бірінен кейін бірі желкемізге қонжиып, мүлдем аздырып-тоздырмағанымен, әжептәуір титықтатып тастағанын несін жасырайық?! Осы қиындықтарға төзбеген біраз жерлестерім «Атамекен аман болсын!» деп аттың басын кері бұруға мәжбүр болды... Айтайын дегенім бұл емес, өстіп жүріп 2-3 жыл өте шығыпты. Әрине, бұл 2-3 жылда ұстаздықтың сыртында, республиканың «Азия», «Парасат», «Түркістан» қатарлы мерзімді басылымдарында, «Алатау» телеарнасында әдеби қызметкер, шолушы болып қызмет атқардым. Қыруар өлең, неше ондаған ғылыми, танымдық, публицистикалық, аударма еңбектерім жарияланды. Жұрт «ақын, жас ғалым» десе, соған мәзбіз... Өмір осылай өтіп жатты.
Өстіп жүрген күндердің бірінде, жаңылмасам, 1996 жылдың жазында осы күнгі филология ғылымдарының докторы, профессор Қ.Алпысбаевтың үйіне бір шаруамен қаңғалақтап жетіп барсам, төрінде сол кездегі Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, біраз жылдың алдында Үрімшіде ұстатпай кеткен ағам, Алаш жұртының айбоз ұлы, әйгілі ғалым Рымғали Нұрғали отыр екен. «Қойдың бәрі қасқырды таниды, қасқыр қойдың бәрін танымайды» дегендей, мен ол кісіні бірден тани кеттім, сәлем бердім. Құныкең әуелі ол кісіні маған, сосын мені ол кісіге таныстырды. Атағы Алатаудай ғалымды алғаш рет жүзбе-жүз көруім. Бір таңғалғаным, ол кісінің бойынан әлдеқандай «атақты» адамдарда ретті-ретсіз кезігіп қалатын бұлдану, нәнсіну, сыздау, тәкаппарлық, кесірлік, орынсыз мақтан т.б. пендешіліктердің нышаны да байқалмады, керісінше әр әңгімесін әзілмен көмкеріп, сыпайы һәм қазақы юмормен сөйлейтін, нені болса да бетке тіке айтатын кісі екен. Әйгілі ғалымның болмысындағы осы қасиет бізге ерекше ұнады. Әңгіме қызығымен біраз отырып қалыппын. «Қонақтың үстіне қонақ келсе қотыр болады» немесе «Екі кісі бейім тұрса, есті кісі кейін тұрады» деген атам қазақ жоралғысымен, тұруға, жүруге қам жасап едім, Рағаң да, Құнағаң да мүлде рұқсат етпеді... Сосын орныма қайта жайғастым. Дастарқан басындағы әңгіме болғанымен, тақырыбы ауқымды, мағыналы – тәуелсіздік тағдыры, отаршылдық кезеңнің зардаптары, қазақ әдебиетінің жай-күйі, елдің демографиялық жағдайы, шеттегі қазақтардың тағдыры, ғалым Б.Кенжебаев, әнші Ж.Кәрменов туралы естеліктер т.с.с. әңгіме арнасы бірден бірге ауысып, өте көңілді отырмыз. Бір әредікте Рағаң менен: «ғылыми атақ-дәрежең бар ма?» – деп сұрады. «Қытайда қорғаған жоқпын, бірақ осында оқу, қорғау ойым бар», – дедім. Ол кісі Қытайда қорғамағанымның себебін сұрады. Мен Қытайда жоғары оқу орындарында болсын, ғылыми мекемелерде болсын, ғылыми дәрежені аса қатты талап ете қоймайтынын, оның есесіне әр саланың өзінің ғылыми атағы болатынын, оны тәжірибеге, нақтылы еңбек нәтижесіне қарап беретінін, соған байланысты ол елде жоғары білімнен кейінгі ғылыми ізденістің (магистратура, докторантура) жаппай үрдіске айналмағанын, осылайша өзімнің де ешқандай бір ғылыми дәреже қорғамай-ақ, академияның орта дәрежелі атағын алғанымды тәптіштеп айтып бердім. Мұнымды мұқият тыңдап алған ғалым ағам: «Қазақстанда біржола қалатын ойың бар ма?» – деді. «Иншалла қалдым. Азаматтық алдым» – дедім. «Олай болса енді қорғау керек, менде бір керемет тақырып бар, кімге берсем екен деп басым қатып жүр еді, сен жақсы кезіктің». Рағаң әй-шәйға қарайтын емес. Мен сөздің бір кезегінде, мұнда аспирантураға түсудің де, түскен соң қорғаудың да оңай емес екенін, соған байланысты торығып, ойланып жүргенімді айттым. Рағаң: «Торықпа бала! Қайтпа, батыр Албан! – деп арқамнан ақырын ғана қағып қойды да, – өзің Мұстафа Шоқайдан аумайды екенсің, саған сол Мұстафа Шоқай бабаңның аруағы риза болатын бір тақырып берейін, тә-ә-әк, бүгін жексенбі, сен маған сәрсенбі күні түстен кейін сағат үште кафедраға кел, келістік пе?». «Келістік!».
