Жаңалықтар

Елбасы "Самұрық-Қазына" қорына екі медициналық орталық салуға қаржы бөлуді тапсырды

ашық дереккөзі

Елбасы "Самұрық-Қазына" қорына екі медициналық орталық салуға қаржы бөлуді тапсырды

Кездесу барысында Елбасы ағымдағы экономикалық дағдарыс "Самұрық-Қазына "ҰӘҚ" АҚ-ның барлық компаниясында көрініс тапқанын атап өтті, деп хабарлайды Еlbasy.kz. А.Есімовтің ақпаратына сәйкес, Қорға бағынысты компаниялар тобы қызметкерлердің қысқаруына жол бермеді. Барлық кәсіпорын жұмысын жалғастырып келе жатыр. Сонымен қатар "Самұрық-Қазына "ҰӘҚ" АҚ Басқарма Төрағасы отандық денсаулық сақтау жүйесін қолдау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ-ның коронавирустық инфекциямен күресу үдерісіне қатысу шараларын кеңейту қажеттігін атап өтті. – Қорды басқару жөніндегі кеңестің Төрағасы ретінде "Самұрық-Қазына" қорының ішкі резервінен ірі мегаполистер – Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында екі медициналық орталық салуға қаражат бөлуді тапсырамын. Бұл медициналық орталықтар ғылыми-зерттеу әлеуетін шоғырландыруға арналады. Ол еліміздің келешек ұрпақтарын ықтимал қауіптерден қорғауға мүмкіндік береді. Үкімет пен әкімдер бұл бастаманы қолдайтынына сенімдімін, – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Сөз соңында Қазақстанның Тұңғыш Президенті коронавирустық инфекциядан қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты және қазақстандықтарды барлық қажетті қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырды.