Қызылорда тұрғындары жер телімін алды. Астана мен Алматы тұрғындары ше?!

Жер мәселесі ушығып тұрған кезде әртүрлі әңгіменің шеті шықты. «Астана мен Алматы қалаларында 10 сотық жер береді екен» дегенді естіген жұрт жер телімін алу үшін өтініш жазуға асықты. Бір сәтте халыққа қызмет көрсету орталығы адамға лық толды.

Шын мәнінде, жер беріле ме, жоқ па? Бұл ақпарат қайдан шықты? Мұның рас-өтірігіне мән беріп жатқан ешкім жоқ. Әйтеуір «жұрт жазып жатыр екен, біз де қалмайық» деген ой ғана. Бүгінде жер алуға ниеттілердің саны 20 мыңға жетіпті. Тіпті, бұл мәселе Парламентте де сөз болды. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қуаныш Сұлтанов: «Жастар үйленіп, үй болып шыққысы келеді. Бірақ баспана жоқ. Жеке үй салып алайын десе, жер телімі жоқ. Ал мемлекеттің барлық азаматқа мемлекет есебінен үй салып беруге мүмкіндігі жоқ. Сол себептен жеке азаматтардың қаржысын, оның әлеуетін пайдаланып, жеке тұрғын үй салуда барынша қолдау көрсету керек. Сонда азаматтарға үй салуға жер берілсе, өз қаржыларына үй салып алады» деді.

Алайда, халықты дабыраға салған ақпараттың жаңсақ екенін, ешкімге 10 сотық жердің берілмейтіндігін бесіктеге бала да біледі. Бірақ «Үмітсіз – шайтан». Алматы қаласы Жер қатынастары басқармасының басшысы міндетін атқарушы Алтынбек Ахметов: «Тұрғындардың өтінішін қанағаттандыру мүмкіндігі жоқ. Соған байланысты барлық азаматтарға жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер беруден бас тартуды ұсынамыз» деген болатын. Бұдан соң аудан әкімдері де бірауыздан бос жатқан жердің жоқтығын айтты. Яғни, Алматы қаласының бас жоспарына сәйкес, Алматы қаласының аумағында жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер учаскелері қарастырылмаған.

Ал, Қызылорда облысы әкімдігі таратқан мәлімет бойынша, Қызылорда-Жезқазған күре жолы бойында 980 гектар жер үй құрылысына бөлінген. Жергілікті билік осы аймақта Бәйтерек деп аталатын жаңа ықшам аудан тұрғызуды көздеп отыр.

Облыстық әкімшіліктің мәліметі бойынша, болашақта жаңа ықшам ауданда 75 шақырым жол және жүздеген шақырым коммуналдық желі тартылады. Сол үшін бюджеттен 10 миллиард теңге бөлінеді деп күтілуде. Қызылорда облысында жер телімдері соңғы рет 2004 жылы бөлінген еді. Әкімшілік мәліметі бойынша, Қызылордада шамамен 42 мың адам жер кезегінде тұр.

 

Back to top button