16 Шілде, 13:08 1105 0 Атажұрт Бақытбек Қадыр

Қадыхан Манайұлы: Өнердің арқасында атажұртпен қауыштым

Дәстүрлі әнші Қадыхан Ма­най­ұлы – Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында туған. 2019 жылғы «Қа­зақстан» ұлттық арнасы ұйым­дас­тырған «Мен қазақпын» мега­жоба­сы­ның финалисі. Басқа да көптеген ән байқау­ларының жүлдегері.  Қазір Шы­ғыс Қазақстан облысы, Ұлан ау­дандық Мәдениет үйінің қызметкері және Өске­мен қалалық филармониясының әншісі. 

Atajurt жобасы аясында Шығыс Қазақ­стан облысына жасаған сапар барысында қандасымыз Қадыхан Манайұлымен кездесіп, әңгімеге тартқан едік.

– Адамның есімі өз тағдырына да әсер етеді деп жатады. «Қады­хан» деген есім қазақ арасында си­рек кездеседі. Қандай мағына­ береді?

– Иә, есімімнің мағынасы жайлы көп адам сұрап жатады. Менен кейін Надыхан де­ген інім бар. Қадыхан, Надыхан деген есім­дерімізді атамыз Құран сүрелерінен алып қойыпты. «Қадыхан, Надыхан» сөз­дері – тұяғынан от шашқан тұлпар деген мағына береді екен. Содан да шығар, бала жастан жылқы құмар болып өстім. Сәй­гүлік баптап, аламанға ат қосып тұрамын. Атбегілік өнерді мен әкемнен үйрендім.

– Атажұртқа қашан, қалай кел­діңіз?

– Мені атажұртқа әкелген – өнер. Құ­дай берген бойдағы азды-көпті өнердің ар­қасында ел мен елдің арасын жалғап жүр­міз. Қазақ еліне таныстырған да, та­быс­тырған да – өнер. Қазақ болып туған соң атажұртын аңсамайтын қазақ жоқ. Біз­дің аталарымыз да атажұртқа жетуді армандап кетті. Мен – атажұртқа аман жет­кен аталарымның арманымын.

Майра Ілиясова апайдың шақыр­туы­мен мұнда біраз концерттерге келіп жүр­дім. «Алтын домбыра», «Күміс көмей, жез­таңдай» секілді кештерге қатыстым. Менің Қазақстанға келгеніме төрт жыл болды. Негізінен, Шығыс өңіріне көп шақырту алыппын. Осы өңірдің белді азаматтары «елге кел» деп шақыртқан соң,  Өс­кемен қаласына келдім. Өскемен – Бай-Өлкенің өкпе тұсы. Арада шекара бар демесең тиіп тұр. Екеуі де бір Өр Алтайдың екі бөктері. Нені аңсасаң, соған жетесің дей­ді. Ниет түзу болса адам жетеді екен. Аң­­саған атажұртқа да жеттік. Өсіп-өркен­деп, ортамызды тауып, бұл жақтан да ұстаз тауып, білім алып, өнерімді шыңдап, өмір-тіршілігімізді де жалғастырып жа­тырмыз.

(Әнші әңгімесін осы жерден үзіп, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың сөзі­не жазылған әйгілі композитор Тұрсын­ғазы Рахимовтың «Нені аң­сай­мын» әнін орындап берді).

Туған өлке, туған жұрт, сені аң­саймын,

Heгe аңсаймын, білмеймін, неге аңсаймын

Ұл де,  мейлің, адасқан құл де,  мейлің,

Сені аңсаймын, туған ел, онан сайын!

– Жаңа бір сөзіңізде «ұстаз тап­тым» деп қалдыңыз. Соған орай бір сұрақ қойғым келіп отыр. Әр өнер­­паз өнер жолына түскенде бел­­гілі бір адамды үлгі тұтып, со­ған еліктейтіні бар ғой. Сіздің ұс­та­­зыңыз қазақ әнінің дарабозы Қай­рат Байбосыновтың шәкірті, арғ­ы-бергі қазаққа белгілі әнші Ше­рікбай Ұнатұлы деп естиміз. Бірақ өмірден ерте өтіп кетті. Ұс­та­­зыңыз жайлы айтыңызшы.

– Өмірде де, өнерде де үлгі болған, ба­ғыт берген ұстаздарым көп. Қазір де шә­кіртпін. Өнерде болдым-толдым деуге келмейді. Менің алғашқы ұстазым әкем бол­ды. Ол кісі де сегіз қырлы, бір сырлы сал-сері адам еді. Сол әкемнің той-тома­лақ­та ән айтуы, айтысатыны, домбыра шертетіні, құсбегілігі, атбегілігі – бәрі мен үшін өнеге болды.

Ал нағыз өнерге баулыған ұстазым бел­гілі әнші Шерікбай Ұнатұлы. Бүгінгі қа­зақтың бас әншісі Қайрат Байбосынов­тан оқып, табиғат берген өнерін шыңдап келген кезі болса керек. Шерікбай әнші біздің әулетке күйеу болып келді. Өзінің құдалық тойында Шекең өзі ән салды. Бұл не деген керемет дауыс! Күн күркірегендей, нөсер сіркірегендей, таудан өзен құлап ақ­қандай төгіледі екен. Тойға келген жұрттың бәрі қайран қалды. Ол кезде мен кішкентай баламын. Өзім де той-тома­лақта былдыр-шылдыр ән айтып жүре­тінмін. Маған қатты әсер етті. Шекең бол­ғым келді.

Айта берсек, ол кісі туралы естеліктер көп. Ғұмыры аз болған соң ба, Алла Тағала бә­рін асығыс дайындап бергендей. Тіптен өмір­ден өтер жылдары әншілігімен қатар актерлік өнері де шарықтай түсті. Отыр­ған жері думан-той еді. Шекең дастарқанға жиылған алқа-қотан отырысты қыран-топан күлкіге көміп жіберетін. Сондай қасиетті адам еді. Көп әнді сол кісіден үй­рен­дім. Бірақ амал қанша, енді ақыл тоқ­татып, өнерді тереңірек түсінетін кез­де ортамыздан кетіп қалды.

Осы жаққа келгеннен кейін Шығыс өңірінің дауылпаз әншісі Әділ Тұрғанбаев ағамыздан тәлім алдым. Күні бүгінге дейін сол кісінің шәкіртімін.  Біз Қайрат Байбосыновты тыңдап өскен ұрпақпыз. «Қыз Жібек» фильмінен Қайрат ағаның даусын естіп, арқамызға қанат біткендей рухтанушы едік. Қазақ ән өнерінің асқар шыңы, ұстазымның ұстазы Қайрат аға Бай­босынов биыл 70 жасқа толып отыр. Өнер айнасы, көп жастарды әнге құмар қыл­ған дарабоз. Сол Қайрат ағадан Шерік­бай ұстазымның үйреніп, айтып отыра­тын әндерінің бірі «Гәкку» болатын.

(Әңгімеміздің осы тұсына келгенде әншіден ұстаздарынан үйренген «Гәкку» әнін орындап беруін сұрадық).

– Өскемен қаласы – төртке бө­лін­ген Алтай топырағының бір пұш­­пағы. Алтайдағы түркі ха­лық­та­рының тарихы да сан қилы. Алай­да сол тарих ұрпаққа ән-күй бо­лып жетті. Бірақ қазір Алтай-Тар­­бағатай және Алтай-Қобда дәс­түр­лі ән мектебінің насихаты да, орындаушылары да аз екені рас. Бұған өзіңіз қаншалықты үлес қосып жүрсіз?

– Алтай-Тарбағатай және Алтай-Қобда өңірі ежелден ән мен күйге бай топырақ. Соның ішінде өзім бала кезден тыңдап өскен Бай-Өлке қазақтарының небір ғажап әндері қазір ұмыт бола бастады. Бұл ретте күй зерттеушілер өте тыңғылықты жұ­мыс істеді. Белгілі күйші, композитор Қа­быкей Ақмерұлы, күйші, өнер зерт­теу­шісі Мүсайып Құсайынұлы қатарлы аталарымыз Алтай-Қобда қазақтарының күй мұрасын еркеше жауапкершілікпен бүгінгі дәуірге жеткізді. Әрбір күйдің аңызы, нотасы және күйтабақ аудионұс­қасымен қоса кітап қылып шығарды. Қазақстаннан да көптеген күй зерттеу­шілер Алтай-Қобда өңірінен күй жинақ­тады. Соның бірі – дәулескер күйші, өнер зерттеушісі марқұм Базаралы Мүптекеев бо­латын.

Ал Алтай-Қобда қазақтарының ән өнері осындай деңгейде зерттеліп, наси­хатталды деу қиын. Кеңес кезінде Қабы­кей Ақмерұлы, Мүсайып Құсайынұлының жинақтауымен «Моңғолия қазақтарының халық әні» деген үлкен жасыл кітап шықты. Қателеспесем, ішінде 500-ге жуық ән болды. Бұл тек халық әндері ғана. Ал ел ішінде жекелеген авторлық әндер қан­шама? Міне, осы әндердің (көбінің) орын­даушысы қазір жоқ. Тек кітапта мәтін және нота күйінде ғана тұр. Қазіргі оқып жат­қан жас әншілер осындай ән мұра­ларын зерттеп, қайтадан халыққа жеткіз­се ғой деген арманым бар. Өзім де қал-қа­дерімше сол бала күнімде дала мектебінен үйренген әндерді орындап, насихаттап жүрмін. Қазір сіздерге атақты «Ағажай Алтай» әнін ұстазым Шерікбай Ұнатұлы­нан үйренген  нұсқасын орындап берейін.

(«Ағажай Алтай» әні – күллі Алтай тауларының баурайын мекен еткен түркі халықтарының мұңлы тағдыры мен ерлік тарихынан сыр шертетін ән.  Алтай өңірінің әнұранына  айнал­ған «Ағажай Алтай» әнінің бұрын-соңды естімеген өзгеше бір нұсқасын тауып, тыңдарманмен қауыштыру осы сапарымызда тапқан олжамыз болды).

– Бай-Өлкедегі өнерпаз­дар­дың ортасынан өсіп шықтыңыз. Жал­пы, сол жақтағы дәстүрлі ән­шілер жайында қысқаша айта кет­сеңіз. Көбі баритон дауысты бо­лып келетін сияқты?

– Иә. Негізі сол жердің топырағынан болуы керек, моңғолдың әншілерінің де көбі бас-баритон және баритон болып ке­леді. Жіңішке дауысты тенорлар аз. Сол да әсер ете ме, расында баян-өлгейлік дәс­түрлі әншілердің көбі бас-баритон және баритон дауысты. Ертеректе Жанатхан, Далабай деген әншілер болыпты. Одан кейін Ресейді мойындатқан моңғолдың атақты Цэвэгжавын Пүрэвдорж деген опера әншісі болған, сол кісінің шәкірті болып, тәлімін алған Қанат Әпшүкірұлы деген әнші ағамыз болды. Қанат ағамыз Бай-Өлке қазақ драма театрында  және мұғалімдер коллежднде бокалдан сабақ берді. Ал одан кейін Көгершін Ілиясұлы, Нұрбат Ибатұлы, Шерікбай Ұнатұлы, Жанатбек Қалқабайұлы, Қадыхан Манайұлы және Өзгеріс Шерік­байұлы бар бәріміз осы бас-ба­ритон және баритон дауысты әншілер­міз. Сонымен қатар, бас дауысты опера әншісі Еркін Жанайхан да Бай-Өлке топырағында туған әнші. Басқа да айта берсек жақсы әншілер бар. Бірақ бізде қазақтың дәстүрлі клас­сикалық өнерін оқыған кәсіби өнер­паз аз. Көбі табиғи таланттар. Негізінен әр салаға кәсіби білім қажет екені сөзсіз. Ал шетел­дердегі қазақтың ән-күй өнерін сақтап қалу үшін еліміздегі өнер универ­си­теттері мен колледждерде арнайы грант­пен өнерлі жастарды көбірек оқыту қажет деп ойлаймын.

– Қазір немен айналысып жүр­сіз?

– Жаратқан кәсіпті өнерден берген соң, соны жалғастырып келемін. Бала кез­ден өмірімді өнермен байланыстырып ал­ғандықтан ба, өнерден сәл қол үзіп қал­сам, жан сақтай алмай қалатындай боп тұрады.

Өскеменде өзі әнші, өзі айтыскер ақын үш рет мәслихат депутатына сайланған Нұртай Тілеужан деген ағамыз осында шақырды. Қазір Ұлан аудандық мәдениет үйінде қызметтемін және облыстық «Алтай-Ертіс» концертінің (бұрынғы фи­лармония) әншісімін. Осындай екі жерде қызмет атқарып жүрмін.

Соңғы жаңалықтар