Моңғолияда бубон обасынан жасөспірім көз жұмды
Моңғолияда бубон обасынан жасөспірім көз жұмды
Моңғолияның Говь-Алтай аймағында бубон обасынан 15 жастағы жасөспірім қайтыс болды. Бұл туралы елдің денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап Газета.ru хабарлады.
"ПТР тест нәтижесі 15 жастағы жеткіншектің өліміне бубон обасы себеп болғанын көрсетті", – деді елдің денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Доржийн Нарангэрэл.
Басылым дерегінше, жасөспірім ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмған. Қайтыс болардан үш күн бұрын марқұм суыр жеген екен. Аталған жануарлар әдетте обаны тасушы болып табылады. Аурудың одан әрі тарауына жол бермеу үшін жасөспірімнің жақындары карантинге алынды.
Бұған дейін бубон обасымен елдің Баян-Нұр аймағында шаруа қожалығының жұмысшылары ауырған. Сондай-ақ Моңғолияның Ресеймен шектесетін өңірінде екі адамнан осы ауру анықталған.