Спортшыларға үлкен сенім артылды

Спортшыларға үлкен сенім артылды

Спортшыларға үлкен сенім артылды
ашық дереккөзі
Елбасы Рио Олимпиадасына баратын спортшыларға ақ жол тілеп, бүкіл Қазақ елі үміт артып отырғандығын жеткізді. «Риода өтетін Олимпиадаға бір ай уақыт қалды. Соның алдында дәстүрге сәйкес сіздермен кездесіп, өзімнің тілегімді айтып, сәттілік тілейін деп шақырып отырмын. Дайындықтың бәрін уақытында жүргіздіңіздер. Бұл жыл – Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Сондықтан сіздерге үлкен сенім жүктеледі, – деді Мемлекет басшысы. Жазғы Олимпиада ойындарына 206 мемлекеттен 10 мың спортшы қатысады. Олардың барлығы да өз ісінің дүлділдері екендігін, жеңіске ұмтылатындығы белгілі. «Біз спорттың 26 түрінен 100-ден астам жолдама алдық. Бар­шаларыңызға табыс тілеймін. Мүмкіншілігіміз жаман емес. Бірақ жолдаманың саны емес, спорт­шылардың сапасы қажет екендігін білесіздер. Көпшілік­теріңді жақсы білемін, спорт жолдарыңды бақылап отырмын. Талай жерде жеңдіңдер, – деді Н.Назарбаев. Елбасы бұл Қазақстанның қатысып отырған 12-ші Олим­пиадасы екендігін, еліміз көк туы­мыздың астында 5 рет жазғы, 6 рет қысқы Олимпиада ойындарына қатысқанын еске салды. – Сонау кеңестік заманнан бері қарай алатын болсақ, Әлжан Жармұханбетов, Нилли Ким, Жақсылық Үшкемпіров сияқты үлкен аға-апаларыңыз Қазақстан­ның мерейін көтеріп, жеңіп шық­қан болатын. Тәуелсіздік жылда­рын­да спортшыларымыз Олим­­­пиа­­дада жеңіп алған 59 медаль­­дің 17-сі ал­тын алқа болатын. Рио де Жанейро­дада игі үрдіс жалға­сып, еліміздің  мерейі аспандай түсетіндігіне сенімдімін. Нағыз патриот ғана елдің абыройы үшін тай­таласта өз мүмкіншілігінің шегінен шығып, жеңіске жететін болады. Сендер барша қазақ­стандықтардың ақ ба­тасын алып, жауапты сапарға ат­танайын деп отырсыңдар. 17 мил­лион халық түгелдей теледидар ал­дында отырып, сендерге жан­күйер болады, – деді ҚР Пре­зиденті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Олимпада сынды ірі додаларда жеңіске жету үшін мемлекет тарапынан бүкіл жағдайдың жасалып жатқандығына екпін түсірді. «Соңғы үш жылдың ішінде олимпиадалық резервті кешенді түрде дайындау үшін елімізде бірнеше халықаралық деңгейдегі спорт нысандары салынды. АИБА Бүкіләлемдік бокс академиясы, Алматыдағы Дзюдо академиясы, Тараздағы «Тараз-Арена» стадионы осылардың қатарында. Сондай-ақ, «Қарағанды-Арена» мұз сарайы мен елордадағы жүзу кешені бар көпфункционалды мұз сарайы іске қосылды. Өс­ке­мен қаласындағы Ольга Ры­пакова атындағы Жеңіл атлетика орталығы мен Ал­ма­тыдағы Алек­сандр Винокуров атындағы спорт сарайы олимпиадашыларды даярлап жатыр», – деді ел Президенті. Кездесу соңында Елбасы салтанатты түрде Қазақстан туын  таэквондодан халықаралық турнирлердің жеңімпазы, 20 жастағы Руслан Жапаровқа табыстады. Алдағы Рио-де-Жанейрода өтетін дүбірлі додада спортшыларымыздың жеңіс тұғырынан көрінуіне тілектеспіз!