Есеп айырысып, өкпе қуатын емес, өмір үшін күресетін уақыт – Баянғали Әлімжанов
Есеп айырысып, өкпе қуатын емес, өмір үшін күресетін уақыт – Баянғали Әлімжанов
Баянғали ӘЛІМЖАНОВ, ақын, драматург, ҚР мәдениет қайраткері:
Келген індет бүкіл халықтың денсаулығына қауіп-қатер тудырып отыр. Пандемия, керек десеңіз, бүкіл адамзаттық қасіретке айналды. Біз не болып жатқанын түсінбейтін, беймәлім бір жаңа заманға тап болған сияқтымыз. Арғы түбінен ойласақ, жауды жеңу үшін бір ел екінші елге бактериологиялық қару қолданғанын тарихтан білеміз. Ал мына дерттің қайдан, қалай келіп жатқанын, әдейі жасалды ма, жоқ па, түсіну қиын. Біздің ұрпақ неше түрлі қиындықты көріп өсті, бірақ дәл мұндай сұмдық, дәл мұндай қиын, қасірет жағдай болған емес. Бейбіт заманда өте қауіпті, қатерлі соғыс жағдайы орын алып отыр.
Денсаулық сақтау саласындағы қателіктер алдағы күнімізге сабақ болуы тиіс. Бірақ дәрігерлер күні-түні майданның шебінде жанкештілікпен еңбек етіп, қолынан келгенін жасап жатыр. Өзінің емделушісінен ауру жұқтырып қайтыс болған абзал жандар қаншама. Біздің дәрігерлер қауымы баяғы екінші дүниежүзілік соғыста майданда госпитальда жүрген санитарлар секілді. Қауіп-қатермен күн сайын бетпе-бет келеді. Жаралыларды құтқарам деп жүріп талай санитар бомба түскенде ажал құшты.
Соңғы күндері белгілі болған бар дәріні қоймаға тығып қою немесе оны қымбат сату деген жағдайлар тіпті ақылға сыймайды, адамдықтан кеткендердің тірлігі дер едім. Бірақ оларға қарап бүкіл мемлекеттің, Үкіметтің жасап жатқан шараларын жоққа шығарып, бүліншілікке ұшырағанымыз дұрыс болмас. Жалпы мұндай жағдайға бірде-бір мемлекет дайын болмады. Қазақстан да сол секілді. Аузын айға білеген Американың өзінде індеттен бірнеше мыңдаған адам қайтыс болды. Емі жоқ аурумен күресте түгел бір отбасы қайтыс болған жағдайлар да кездесіп жатыр. Осы аурудың қиындығын көрмеген бірде-бір отбасы жоқ шығар қазір.
Төтенше жағдайдан кейін карантин шараларын сақтамай еркінсіп кеткеніміз рас. Туыстарымызға бармасақ, қол алыспасақ, құшақтамасақ, бір табақтан ас ішпесек, той тойламасақ болмайтын сияқты көрінді. Көзге көрінбейтін соғыстың жүріп жатқанын елемедік. Саумын деп тұрған жақын адамыңнан ауру жұқтыра кетуің оңай. Енді қазақтың бұрынғыдай арқа-жарқа отырысы, алашапқын жиналысы, тойдан той аралап жүретін заманы қайтып келе ма, жоқ па, белгісіз. Жиын-тойды уақытша тоқтататын кез келді, мына заман ондайды көтермейді. Қауіп төніп тұрғанда той тойлау ақылға сыймайды.
Бүгінгі уақыт есеп айырысатын, өкпе қуатын не бірін-бірі түртпектейтін кезең емес. Бұл бәріміз қосылып, бүкіл халық болып өмір үшін күресетін, өлімге қарсы тұратын, бір атаның баласындай жұмылып, мына дерттен тезірек құтылудың қамын жасайтын кезең. Бірімізге біріміз сүйеніш, таяныш болуымыз керек. Бүгінгі қалыптасқан жағдайды көріп отырып жаным ауырады. Бар қолымнан келетіні сөзбен, өлең-жырмен халыққа жігер беру. Сосын тәртіпке бағынып, үйде отыру. Бұл – індетті ары қарай таратпаудың тиімді жолы. Етек-жеңімізді жинап, барынша сақтануымыз керек. Алла бәле-жаладан сақтасын. Жақынынан айырылған барлық отбасына көңіл айтамын. Өмірден озған бауырларымыздың алды жарық, арты қайырлы болсын.