Әскерхан Ақтай: Шығыста квотаға қол жеткізе алмай жүргендер көп
Әскерхан Ақтай: Шығыста квотаға қол жеткізе алмай жүргендер көп
Шығыс Қазақстан облысына алыс-жақын шетелдерден көшіп келген қандастардың тыныс-тіршілігімен танысу үшін Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Отандастар қоры» филиалының жетекшісі Әскерхан Ақтаймен жолығып, мәселенің мән-жайын өз аузынан жазып алған едік.
– Шығыс Қазақстан облысы – шетелден келген қандастар ең көп шоғырланған өңір. Облыстың Көші-қон қызметі басқармасына ресми сауал жолдап, қанша қандас оралды дегенді анықтадық. Сонда 2000 жылдан бері 48 мыңнан астам қандас азаматтық алыпты. Ал 2000 жылға дейін де 50 мың қандас келді деп есептейміз. Табиғи өсімін қоса есептегенде 200 мыңға жуық қандас Шығыс Қазақстан облысына көшіп келіпті. Бұл еліміздің демографиялық ахуалына қосылған «донор». Еліміздің экономикасына, тіліне, өсіп-өркендеуіне және рухани-мәдениетіне де үлкен үлес қосып жатқан қазақтың бір бөлігі. Тек осы шығыстың өзінде ел руханиятына үлес қосқан азаматтар көп. Солардың бірі атақты сыбызғышы Кәлек Құмақайұлын айрықша атауға болады. Айтыскер ақын Нұртай Тілеужанұлы – үш рет сайланған аудандық мәслихат депутаты. Облыс әкімінің кеңесшісі Маржан Бақытқызы деген қарындасымыз бар, қазір «Шығыс адалдық алаңы» деген ұжымның үйлестірушісі және қалалық мәслихаттың депутаты.
Әдебиет саласында да біршама азаматтарды атауға болады: Қытайдан көшіп келген Төлеген Құмарұлы, Мұхамеди Бекбақыт, Гүлиманат Әуелханқызы деген ақындар бар. Қызырбек Дүргінбайұлы, Алтынғадыс Күнтуған, Дәулетберді Жекей, Дана Исағұлқызы, Жанар Рахат секілді талантты ақын жастар бар. Мұратхан Кенжехан, Олжас Керейхан, Жанболат Санияз секілді жаңалыққа жүйрік журналистер де осында. Сонымен қатар Бақыт Кеңшілікұлы деген мықты қолөнер шебері бар. Үржар ауданында тұратын атбегілікпен және құсбегілікпен айналысатын сегіз қырлы, бір сырлы Тәттімбет Кәпұлы деген азаматты айтуға болады.
Дәстүрлі әнші Қадыхан Манайұлы да қазір шығыстың мақтанышына айналды. Көптеген ән байқауларының жүлдегері. Серік Қуанғанұлы, Хабдолда Бейісхан қатарлы мықты айтыскер ақын бауырларымыз бар.
Квота ала алмай жүргендер көп
Квота – шетелдегі қандастардың елге оралуына зор септігін тигізетін фактордың бірі. Квота бұрынғыдай көп те емес. Мөлшері біршама азайды. Бірақ сол аз болса да жаңа көшіп келген ағайынға үлкен демеу. Келген жол шығындары өтеледі, жалға алған үйінің ақшасы беріледі. Кейбір елдерде экономикалық жағдай қиын, сол елдерден келген ағайынға аздаған қаржы Қазақстанда тіршілік бастап кетуге септігі мол. Сондықтан квота берілу жайы дұрыс жолға қойылса, берілетін тетіктері жақсы қарастырылса – бұл қандастардың өңірге орналасуына оң ықпал етеді. Біздің Шығыс өңірінде өкінішке қарай, Әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мәліметіне сәйкес, 2020 жылға 150 ғана квота тағайындалды. 2019 жылы квотаға ілікпей қалған адамдар бар, биыл жыл басында келген адамдар бар, 150 квота жыл басында-ақ бітіп қалды. Қазір Шығыс Қазақстан облысында квота ала алмай қалған қандастар көп. Біздің облыс – шекаралық облыс. Ресей, Қытай елдерімен шектесіп жатыр. Қытай елінен келетін қандастарымыздың ішінде бұрын келіп, ықтиярхатпен жүргендері де көп. Ресейден, Моңғолиядан келіп, Үкіметтен белгіленген өңірлік квотасын ала алмай жүрген қандастар жетерлік. Әсіресе, Үржар, Зайсан аудандарында көп. Басқа облыстармен салыстырғанда Шығысқа көшіп келушілердің саны артық. Сондықтан алдағы жылдарда шығысқа квота саны көбеюі қажет. Бұл туралы жоғарыға хат жіберіп, мәлімдедік.Жер мәселесі және жеңілдетілген несие алу – маңызды тетік
Біздің облыс ауыл шаруашылығына қолайлы. Өнеркәсіп, мал шаруашылығы жақсы дамыған. Шетелден келген қандастар да мал шаруашылығымен және егін салумен айналысқысы келеді. Сондықтан жер мәселесі қай жерде де «күйіп тұрған» ортақ мәселе. Бізде де осы мәселе бар. 2015 жылға дейін келгендердің ішінде, Ұлан, Зайсан, Үржар аудандарына қазір бірнеше гектар жер алып, дәнді-дақылдар егіп, мал шаруашылығын дамытып жатқан қандастар көп. Соның арқасында қаншама адам жұмыспен қамтылып, ауданның және аймақтың экономикасын көтеріп отыр. Ұлан ауданында мал шаруашылығы Өскемен қаласын етпен, сүтпен қамтып отыр. Атап айтқанда, кәсіпкер Сүйеніш Бердімұраттың «Ақбауыр» жеке шаруа қожалығы қаланы қымызбен және жылқы етімен қамтамасыз етуде. Сонымен қатар қалаға жақын Бозанбай ауылында және Зайсан аудандарында мал шаруашылығын дөңгелетіп отырған қандас кәсіпкерлер көп. Жақында облыстық Кәсіпкерлер басқармасымен бірлесіп, кәсіппен айналысатын, жеке шаруа қожалық жүргізіп жатқан, табысқа жеткен қандастардың тізімін алдық. 300-ден астам шаруа қожалық жүргізіп отырған қандасымыз бар екен. Қаншама адам жұмысты болып, облыстың экономикасын көтеруде. Биыл сәуір айының басында «Отандастар қоры» және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен қандас кәсіпкерлер қатысқан онлайн конференция өткіздік. Бұған Шығыс Қазақстанның барлық жерінен кәсіпкерлер қатысты. Сонда біраз мәселе талқыланды. Әсіресе, кәсіпті дамыту үшін алатын жеңілдетілген несие ала алмай жүрген азаматтар бар екен. Айталық, Аягөз ауданынан Әзікей Бергенбек деген кәсіпкер несие ала алмай жүргенін айтты, қайда барарын білмейді, ешкім түсіндірме жұмысын жүргізбеген. Біз осы кәсіпкердің мәселесін «Отандастар қоры» және Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы арқылы «Атамекен» кәсіпкерлердің ұлттық палатасымен сөйлестік. Қазір бұл мәселе тиісті деңгейде қаперге алынды. Өскемен қаласында да жеке кәсіпкерлікпен айналысайық, несие алайық деген азаматтар көп. Қалалық жұмыспен қамту орталығының кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасымен кәсіптік оқу оқып жүрген қандастарымыз да баршылық.Жұмыс таппай жүрген қандас жоқ
Шығыс Қазақстан облысына келген қандастардың ішінде жұмыссыз жүрген қандастар жоқ деп айтуға болады. Себебі жұмыспен қамту мәселесі бізде жүйелі жолға қойылған. Сонымен қатар бізде әртүрлі өнеркәсіп мол. Ал құжаттандыруға келсек, басқа облыстармен салыстырғанда біздің өңірдегі қандастардың құжаттану мәселесі біршама алда. Кейбір жерлерде көшіп келгеніне көп жыл болса да, азаматтық ала алмай жүрген азаматтар көп. Дәл қазіргі жағдайда біздің Шығыс Қазақстанда ондай оқиға тіркелген жоқ. Олай дейтініміз, біз барлық ресми орындарға сауал жолдадық, «құжаттары реттелмей жүрген қандастар бар ма?» деп. Әзірге бізге ондай мәлімет түскен жоқ. Қазіргі жағдайда Шығыс өңіріндегі қандастардың тыныс-тіршілігі осындай.Жазып алған Бақытбек ҚАДЫР