Жаңалықтар

198 адам суға кеткен, оның 82-cі балалар

ашық дереккөзі

198 адам суға кеткен, оның 82-cі балалар

Жаз мезгілінде суға түспеу мүмкін емес. Ағымдағы жылдың басынан бері елімізде 198 адам суға кетсе, оның 82-сі балалар.  Бізге соңғы 1,5 аптаның ішінде суға 22 қазақстандықтың батып кеткендігі, оның 5-еуі балалар екендігі туралы көптеген ақпарат келіп түсуде. Осы жылдың басынан бері 198 адам суға батса, оның 82-сі балалар екен. Премьер-министр К.Мәсімов еліміздің Ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымовтан мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін жергілікті әкімдіктермен қандай шаралар қолға алынып жатқанын сұрады. «Өткен жылдың сәйкес кезеңінде 265 адам суға кеткен еді. Яғни, төмендеу бар. Шаралар қабылданып жатыр. Бізде 50 мың су қоймасы бар. Оның тек 125-сі ғана жабдықталған, онда біздің құтқарушыларымыз тұр», –   деді министр Қасымов. Сонымен қатар ол жергілікті әкімдіктермен мұндай қайғылы жайттардың алдын алуға бағытталған шаралардың қолға алынып жатқандығын, суға шомылатын жерлерді барынша жабдықтау, меншік иелеріне міндетті құтқару бекеттерін орнатқызу жұмыстарының  жүргізілу үстінде екендігін баса айтты. «Ақмола облысында өте жақсы тәжірибе бар. Бұл өңірде 26 құтқару бекеті орнатылған. Бірақ, халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы әкімдіктер қосымша 25 құтқару бекетін орнатады. Осы Ақмола облысында суға кеткендердің саны ең төмен болып отыр. Дәл осындай жайт Ақтөбе облысында да орын алған. Ал қалған облыстар тиісті  шараларды қабылдаулары қажет», – деді Қ.Қасымов.