Жақыпбек Алтаев: Қазақстанның атын шығаратын бір жоба − Әл-Фарабиді ұлықтау
Жақыпбек Алтаев: Қазақстанның атын шығаратын бір жоба − Әл-Фарабиді ұлықтау
Биыл Әбу Насыр әл-Фарабидің дүниеге келгеніне 1150 жыл. ЮНЕСКО көлемінде мерекеленіп жатқан Фарабидің бұл мерейтойы тұсында ұлы жерлесіміз туралы аз айтылып жатқан жоқ. Десек те, біздің әлі ол туралы білгенімізден білмейтініміз көп секілді. Сондықтан еліміздегі белгілі фарабитанушы ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор Жақыпбек Алтаевпен әңгімелесіп, көкейде жүрген көп сауалдың біразына жауап іздеген едік.
− Есімі күллі әлемге белгілі, бүгінгі қазақ жерінде дүниеге келген әл-Фарабиді өзіміз әлі толық танып-біле қоймаған сияқтымыз. Сондықтан алғашқы сұрақты «Ұлы ғалымның шығармашылық ғұмыры қалай қалыптасты, есімі бірнеше ғасырдан соң туған жерімен алғаш қалай қауышты және Қазақстандағы фарабитанудың тарихы қалай басталды?» деп қойғымыз келіп отыр...
– Ұлы далаға кіндік қаны тамған талай мықты ғалымдар болды. Бірақ солардың арасында туған елінің атын әлемге танытқан – дүниежүзінде «әлемнің екінші ұстазы» деп мойындалған Әбу-Насыр әл-Фараби екені даусыз. Толық аты-жөнімен атасақ, осыдан он бір ғасыр әріде бірнеше ғылым салалары бойынша үлкен еңбектер қалдырған Әбу Насыр Мұхаммад ибн Мұхаммад Тархан ибн Узлағ әл-Фараби ат-Турки 870 жылы бүгінгі Қазақстанның Түркістан облысы, Отырар қаласында (ертеде Фараб аталған) әскербасының отбасында дүниеге келген. Тарихи деректерге жүгінсек, атақты араб ғалымы, географы ибн-Хаукалдың «Китаб Масалик уә мамалик» және ибн-Халликанның «Уфиат әл-аиан фи әл-Заман» атты еңбегінде Әбу Насыр Әл-Фараби туралы деректер келтірілген. Онда ғалымның түркі нәсілді екені және аталарының аттары Тархан, Ұзлақ, яғни түркіше екені көрсетілген.
Тақыр жерден ештеңенің шықпайтыны белгілі ғой, Әбу Насыр туған Фараб қаласы заманында үлкен өркениет болған, анығырақ айтсақ, ғалым дүниеге келместен бір жарым ғасырға жуық уақыт бұрын Фараб шаһары бұрын түркілердің үлкен мәдени орталығы ретінде танылған. Ол «Ұлы Жібек жолы» бойында орналасқан қалада заманында кітап қоры жағынан Александрия кітапханасын ғана алдына салатын үлкен кітапхана болған (кейін бұл қала 1219 жылы Шыңғысхан әскері тарапынан талқандалғанда кітапхана өртелді делінеді, бірақ ол кітаптарды қала басшысы Қайырхан қаладан басқа жерге апарып құпия түрде тыққан деген де дерек бар). Міне, әскербасының баласы ретінде осы кітапханадан еркін кіріп, білім нәрімен сусындаған Әбу Насыр шамамен 40 жасқа толған кезінде білімін одан әрі тереңдету үшін керуенге ілесіп, сол кезде ғылым-білімнің орталығы саналатын Бағдат қаласына барады. Міне, осылайша оның әлемдік ғылымда үлкен із қалдырған шығармашылық ғұмыры басталады.
Жалпы әл-Фарабидің білім игеру, ғалым болу жолы туралы айтсақ, ол Отырар, Шаш, Самарқан, Бұхара, Харран, Мысыр, Алеппо, Бағдат деген тізбекті көрсетеді. Дегенмен оның ғылымды терең игеріп, үлкен ізденістер жасауы, әлемге әйгілі еңбектер жазуы Бағдат қаласымен тығыз байланысты.
Әл-Фарабидің Бағдат шәріне баруы кездейсоқ емес, біріншіден, ол кезде ғылым тілі – араб тілі, екіншіден ғылым мен өнерді қолдап, дарынды адамдардың өсіп-жетілуіне бар жағдайды жасаған Бағдатта «Баит әл-хакма» деп ғалымдар үйі болған, сол сияқты әлемдегі ең бай кітапханалардың бірі де осы қалада еді.
Басында өзін ақын, музыка маманы ретінде танытқан Әбу Насыр әл-Фараби кейін ежелгі грек ғалымдарының қолжазбаларымен танысып, соның әсерімен ғылыми зерттеулер жазуға көшті. Оның ізденістері күрделі әрі терең болды және ежелгі грек ғылымы мен араб ғылымының жетістігін жоғары дәрежеде игеріп, сол арқылы ғылымға өзінің жолын салды. Көшпелілер мен отырықшылар өркениетін сабақтастырып, Шығыс пен Грек-Рим мәдениетінің жетістіктерін бір арнаға тоғыстырып, өз дәуірінің әлеуметтік-саяси көзқарастарын, тіл мәдениетін игерді. Философия, логика, этика, эстетика, саясат, социология, лингвистика, поэзия, шешендік, музыка және астрономия, астрология, физика, химия, география, космология, математика, медицина ғылымдарындағы ғылыми жетістіктерді терең игерді және ғылым салаларында өте құнды ғылыми жаңалықтар ашты.
Заманында өз қатарластарының бәрінен озық болған және солай мойындалған Әбу Насыр әл-Фараби 950 жылы 80 жасында Сирияның Дамаск қаласында қайтыс болып, сүйегі сол қаладағы патшалар жерленетін Баб ас-Сағир зиратына қойылған. (1968 жылы Дамаскіге барып, ұлы ғалымның қабірін тауып, оған құлпытас орнатуға мұрындық болған Ақжан Машани).
Әл-Фарабиді Қазақстанда ғылыми ортаға ең алғаш таныстырған Эрнест (Арношт) Яромирович Кольман (1892-1979) деген математик, философ ғалым. Қазіргі Чехияның астанасы Праға қаласында еврей отбасында дүниеге келген ол атақты физик-ғалым Альберт Эйнштейннің лекцияларын тыңдап, оның шәкірті болған. Бірінші дүниежүзілік соғыста орыстардың қолына тұтқынға түсіп, кейін Қазан төңкерісі кезінде больщевиктердің көмегімен түрмеден босатылған. КСРО-да партия қызметтерінде болған ол 1941 жылы соғыс кезінде Мәскеуден алдымен Башқұртстанға кейін Алматыға эвакуацияланған. Осы Кольман 1943 жылы КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалында өткен бір конференцияда Орталық Азия ғұламаларының Еуропа ғылымына жасаған ықпал-әсері, үлгісі жайында баяндама жасайды. Міне, сол баяндамасында ол Әбу Насыр әл-Фараби туралы деректер келтіреді. Шынын айту керек, ол кезде Фараби туралы Қазақстанда мүлдем айтылмайтын, себебі ол туралы ешкімнің хабары жоқ еді. Міне, осыдан кейін тарихта Отырардың ежелгі аты Фараб екенін білетін қазақтар әл-Фараби деген атқа елеңдей бастайды. Бәрінен бұрын Кольманның баяндамасына аты аталған ғалым туралы деректер іздеп, зерттей бастаған геолог ғалым, тау-кен инженері, кейін геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі болған Ақжан Машани әл-Фарабиді зерттеуге өмірінің қырық жылын арнады, ұлы ғалымның шығармаларын тауып аудартып, жариялады. Соның арқасында әл-Фараби туған топырағымен қауышты. Сол сияқты, математик, педагогика ғылымдарының докторы Ауданбек Көбесов, әл-Фараби мұрасының насихатшысы болды.
Кейін 1968 жылы ҚазКСР ҒА Философия және құқық институтында «Әл-Фараби мұраларын зерттейтін шығармашылық топ» құрылып, оның жұмысын ҰҒА корреспондент-мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор Ағын Қасымжанов үйлестірді.
1991 жылы Қазақ Ұлттық университетіне әл-Фарабидің аты берілді. Сол тұста ҚазҰУ-де декан болып істейтін Ағын Қасымжанов 1993 жылы Фарабитану орталығын құрып, оны 2000 жылға дейін басқарды. Ал 2000-2008 жылдары Фарабитану орталығына А.Қасымжановтың қызы, философия ғылымдарының докторы, профессор Анель Қасымжанова жетекшілік етті. Одан кейінгі он екі жылда орталықты өзім басқардым, биыл оны шәкіртім, философия ғылымдарының кандидаты, доцент Бекжан Мейірбаевқа тапсырдым.
– Жасыратын несі бар, әл-Фарабидің туған жері мен ұлтына қатысты түрлі пікірлер айтылды. Бір ғалымдар оны Ауғанстанның Түркіменстанмен шектесетін солтүстік батысындағы Фарьяб өлкесінде дүниеге келуі мүмкін десе, тағы біреулер тарапынан парсы тілді халықтың өкілі деген де болжамдар айтылады. Ал біз Отырар перзентін өз отандасымыз деп санаймыз. Осы пікірлердің қайсысы дәлелді?
– Сұрағыңның қойылуы дұрыс. Кезінде бұл жөнінде талас-тартыстар болған. Атағы әлемге жайылған бүкіл шығыс ғалымдары Аристотельден кейінгі екінші ұстазымыз деп таныған әл-Фараби қазақ жеріндегі Отырар (Фараб) қаласында дүниеге келген. Ол нақты дәлелденген, мойындалған шындық. Әбу Насырдың түркі тайпасының дәулетті отбасынан шыққаны мәлім. Оған ғалымның аты-жөніндегі Тархан деген сөз де дәлел бола алады.
Ұлы ғалым өмір сүрген кезеңде қазақ халқы ұлт ретінде қалыптаспаған еді, бірақ сол Отырарда өмір сүрген тайпалардың кейін қазақ халқының құрамына қосылып кеткені анық.
Әрине, Фарабиге таласу жоқ емес, парсылар парсы дегісі келеді, ауғандар да өзіне тартады, бізбен түбі бір өзбектер мен түркімендер де өз ұлтына жатқызғысы келеді. Мысалы, мына Өзбекстанда Музаффар Хайруллаев деген академик бар. Фарабиді зерттеп, орыс тілінде 1975 жылы «Фараби. Эпоха и учение», 1982 жылы «Абу Наср ал-Фараби» деген кітаптарын шығарған. Ташкенттегі өзбек елінің орталық кітапханасында әл-Фараби еңбектерінің қолжазбалары бар. Сондықтан олар Фарабиді түркі дегеннен гөрі ұлты өзбек деуге бейім тұрады. Ал парсылар әлі күнге «парсының тұлғасы» деуін қоймай келеді. Бұның бәрі түсінікті жағдай ғой, ондай әлемдік дәрежедегі тұлғаға таласатындар аз болмайды.
Белгілі нәрсе − әл-Фараби өзінің өмірбаянын жазып қалдырмаған. Дегенмен Орта ғасырларда «Шығыстың Плутархы» атанған Ибн Халликан (1211− 1282) атты арабтың тарихшы қаламгері Фарабидің өмірбаяны жөнінде жазған. Тарихшы оны «мұсылман әлемінен шыққан ұлы ғалым, ешкім оның білім дәрежесіне жетпеді» деп көкке көтере мақтап отырып, оның түркілер мекен еткен Отырар маңында дүниеге келгенін айтады. Сол сияқты, 1946-1956 жылдары Тәжікстанды басқарған, КСРО Ғылым академиясының академигі, 1956 жылдан өмірінің соңына дейін КСРО Ғылым академиясы Шығыстану институтының директоры болып істеген Бободжан Гафуров та әл-Фарабидің туған жері Қазақстан деп санайтынын айтқан-ды. Сонымен бірге көптеген түркі, шығыстық ғалымдар осындай ойды айтып, әл-Фарабидің біздің жерлесіміз екеніне шәк келтірмейді. Сондықтан біздің әл-Фараби мәселесінде солқылдақтыққа салынуымызға негіз жоқ!
Осы арада айта кететін бір жайт, белгілі арабтанушы ғалым, академик Әбсаттар Дербісәлінің зерттеуінше, Әбу Насыр әл-Фарабиден басқа Отырардан әл-Фараби, әл-Отырари текті 33 ғалым шыққан екен. Мұның бәрі ертеде қазақ жеріндегі Отырар (Фараб) шаһарында ғылым-біліммен айналысуға мол мүмкіндіктің болғанын, өркениеттің дамығанын танытады.
– Әл-Фараби шығармаларын қазақ тіліне аудара бастағанымызға жарты ғасырдан енді асып жатыр. Ал оның іргелі еңбектері әлемге қалай таралып, қалай танылды?
– Әл-Фарабидің қандай ірі ғұлама ғалым болғанын оның тұстастары да және одан кейін шыққан шығыстық ғалымдар да мойындап, жоғары баға берген ғой. Оның философия, логика, музыка теориясы, астрология, медицина, математика сияқты көптеген ғылым салаларында қалдырған мұралары ғылым тарихында өте құнды дүниелер саналады.
Ғұламаның есімі еуропа елдеріне ерте кезден-ақ кең танылған. Философиялық трактаттары ХII-ХIIІ ғасырларда-ақ ежелгі еврей және латын тілдеріне аударылып тараған. Бірақ әл-Фараби мұрасын жүйелі түрде зерттеу, яғни ғалымның трактаттарын аударып басып шығару ісі толыққанды күйде ХVIII-XIX ғасырлардың орта шенінде жүзеге асты. Орта ғасырдағы Еуропаға ежелгі гректердің классикалық философиясын таныстырған, негізінен, әл-Фарабидің еңбектері болды. Оның шығармаларының сол тұстағы ғылыми ортада үлкен сұранысқа ие болғаны сондай, қайта-қайта басылып шықты. Мәселен, XII ғасырда оның «Ғылымдар классификациясы» атты еңбегі латын тіліне екі рет аударылып шыққан. Сол секілді «Альфарабиуса» − «Сананың мәні туралы», «Сұрақтар негізі» және Аристотельдің «Физика», «Поэтика» еңбектеріне түсініктемелері, «Бақыт жолы туралы» және логикаға байланысты трактаттары мен т.б. туындылары XII−XVII ғасырлар аралығында латын тіліне бірнеше рет аударылған. Ең өкініштісі, әл-Фарабидің осы заманға латын тіліндегі аудармасы арқылы ғана жеткен көптеген трактаттарының түпнұсқа, қолжазбалары сақталмаған.
Фараби еңбектерін кәрі құрлыққа танылуына еуропалық ғалымдардың да еңбегі зор. ХІХ ғасырдың екінші жартысында орта ғасырдағы Шығыс рухани мәдениеті жайлы еңбектер жазған неміс ғалымы М.Штейншнейдер, 1890 жылы әл-Фарабидің сегіз философиялық трактатын Лондон, Лейден және Берлин қалаларында сақталған жазбалардан алып жарыққа шығарған Фридрих Детриций, неміс және ағылшын тілдерінде жарық көрген «Ислам философиясының тарихы» зерттеуін жазған голландық ғалым Де Бур секілді азаматтардың, сондай-ақ ортағасырларға тиесілі араб философиясын зерттеген француз ғалым-фарабитанушылары − И.Форгет, С.Дугат, Л.Лутхер, С.Мунк, Э.Ренан, И.Финнеген т.б. оқымыстылар еңбектері атап айтуға тұрарлық. Осылардың арасында Э.Ренанның «Аверроэс и авероизм» (Париж, 1952) еңбегі ерекше. Танымал француз шығыстанушысы Р.Эрланже 1930-1935 жылдары әл-Фарабидің музыкаға қатысты «Китаб әл-мусика әл-кабир» («Музыканың үлкен кітабы») кітабын Парижде түпнұсқадан аударып, жарыққа шығарды.
Бізге белгілісі, ХХ ғасырдың басында шығыстың рухани мәдениетін зерттеуде әл-Фараби мұраларының маңызы артып, көптеген кітаптар жазылды. Сондай-ақ Әбу Насыр әл-Фараби шығармашылығына ерекше назар аударған А.Мец, Л.Массиньон, Р.Блашэр, А.Массэ, Ф.Габриели, Ф.Коплстон т.б. еңбектері кітап болып басылды. Сонымен бірге бұл тізімге орыс зерттеушілер И.Крачковский, Е.Бертельс, В.Бартольд сынды шығыстанушы-философтарды да қосуға болады, өйткені олардың да фарабитануға қосқан үлесі бар.
Фарабидің еңбектеріндегі терең ойлар мен тұжырымдарды орта азиялық Әбу Әлиибн Сина және андалузиялық философ ибн Рушд секілді кейінгі философтар жалғастырса, түбі еврей, нидерландттың философ-рационалист Бенедикт Спинозаға да өз әсерін тигізді.
Әл-Фарабидің еуропа ғылымына әсері туралы айтар болсақ, орта ғасырдағы Батыс Еуропа ірі ойшылдары Р.Бэкон, Д.Скот өздерінің теориялық шығармаларында әл-Фараби, ибн Сина, ибн Рушд еңбектерін пайдаланған. Ұлы ғалымның «білім – интуицияға негізделген» деген ойы Николаустың, Шеллингтің, Бергсонның және Штейнердің еңбектерінде жаңғырды. Ал зердеге негізделген этикалық жүйесі И.Кант философиясында өз көрінісін тапты.
Атақты неміс шығыстанушы ғалымы Ф.Детрицийдің айтуынша, «Шығыста Аристотель әл-Фараби еңбектерінің арқасында ғана Аристотель атанған». Яғни, Аристотель шығармаларының мәні мен маңызы Әбу Насыр әл-Фараби талдауларының арқасында ғана білімпаз жұртқа ұғынықты болған. Тұжырып айтқанда, әл-Фараби − Шығыс пен Еуропа мәдениеттерін байланыстырушы «рухани көпірге» айналған, ғылым әлемінің қайталанбас феномені болды.
– Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылымдағы феномендік тұлғасы, әрине оның отандастары – қазақстандықтар үшін зор мақтаныш. Бірақ біз ұлы ғалымның атын Қазақстанның брендіне айналдыру жолында, яғни күллі әлемнің есіне Қазақстан дегенде әл-Фараби, әл-Фараби дегенде Қазақстан түсетіндей жағдайға жету жолында не тындырдық, болашақта не істеуіміз керек?
– Әрине, мұндай ұлы тұлғаларымыз болғанымен, жеткілікті насихаты жасалмаса, ол ұлттық тұлға ретінде халқымыздың рухани әлеміне сіңіп, есімізде үнемі тұрар мақтанышқа айналмайды.
Әрине, әл-Фараби − әлемдік тұлға. Ол бізсіз де танылған. Демек, рухани құндылық ретінде ол бізге тәуелді емес, біз оны мақтаныш етуіміз керек. Өйткені күллі әлем мойындаған ғұламаны өзімізге рухани жақтан меншіктеп алу − қазақ руханияты үшін үлкен жеңіс. Қазір біз сол жеңіске жартылай ие болдық. Ол − әл-Фарабидің біздің елде дүниеге келгенін дүниежүзінің тануы. Яғни, әлемде әл-Фараби арқылы Қазақстанды тану үдерісі жүріп жатыр.
Қазір қазақ халқы Құрманғазы, Махамбет, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай, Қажымұқан, Мұхтар Әуезов секілді тұлғаларды тұтас таниды, оларды ұлттың мақтанышы деп біледі. Неге? Өйткені олар туралы насихат солай жасалды. Көп жұмыстар істелді. Осының арқасында әр салада қазақ халқы мақтаныш етер тұлғалары пайда болды.
Ендеше, әл-Фарабиді жаңағы айтқан тұлғалар қатарында, тіпті олардан да жоғарырақ көру − біздің ұлт ретіндегі әлеуетімізді көрсететіні анық. Ол жолда жарты ғасырдан бері талай жұмыстар атқарылып жатыр, болашақта да атқарыла бермек. Біз әл-Фарабидің атын ең мықты ұлттық университетімізге бердік, алдына ұлы ғалымның керемет ескерткішін қойдық. Тәуелсіздіктің бесігі – Алматы қаласындағы ең үлкен, ең әдемі даңғыл әл-Фараби атында. ҚазҰУ-да 20 жылға жуық әл-Фараби атындағы орталық жұмыс істеп келеді. Осы орталық арқылы ұлы ғалым мәңгілік тыныштық тапқан мекен Сириядағы Дамаск қаласымен тығыз байланыс құрдық. Мемлекетіміз «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында әл-Фарабидің кесенесіне қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Дамаскіде әл-Фараби орталығын ашты. Биыл Қазақстан ұсынысымен ұлы ғалымның 1150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойлануда. Осыған орай кинолар түсіріліп, Фараби мұрасын түгендеу істері жүріп жатыр. Біз болашақта ұлы бабамыздың әлемнің әр жерінде сақталып келген барлық мұрасының толық көшірмесін алып, оның шығармаларын толық түрде қазақ тіліне аударуымыз керек.
Елімізде философия, тарих, музыка, филология ғылымдарында әл-Фараби еңбектері ғылыми айналымға енгізілген. Яғни, осы аталған салаларда ғылыми диссертациялар қорғалған. Сол сияқты ұлттық әдебиетімізде әл-Фараби туралы Ақжан Машанидің, Әнуар Әлімжановтың романдары, Мұхтар Шахановтың поэмасы т.б. көркем шығармалар жазылды. Әрине, бұлар жалғасын таба беретін істер.
Қазір әлемнің оннан астам мемлекетінде Фарабитану орталықтары жұмыс істейді. Олар үшін, әрине әл-Фарабидің Отанында істелген істер маңызды. Сондықтан біз, орта мектептен бастап барлық ЖОО-ларда Фарабитануға қатысты сабақтар өткенін қалар едік.
Осыдан біраз уақыт бұрын Қазақстанның ұлттық валютасы – теңгенің 1, 200, 500, 1000, 5000 теңгелік номиналдарында әл-Фарабидің суреті бар еді. Бұл ұлы ғалымның атын мемлекеттік брендке айналдыру жолындағы өте сәтті шешімнің бірі еді, бірақ кейін соны белгісіз бір себептермен алып тастады. Меніңше, төл теңгемізге әл-Фараби бейнесін қайта әкелсек, ұтымды іс болар еді.
Ұзын сөздің қысқасы, біз Әбу Насыр әл-Фарабиді насихаттау арқылы әлемге оны емес, өзімізді танытамыз. Жаңа ғасырдағы Қазақстанның атын шығаратын бір жоба – ол әл-Фарабиді ұлықтау дер едім. Себебі әл-Фараби − Ұлы дала ақыл-ойының туы. Біз сол туды биікте желбірете ұстауымыз керек!
– Мазмұнды сұхбатыңыз үшін алғыс айтамыз. Әл-Фараби секілді ұлы бабамыздың рухын асқақтату жолындағы істеріңізге тек қана сәттілік пен табыс тілейміз!
– Рақмет!
Сұхбаттасқан Ахмет ӨМІРЗАҚ