Қостанайда провизорлық госпиталь ашылды
Қостанайда провизорлық госпиталь ашылды
Қостанайдағы «Достық» сауықтыру кешені провизорлық госпиталь ретінде жұмысын бастады.
Өңірде прозиворлық төсек-орындардың жетіспеуіне байланысты сауықтыру кешенін ауруханаға айналдыру туралы шешім қабылданған.
«Қазір бұл стационарға 100 төсек-орын қойылып, оттегі және қажетті құрылғылар мен медициналық жабдықтар, дәрі-дәрмектер жеткізілді. Жалпы облыста 460 төсек-орынға сұраныс бар. Жаңа госпиталь 11 шілде күні кешкі сағат 20.00-де алғашқы науқастарды қабылдады. Бұл провизорлық стационардың жұмысын облыстық аурухана реттеп отырады», - дейді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ксения Жилкибаева.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, жаңа стационар медицина мамандарымен толық қамтылған. Бұл – Қостанай қаласындағы үшінші провизорлық стационар.
Айта кетейік, бүгінде Қостанай облысында 1556 адам коронавирус жұқтырған. Өңірде індеттен 3 адам көз жұмды.
Ал республика бойынша қатерлі індетке шалдыққандар саны 58 мыңнан асты. Індеттен 33 мыңнан аса адам емделіп шықты. Дерті асқынған 264 отандасымыз қайтыс болды.