Жаңалықтар

Америкадағы қазақ: Қаным қазақ болған соң, Қазақстанға аңсарым ауып тұрады

ашық дереккөзі

Америкадағы қазақ: Қаным қазақ болған соң, Қазақстанға аңсарым ауып тұрады

Сонау 1989 жылы ағайынды Табыс және Жолды Келбатыровтар бала-шағасымен бірге мұхит асып, Қазақстаннан Америкаға қоныс аударған болатын. Араға отыз жыл салып, Табыстың кенже ұлы Михаил Келбатыров әлеуметтік желілердің біріндегі шетелдегі қазақтарға арналған топта өз басынан өткен оқиғасын жазыпты. Онда ол қазақ тілін үйреніп, қазақ мәдениетімен танысқысы келе­ті­нін де атап өткен. Осыған орай есейген шағында тума-туыстарын із­деп, ата-тегі, тарихи Отанын танып-білуді көздеген алыстағы Ми­хаилмен хабарласып, әңгімеге тартқан едік. – Михаил, Facebook желісіндегі Kazakhs in America тобына өзіңіз туралы мәліметті қалдыруыңызға не түрткі болды? – Шыққан тегім, ата-бабам, туған же­рім туралы көп мәлімет білгім келді. Себебі отбасымның тарихы, соның ішінде әкем­нің туыстары туралы аз-маз білемін. Сол себепті қазақтарға қатысы бар топтың бар екенін білген соң, сонда жазғым келді. – Сол жазбаңызда 1989 жылы от­­басыңызбен Қазақстаннан Аме­ри­каға көшіп келгеніңізді айт­тыңыз. Ал көшкенге дейін Қазақ­стан­­ның қай өңірінде тұрдыңыз­дар? – Жалпы, әкем Табыс, анам Галина да Қа­ра­ғанды облысына қарасты Абай ауда­нының тумалары. Мен де осы жерде дү­ние­ге келдім. Менімен қоса, туған бауырларым да сол Абайда туған. Үйдің кенжесі Джесси­ка есімді қарындасым ғана Америкада дүниеге келді. – Туыстарыңыз ата тегіңіз ту­ра­лы айтып берген болар? – Иә, адай руынан тарайды екенбіз. Ал­­матыда тұратын қарындасым ру, соның ішінде жеті атаға қатысты көп мәліметпен бө­лісіп, нәтижесінде қазақ шежіресіне қы­зы­ғушылығымды оятты. Алдағы уақытта сол шежірені асықпай қарап, кімнің кім­нен тарайтынын толық түсінгім келеді. – Қазақ шежіресімен таныс бол­масаңыз да, Қазақстанды сыр­ты­нан бақылап жүрген бо­ларсыз. Шетелде тұратын көпшілік Қа­зақ­стан десе, бірден Геннадий Голов­кин не­месе Димаш Құдайбергенді айта жөнеледі. Ал сіз бізден кімді танисыз? – Әлбетте, екеуін де танимын. Біздің жақта Головкиннің өнеріне көпшілік тәнті. Ал Димаштың жөні тіптен бөлек. Айна­ламда K-pop, яғни кәріс поп музыка бағы­тына қызығатындар Димаш десе ішкен асын жерге қоятынын білемін. Айта ке­терлік жайт, Димаштың қазақ тіліндегі бір әні қазақ тілін үйренуге деген қызығу­шы­лығымды одан сайын арттырып жіберді. Мұнда тек әуені ғана емес, сонымен қатар, сөздері де маған бір ыстық секілді көрінді. Жалпы, қазақ тілінің дыбысталуы ұнайды. Сон­дықтан қазақ тілін үйренгім келеді, десек те қазақ тілін мұның тартымды­лы­ғы­на бола емес, менің тарихымның бір бө­лігі болғандықтан үйренгім келеді. Қа­зақстанды сыртынан бақылап жүретінім рас. Қазақстан десе, елең ете қалатын Аме­рика тұрғындарының біріміз. Жалпы, Қазақстан табиғи ресурсқа бай мемлекет екенін білемін, елді көбіне-көп мұнаймен байланыстырамын. Сосын интернеттен ви­деолар мен суреттерді арнайы іздеп, қара­ғанмын, сол кезде қалалардың, әсіресе мегаполистердің сәулеті заманауи стильде салынғанына таңғалдым. Айта кетерлік жайт, қазақ жастары білімін тереңдетуге құштар келеді екен. Жоғарыда айтқан туыс­қандарыммен сөйлескенде үлкенінен кі­шісіне дейін өте білімді, кішіпейіл, ашық-жарқын екенін байқадым. Сосын қазақтар­дың өте қонақжай халық екенін білемін. – Тіл үйрену демекші, Аме­ри­ка­да білім алып немесе жұмыс істеп жүрген қазақтардың қарасы көп. Оларға қазақ тілін үйрету туралы ұсы­­ныс айтсаңыз, бас тартпайты­ны анық. – Иә, өзім де осында тұратын қазақ­тар­мен кездесу ұйымдастырып, арасынан бі­реуіне сұрау салғым келіп жүрген. Жал­пы, биыл әйелім екеуміз жақын тұратын қа­зақтардың басын қосып, жақыннан та­ныс­қымыз келген еді. Оның үстіне олар ұлт­тық мерекелерге қатысты фестиваль өт­кізіп тұратынын еститінмін, алайда биыл пандемияға байланысты біз ұйымдас­тыр­ғымыз келген кездесу де, фестиваль де өт­пей қалды. Сөйтіп тіл үйренуге қатысты жос­парым іске аспай тұр. Бұрын көп сөзді білетінмін, қазір ұмытып қалыппын, «ас­салау­мағалейкумнан» ары аса алмай­мын. Жалпы, есейе келе барлығы басқаша бола­ды екен. Әлі есімде, мектепте оқып жүр­ген­де орысша сөйлейтініме, есімімнің Михаил екеніне ұялып, Майкл деп айтатынмын. Себебі достарымның барлығы амери­ка­лықтар. Түптің түбінде адам баласы тұрған жері, өскен ортасының тұрмыс салтына мойынсұнбай қоймайтыны анық. Ал қазір есейіп, ес жиған кезде тұрған жеріңнен бө­лек, туған жеріңді, шыққан тегіңді із­деуіміз де заңдылық. Тілді ұмытыңқырап қалғанымыз рас. Әйтсе де, туыстармен араласу, сабақ алу арқылы тілді жетілдіріп ала­мыз деп сенемін. Сосын тағы бір ай­тарым, Америкада балалар тек ағылшын тілінде сөйлейді. Өзімнің екі жасар ұлым­ды қазақшаға да, орысшаға да кішкентай кезінен үйретпекшімін. Балам шыққан тегін, кімнің немересі екенін білсе екен деймін. Айтпақшы, әлгі менің жазбамның астына бір кісі «Не үшін білгің келеді, неге артқа қайтқың келеді, мұнда келіп керек емес!» дегендей пікір қалдырыпты. Мұны оқығанда шыны керек таңғалдым. Тегім Келбатыров, қаным қазақ бола тұра неге білмеуім керек?! Бұл – тарих. Қан тартып тұрады. Түп-тұқиян, тек-тарихыңды білме­сең, тіпті білуге ұмтылмасаң, онда қандай адам болғаның?! Ел ішінде жүргендерге бұл басқаша болуы мүмкін, десек те мен үшін менің атам, әкеме қатыстының барлығын білу маңызды. Сол себепті келер жылы Қазақстанға баруды жоспарлап отырмын. – Әкеңіздің інісі Жолды аға қа­зақ­ша білетін болар? – Иә, Жолды аға қазақша сөйлейді. Ол кісі өмір бойы бизнеспен шұғылданып, қа­зір зейнетке шықты. Өте еңбекқор кісі, өз ортасында өте сыйлы кісі. Десек те, қа­зақ тілін үйрет дейтіндей, жиі кездесе бер­мейміз. Себебі ол кісі бала-шағасымен Пен­сильвания штатында тұрады, үлкен әп­кем Джорджия, ал қалғанымыз Кали­фор­ния штатында тұрамыз. Отбасымызда інім Жорадан басқамыз үйлі-барандымыз. Анамның он тоғыз немересі бар.