Жарық диодты өнім шығаратын зауыт

Жарық диодты өнім шығаратын зауыт

Жарық диодты өнім шығаратын зауыт
ашық дереккөзі
Алматы іргесіндегі «Инновациялық технологиялар паркі» Арнайы экономикалық аймағында қазақстандық «DS Multimedia CA» (Ди Эс Мультимедиа СиЭй) компаниясының «Tecata» (Алматы технологиясы) брендімен жарық диодты өнімдер шығаратын инновациялық зауыты іске қосылды. Жаңа өндіріс орнының бірегейлігі сол, мұндағы LED-өнімдер компанияның оңтүстіккореялық серіктестігі – DS Multimedia  компаниясының заманауи технологиялары арқылы өндіріледі. Сондай-ақ, өнімдердің сапасы компанияның R&D-зертханасы арқылы жүзеге асырылады. «Инновациялық технологиялар паркіне» арнайы келген Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов жаңа зауыттың цехтарын, өндіріс желілерін аралап көріп, алғашқы шығарылып жатқан өнімдермен танысты. «Біз Алматы қаласын индустрияландыру картасының кезекті жобасын іске қосып жатырмыз. Бізде жоспар бойынша 67 жоба бар. Биыл солардың алтауын іске қосқанбыз. Міне, бүгін жетінші жобаны жүзеге асырып отырмыз. Бұл, Алатау «Инновациялық технологиялар паркі» аймағының екінші кезегіндегі алғашқы нысан. Бұл Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның бірлескен кәсіпорны. Мұнда шығарылатын әрі үлкен сұранысқа ие заманауи өнімдер: LED-шамдар, LED-экрандар және басқа да LED-жабдықтардың бағасы сапасына қарай, шетелдік өнімдердің бағасынан 20 пайызға дейін арзан. Өйткені, зауыт арнайы экономикалық аймақта орналасқан», – деді Е. Әукенов. Жаңа зауытта 50 жұмыс орны ашылды. Ал кәсіпорын толық қуатына енген соң, жұмыс орындарының саны 150-ге жеткізіледі деп жоспарлануда. Жоспар бойынша, зауытта жылына 400 мың дана LED-шамдар, 25 мың дана LED-экрандар және 38 мың дана LED-жабдықтар шығарылатын болады. Бір айта кетерлігі, «DS Multimedia CA» – Оңтүстік Кореялық «DS Multimedia» компаниясының  қазақстандық бөлімшесі. Бұл осымен әлем бойынша алтыншы «DS Multimedia» зауыты. Бұған дейін осындай зауыт Сингапурде, Малайзияда, Мысырда, Бразилияда және Оңтүстік Кореяда ашылған болатын. «DS Multimedia CA» компаниясы өзінің «Tecata» брендімен шығарылатын өнімдеріне Қазақстан нарығында 3 жылдан 5 жылға дейін кепілдік береді.