Уағдалы күні сағат 15:00-де жұрт «Қабдоловтың кафедрасы» атап кеткен Қазақ әдебиеті кафедрасына имене кірдім. Рағаң төрде отыр екен, қасында кафедраның 3-4 мұғалімі бар. «Кел Мұстафа Шоқайдың інісі, былай кел», – деп маған бір орын нұсқады. Аздан соң Рағаң орнынан тұрып маған: «жүр, екеуміз оңаша сөйлесейік», – деді де, мені іргелес бөлмеге ертіп кірді. Кірген бойда жаттап алған адамша ағыл-тегіл сөйледі де кетті. Үнсіз тыңдап отыра бердім. Сондағы Рағаң әңгімесінің жадымда қалған ұзын ырғасы мынау.
«ХХ ғасырдың басы адамзат тарихында әлемнің түкпір-түкпіріне саяси ояну, рухани сілкініс әкелумен ерекшеленді. Бұл арада жер жүзіндегі оянулар мен сілкіністерді санамалап жату басы артық сөз болар еді. Біз тек айтарымызға арқау болғалы отырған өңірлердегі – Қазақстан, Ресей, Қытай елдеріндегі, ХХ ғасыр басындағы тірлікті еске алайықшы. Ресейдегі қазан төңкерісі, коммунистер жеңісі, КСРО деп аталатын еуразиялық алып державаның өмірге келуі, Қытайдағы «4-мамыр» жастар қозғалысы бастатқан демократиялық-ағартушылық бағыттағы толқулар, гоминдаң және коммунистік партияларының құрылуы, ең соңында ҚХР дейтін империяның өмірге келуі, Қазақстандағы 16-жылғы көтерілістер, «Алаш» партиясының өмірге келуі, ұлт-азаттық бағыттағы рухани-ағартушылық сілкіністер, «Тұтас Түркістан» идеясының өмірге келуі, ол идеяны қолдаушылардың ақыр аяғында еуразиялық алып державаның қанды шеңгеліне ілініп, жаппай қырғынға ұшырауы... т.б. Осының бәрі сөз болып отырған кезеңдегі адамзат қоғамында болып жатқан ояну мен жаңғырудың қазақ халқы мен қазақ қоғамын да айналып өтпегенін толық айғақтайды. Ал Ресей мен Қытайдағы ояну мен сілкіністер өзінің діттеген жеріне жетіп тынды да, тек біздегі ояну мен сілкіністер жөргегінде тұншықтырылды. Алайда қудалауға ұшыраған Алаш рухы, ұлт-азаттық идея енді біртіндеп КСРО аумағынан тыс жерлерде әрекет ете бастады. Сондай өңірдің бірі Шығыс Түркістан, қазіргі Шынжаң болғаны белгілі. ХХ ғасырдың 20-жылдарынан ҚХР құрылған 1949 жылға дейінгі Шығыс Түркістанда болған ұлт-азаттық күреске, Шығыс Түркістан Республикасының құрылуына ұйытқы болған бір-ақ нәрсе, ол – Алаш азаттық идеясы. Осы идеяны жырлап, халықты оятқан, алды атылған, арты Қытай түрмесінде шіріген қаншама ақын-жазушылар бар. Айталық, Ақыт, Таңжарық, Көдек, Әсет, Әріп, Жүсіпбекқожа, кешегі Бұқара, бүгінгі Омарғазы т.б. толып жатыр. Осылардың шығармашылығы мен өмірбаянын, сол кезеңнің әдебиетіндегі ұлт-азаттық идеяны, оны жырлаушы ақын-жазушыларды атажұртқа оралту, ғылыми айналымға енгізу бүгінгі қазақ әдебиетіндегі көкейтесті міндет. Ол үшін сол жақта туып-өскен, сол жақта жоғары білім алып келген, қытай тілін жетік білетін адам болса деп армандап жүр едім. Өйткені онсыз бұл тақырыпты діттеген жерге жеткізу қиын. Міне, сені маған, маған ғана емес, қазақ әдебиетіне, тіпті Қазақстанға құдай айдап келіпті. Енді «ұрыста тұрыс жоқ» деген, білекті сыбан да кіріс. Тақырыпты «Қытай қазақтары поэзиясындағы ұлт-азаттық идея (ХХ ғасырдың 20-50-жылдары)» деп алайық.
