«Қайырымды жүрек» акциясы – Қызылордада

«Қайырымды жүрек» акциясы – Қызылордада

«Қайырымды жүрек» акциясы –  Қызылордада
ашық дереккөзі
«Ел-арай» қоғамдық ұйымы қайырымдылық шараның тұсауын кесті. «Қайырымды жүрек» акциясы аясында  әлеуметтік дүкен ашылып,  тұрғындардан киім-кешек пен азық-түлік жиналды. Белсенді топтың ізгі бастамасына қаланың орталығындағы «Сұлтан» және «Айбек» дүкендері де жәрдем беруде. Бірнеше ай бұрын Қызылорда қаласында әлеуметтік дүкен ашылған болатын. Бұл жерге келген тұрғындар киім-кешек пен азық-түлікті тегін алады. Әсіресе, әлеуметтік жағынан аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға және жалғыз басты аналарға үлкен көмек болғаны рас. Ал дүкен қаңырап бос қалмас үшін қаланың әр бұрышына қажетті заттар жинайтын арнайы контейнерлер қойылды. Осы уақыт ішінде жобаның ұйымдастырушысы «Ел-арай» қоғамдық ұйымы мен кәсіпкерлер, сондай-ақ «Нұр Отан» партиясының өкілдері қала тұрғындарын көмекке шақырып, қаншама отбасыға қуаныш сыйлады.  «Ел-арай» қоғамдық ұйымының жетекшісі Еркін Есіркегенұлының айтуынша, жағдайы төмен отбасыларға көмек қолын созғысы және біздің жұмысымызды жандандырғысы келетіндердің санында есеп жоқ. Бұл қуантарлық жайт. Акцияның өзі мұқтаж жандарға арналған соң қала тұрғындары да бірауыздан іске кірісіп кетті. Тіпті, олардың ішінде тұрмыстық техника түрлерін, ыдыс-аяқ, кішкентай балаларға жөргек, қысқасы, отбасына не керек, бәрін әкелуге тырысқан жандар бар. Бір жарым айдан соң балаларды мектепке дайындау науқаны басталады. «Ескі заттарыңызды тастамаңыздар!» деген үндеуге қазірдің өзінде 100 қызылордалық үн қосып, осыншама бала қажетті заттармен қамтамасыз етілді. Айта кету керек, кейбіреулер ескі киімдер өткізсе, енді бірі су жаңа киімдерді әкелуде. Ал біз оның бәрін химиялық тазартудан өткізетінімізді ескерткіміз келеді», – дейді «Ел-арай» қоғамдық ұйымының жетекшісі Еркін Есіркегенұлы. «Қайырымды жүрек» акциясы барысында Сырдария ауданы Тереңөзек елді мекенінде көмек қолын созам деушілер үшін тағы бір сауда нүктесі ашылды. Бұл дүкеннің тұрақты тұтынушылары 123 отбасыға артқан. Мұнда түрлі жеңілдік қарастырылып отыр. Жеті балаға дейінгі отбасылар 30 пайыз жеңілдікпен, ал жеті баладан көп болса, тауарды жарты бағасына алады. Сол сияқты бұл дүкенде азық-түлік – ет, күріш, май, ұн, қант қолжетімді бағамен саудалануда. Ал әкімшіліктің қолдауымен дүкеннің бір бөлмесіне  әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмектесу мақсатында киім-кешек, азық-түлік, т.б. қажетті заттар жиналған.