Бар жақсылық – балаларға
Бар жақсылық – балаларға
Елбасының тапсырмасы бойынша «Бақытты отбасы» жобасы аясында өткен жылдың ақпан айында «Nur Otan» партиясы жанынан Бала құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңес құрылып, еліміздің 17 өңірі мен партияның 230 аумақтық өкілдігінде өз жұмысын бастады. Бұл бала құқығын қорғаудағы жаңа бетбұрыс болды.
Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы жылдары-ақ бұрынғы кеңестік елдер кеңістігінде алғашқылардың бірі болып Балалар құқықтары туралы конвенцияны ратификациялады. Содан бері балалар құқығына қатысты 15 құжат ратификацияланған. Мемлекет балаларды қорғау ісіне, жетім және ата-анасының қарауынсыз қалғандардың құқығын қорғауға баса мән беріп келеді.
Жыл басында әйелдер мен балалар құқығын қорғау бойынша өткізілген республикалық кеңесте «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек: «Бала құқығы туралы конвенцияны іске асыру бірнеше ұрпақ өміріне оң әсерін тигізді. Нәтижесінде, бала өлімі бес есе азайды. Білім беру, соның ішінде мектепке дейінгі біліммен қамту соңғы 5 жылда 13,6 пайызға ұлғайып, 95,2 пайызды құрады. Елімізде балалардың құқықтарын іске асыру үшін құқықтық база құрылды, оны жетілдіру жалғасын табуда», – деді.
Елімізде жылдан-жылға бала құқығын қорғау жүйесі жетіліп келеді. Партия жанынан құрылған республикалық кеңес балалардың құқығын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында біршама жұмыс атқарды. Кеңес төрағасының орынбасары, «Балалар құқығын қорғау» қоғамдық қорының құрылтайшысы Динара Закиева кеңес жұмысын жүргізуде ең алдымен баланың ең бірінші қажеттіліктерін назарға алатынын айтқан болатын.
– Қазіргі таңда балалардың 11 пайызы қиын жағдайда өмір сүреді. Жетім және қамқоршысыз қалған балаларға жағдай жасау біздің басымдығымызға айналуы тиіс», – деді ол.
Статистикаға жүгінсек, еліміздегі балалардың жалпы саны шамамен 6 миллионға жуық, оның 28 мыңдайы жетім және ата-анасының қарауынсыз қалғандар. Соңғы 7-8 жыл шамасында балалар үйлеріндегі тәрбиеленушілер саны 40 пайызға азайған. Тәрбиеленушілер санының азаюына және балалардың өз отбасына оралуына байланысты елімізде 50 балалар үйі қайта ұйымдастырылып, кейбірі жабылды.
Балалар үйі тәрбиеленушілерінің қоғамға бейімделуі, өз еркімен нағыз адам өмірінің өзіндік үлгісін құруы маңызды. Әсіресе, балалар үйлерінде тәрбиеленуі аяқталған соң оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті. Хақымыз «Жердегі бір жетім қуанса, көктегі жетпіс жеті періште той тойлайды» деген. «Жетім көрсең жебей жүр» қағидасын басшылыққа алған Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңес бұл мәселені де күн тәртібінен түсірмей келеді. Нәтижесінде, «Бақытты отбасы» жобасы аясында балалар үйінің 1 000-нан аса түлегі тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар 2 000 жетім балаға білім беру бойынша жинақтау салымы ашылды.
Арыс қаласында жарылыс болғанда партия жанындағы Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңестің мамандары апат болған аймаққа келіп, ата-аналар және балалармен жұмыс істегені де ел есінде. Кеңестің мобильді штабы аймақтардан келген гуманитарлық көмекті жинап, таратумен айналысты. Кеңес жұмысының барысында «Ниет» қоғамдық қоры 2 400 баланы киім-кешекпен қамтамасыз еткен болатын. Сонымен қатар зардап шеккен балаларға психологиялық көмек көрсетілді. Жалпы, осыған дейін елімізде 270 мыңға жуық отбасы құқықтық, психологиялық көмек алған.
Отбасын қолдауды жақсарту, балалардың құқығын қорғау жөніндегі жүйелік шараларды әзірлеу және оны жүзеге асыру мақсатында құрылған кеңестің жұмыс тобы партияның, мемлекеттің күш-жігерін жұмылдыратын бірегей алаңға айналды. Мемлекеттік органдармен қатар жергілікті әкімдіктердің жедел жұмысының және әр бағытта қабылданған ұтқыр әрі ұтымды шешімдердің арқасында кеңес жақсы нәтижелерге қол жеткізді.
Түркістан облысында «Қамқорлық» жобасы аясында партия мүшелерінің арасынан 900 отбасыға кураторлар тағайындалды. Аудан, ауылдық округ әкімдері, кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметшілер белгіленген отбасыларға үнемі материалдық көмек көрсетуге, балаларды емдеуге, тәрбиелеуге, жұмысқа орналасуға көмектесуге міндеттелді. Аталған жобаны жүзеге асыру үшін отбасыларға көмек ретінде 1 миллиард теңге бөлінген.
Ал Қостанай облысында балалар мен ата-аналар кез келген уақытта психологиялық көмек алатын бірегей фронт-кеңсе ашылды. Сонымен қатар Ақтау, Тараз қалаларында көпбалалы аналарға арналған арнайы орталық ашылды. Сондай-ақ әр аймақта бір уақытта балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты іс-шаралар жүргізілуде.
Қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтау, себебін білу, салдарын жою, ана мен бала құқығын қорғаудағы мақсат – болашақ ұрпақты заманға сай білімді де білікті етіп қалыптастыру. Бұл міндетті атқаруда әрбір ата-ананың, қоғамдық ұйымдар мен жеке тұлғалардың да атқарар жұмысы аз емес.