Осы ойларын айтып болды да, Рағаң: «келістік пе?» деді. «Келістік» дедім.
Осы «келісімге» тура үш жыл толғанда, яғни 1999 жылдың мамыр айында ұстаз айтқан тақырып бойынша кандидаттық диссертациямыз сәтті қорғалды. Ұстаз дән риза. Қолымды алып тұрып маған бүй деп бата берді: «Дүкен, үмітті ақтадың! Қазақ әдебиетіндегі ауқымды бір ақтаңдақтың орнын толтырдың. Оны айтпағанда қаншама шаһит кешкен аруақтарды тірілттің, олардың сауабын алдың. Ендігі өміріңде сол аруақтар саған жар боп жүрсін! Атажұртыңда – Отаныңда жұлдызың жоғары болсын, аумин!». Мен тебіреніп кеттім. Батаға да, басқаға да емес. Екі дүниедегі жалғыз тұрағым – Отанымнан Рағаңдай шын жанашыр, асыл аға тапқаныма!
Кейін тағы да сол Рымғали ағамның ғылыми кеңесшілігімен докторлық диссертация қорғадық... Ол кезде де ұлт руханияты мен қазақ әдебиетіне өте қажетті, мүлде тың тақырып ұсынды.
Қарап отырсам, алғаш танысқан күннен бастап ұстаздың ұлы жүрегі тоқтағанға дейін қасынан екі елі қалмай 15 жыл бірге жүріппін. Осы он бес жылда ол кісінің бойынан көрген-білген асыл қасиеттерді, бірге болғандағы небір қызықты да тағылымды сәттерді іріктеп қағазға түсіргеннің өзінде үлкен бір кітапқа жүк болады екен.
Ал ұзын сөздің қысқасын, көп сөздің тоқ етерін айтсам, академик Рымғали Нұрғали ерекше дарын иесі ғана емес, туған халқын шексіз сүйген, өте ұлтшыл азамат еді. Бұл сөзімізге дәлел боларлық деталь дегеніңіз мың сан. Жоғарыдағы бізге берген кандидаттық және докторлық диссертация тақырыптарын біз, әсте жайдан-жай айтып отырған жоқпыз. Соның өзінен-ақ саналы оқырман көп жайды аңғарып отырған болар...
Мемлекеттік тілдің тағдыры, жер-су аттарын қазақшалау, сананы отарсыздандыру, жас ұрпақты отаншылдық бағытта тәрбиелеу, елдегі демографиялық жағдай, шеттегі ағайындарды жеделдетіп көшіріп әкелу т.б. ұлт тағдырына, ел болашағына қатысты толып жатқан мәселелер Рағаңның жанын қатты мазалайтын, жүрегін жиі ауыртатын. Сол ұлы жүрек, 70 жасын тойлауға санаулы айлар қалғанда, 2010 жылы ақпан айында соғуын тоқтатты...
Ұстаз ұлылығының, аға жанашырлығының тағы бір шапағаты Әлихан, Мағжан, Әуезовтерден өзінің ұстазы Б.Кенжебаевқа, одан өз бойына дарыған алашшылдықты, ұлтшылдықты біздің, біз арқылы келешек ұрпақтың санасына құйып бергені, яғни бізді де осы қасиетті шерудің қатарына – ұлы жолға алып келгені! Мен осыған тәубе деймін һәм мақтанам!
Жаның жәннатта болсын, менің Рағам!
Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,
Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері