Білім грантына үміткерлер қандай құжаттар тапсыруы тиіс – БҒМ түсіндірді

Білім грантына үміткерлер қандай құжаттар тапсыруы тиіс – БҒМ түсіндірді

Білім грантына үміткерлер қандай құжаттар тапсыруы тиіс – БҒМ түсіндірді
ашық дереккөзі
Еліміздегі карантинге байланысты талапкерлерден білім грантын тағайындау конкурсына қатысу жөніндегі өтініш қабылдау мерзімі 25 шілдеге дейін ұзартылды.  Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сүйенсек, мемлекеттік білім грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін талапкер Egov.kz электронды үкімет порталы арқылы өтініш, білімі туралы құжат (аттестат) және жеке куәлік көшірмесін өткізуі қажет. Ал медициналық анықтамалар әзірге талап етілмейді. Мамандардың айтуынша, ҰБТ сертификаты жүйеде автоматты түрде пайда болады, сондықтан оны Egov.kz-ке жүктеудің қажеті жоқ. ҰБТ сертификаттары электронды форматта берілген болатын. Конкурс нәтижесі бойынша мемлекеттік гранттың берілгені туралы электронды сертификат ұсынылады. Талапкерлерге қағаз сертификатты алу үшін ешқайда барудың қажеті жоқ. Грант тағайындау форматы өзгерген жоқ, яғни маусым айында өткен ҰБТ қорытындысы бойынша үміткерлер мемлекеттік білім грантын тағайындау конкурсына қатысады. Биылғы өзгешелік – гранттар оқу тіліне байланысты болмайды. Жоғары оқу орындары талапкерлерді тамыздың 10-25 аралығында оқуға қабылдайды. Еске сала кетейік, ҚР Білім және ғылым министрі бүгінгі онлайн брифингте жаңа оқу жылында колледж, ЖОО студенттеріне білім қашықтан берілетінін мәлімдеді. Министрдің айтуынша, дәстүрлі формат жеке кесте бойынша зертханалық жұмыстар, өндірістік оқыту және кәсіби практика үшін өткізіледі.