Алматыда паркомат көбейеді

Алматыда паркомат көбейеді

Алматыда паркомат көбейеді
ашық дереккөзі
Алматыда жыл соңына дейін 100 паркомат орнатылады. «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС хабарлауынша, осы шілде айының соңына дейін-ақ, 20 паркомат пайдалануға беріледі. Бірыңғай автоматтандырылған автокөлік жүйесін «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС Алматы әкімдігінің тапсырмасымен әзірлеген болатын. Алматы қаласын дамыту жоспарына сәйкес, жобаны қолға алудағы басты мақсат – қалада автокөлік қоятын орындарды пайдаланудың реттелген жүйесін жасау. Мамандардың айтуынша, автокөліктер мен қоғамдық көліктердің және жаяу жүргіншілердің қала көшелерінде жүруіне қолайлы жағдай жасаудың бір жолы – осы ақылы автотұрақтар жүйесін енгізу болып табылады. Ақылы автотұрақтың сынамалы аймағы 75 жаңа автокөлік орнына кеңейтілді. Ол Зенков көшесінің бойында (Мақатаев пен Гоголь көшелерінің аралығы) орналасқан. Жалпы, бірыңғай автоматтандырылған жүйе жобасы аясында алғашқы үш апта ішінде 135 автотұрақ орны пайдалануға берілді. Ал түскен қаржы шамамен 800 мың теңгені құрады. Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Айдын Керімбектің айтуынша, түскен қаржының 30 пайызы жергілікті бюджетке қалалық көлік инфрақұрылымы мен соған іргелес аумақтарды абаттандыруға жұмсалады. Ақылы автотұрақтан түсетін ақша алдымен «Алматы спецтехпаркинг сервис» ЖШС арнайы шотына салынады. Алғашқы жиналған қомақты қаржы Алматы орталығында замануи автотұрақ кешенін салуға жұмсалмақ.