14 Шілде, 16:40 628 0 Әлеумет Анар ЛЕПЕСОВА

42 500 теңге: Өтініш беру үшін бірыңғай жиынтық төлемді төлеу қажет пе?

 42 500 теңге әлеуметтік төлемге өтініш беру үшін табысынан айрылған азаматтарға бірыңғай жиынтық төлемді төлеудің қажеті жоқ. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты.

"Сәуірден бастап біраз мекеме, біраз сала жұмысшылар үшін міндетті зейнетақы жарналарын немесе әлеуметтік жарналарды төлеуден босатылды. Сондықтан бүгін аталған жарналар арқылы қадағалау мүмкіндігіміз шектелген. Осыған байланысты жалдамалы жұмысшыларға қатысты осы жолы зейнетақы жарнамасы, әлеуметтік жарнасы төленгені туралы талап қоймаймыз. Өткен жолы 12 айда кемінде бір төлем болуы керек деген талап болған. Бұл жолы оның еш мәні жоқ", – деді Нұрымбетов онлайн брифингте.

Ведомство басшысының айтуынша, бұған дейінгі 42 500 теңге төлеу тәжірибесі бойынша жалдамалы жұмысшылар үшін өтінішті тек оның жұмыс берушісі ғана бере алады.

«Жұмыс беруші қызметкерін ақысыз демалысқа жібергенін растап, өзінің жұмысшыларының атынан тапсырыс береді. Ол үшін алдағы 1-2 күнде порталымызда жұмыс берушілерге қызметкерлерінің тізімін, оған қатысты мәліметтерді енгізуі үшін өте ыңғайлы сервис жасаймыз. Өз кезегінде жұмысшылар жұмыс берушісінің өтініш бермегенін, өтінішінің қанағаттандырылғанын анықтауға арналған сервис қызметіне жүгіне алады», - деп түсіндірді министр.

Айта кетейік, бұған дейін Біржан Нұрымбетов 42 500 теңге әлеуметтік төлемді тағайындау жұмыстары қашан басталатынын айтқан болатын.

 

Соңғы жаңалықтар