Кәдеге жарамайтын көп зерттеу – Қазақстан ғылымы

 

Жуырда kasparov.ru сайтынан Александр Немецтің «Ғылым және еркін ойлау» атты мақаласын көзіміз шалды. Ресей ғылымының кенже қалу себептерін жіпке тізген автор салыстыру үшін Қазақстанға қатысты деректерді де тілге тиек етіпті. Ғылыми зерттеу жұмыстарына бөлінетін қаражаттың ІЖӨ-дегі үлесі жөнінен әлем бойынша көш соңына қарай жайғасқанымызды атап өткен. Мақала Ресей жөнінде болса да, қазақстандық ғылымның әлеуеті көңіл көншітерлік емес екенін қаперімізге салды.

Өз мақаласында Александр Немец Ресейдің ғылыми кеңістігі бұрынғыдай еркін ойлаудан жырақтағанын айтқан. Бұған кінәлілердің атын атап, түсін түстемесе де, ғылымның әлеуеті, ғалымның абыройы мен құрметінің төмендеуіне кім және не себеп болғанын астарлап ұқтырған. Автор келтірген деректерден кейін елімізде ғылыми қызмет бұрынғы беделін жоғалтқанын мойындауға мәжбүр боласыз. Дүниежүзілік банк мәліметі бойынша, ғылыми зерттеуге бөлінген қаржының ІЖӨ-дегі үлесі бойынша әлемде Израиль (4,3%) мен Оңтүстік Корея (4,2%) көш бастап тұр. Бұл көрсеткіш Жапонияда 3,5 пайызды құраса, Швецияда – 3,3 пайыз, Тайваньда – 3 пайыз, Германияда – 2,85 пайыз, АҚШ-та – 2,5 пайызға тең. Қытай да ғылымнан қаражатты аямайды: қытайлықтардың ғылыми зерттеу жұмыстарына жұмсалған қаражаты елдегі ІЖӨ-нің 2,05 пайызын құрайды. Яғни, дамудың жоғары деңгейіне ұмтылған мемлекеттердің барлығы инновацияға мейлінше көбірек қаржы салуға тырысып бағатынын анық көресіз.

Ресейдің көрсеткішіне (1,15 пайыз) көңілі толмаса да, Александр Немец Белорусия (0,67), Қазақстан (0,17 пайыз) мен Индонезияның (0,08 пайыз) үлесін көріп, шүкірлік етіпті. Автор ғылымы кенже қалған елдерге тән ортақ қателікті көрсеткен: «2014 жылдың ортасына дейін ешқандай түйткіл туындаған жоқ: мұнайың мен газың болса, ғылымның қажеті жоқ деген ұстаным берік болды. Көмірсутектер мен мұнай өнімдерін қалағанынша саудалап, көк қағаздан таршылық көрген жоқ. Шетелдіктер қажетті құрал-жабдықтарды технологияларымен бірге әкеліп беріп отырды. Алайда мұнай бағасы күрт құлдыраған соң, шикізатқа иек артқандар ғылымның қадірін түсіне бастады», – дейді А.Немец. Сөзінің жаны бар. Айтылғандардың біздің елімізге де қатысы барын жоққа шығара алмаймыз.

Дүниежүзілік банк немесе мақала авторы есептен мүлт кетті дейін десек, ғылымға бөлінетін қаражаттың ІЖӨ-дегі үлесі там-тұм екенін Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы да мойындады. Академия перзиденті Мұрат Жұрыновтың айтуынша, ғылым саласы ІЖӨ-нің небәрі 0,26 пайызын місе тұтып отыр. Ал халықаралық сарапшылардың пайымынша, елдегі ғылым қалыпты дамуы үшін ішкі жалпы өнімнің кем дегенде 1,7 пайызы осы салаға бағытталуы керек.

Білім және ғылым министрі бұл мәселені шешуге талай рет ұмтылыс жасады. Олқылықтың орнын толтыру үшін Президент тапсырмасы бойынша 2010 – 2014 жылдарға арналған «Қазақстан Республикасында инновацияның дамуы мен технологиялық жаңғыртуға жәрдемдесу» атты бағдарлама жасады. Осы төртжылдық бағдарлама жүзеге асырылып болғаннан кейін, яғни 2015 жылы ІЖӨ-нің ғылым дамуына бағытталған үлесі 1 пайызға жетуі тиіс-тін. Алайда арнаулы бағдарламаға артылған үміт ақталмады. Ведомство басшысы ауысып, бір министрдің бастаған шаруасын екіншісі іліп әкете қоймады.

Құйылған қаржының қайтарымы қайсы?

Министрліктегілер ғылымға бөлінетін қаражат көлемі жылдан жылға артып келе жатқанын айтудан танбайды. Өткен жылы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сол кездегі вице-министр Тахир Балықбаев нақты сандарды жария еткен: «Соңғы жылдары ғылымға бөлінетін қаржы көлемі 2,5 есеге өсті. Егер 2010 жылы оның деңгейі 20 млрд теңге болса, 2013 жылы 52,9 млрд теңге, ал 2014 жылы 49 млрд теңгені құрады. Сонымен бірге ғылымға жастардың тартылуы мен ғылыммен айналысатын адамдардың саны да артуда», – деді ол. Ведомство мәліметтеріне сүйенсек, соңғы бес жылда ғылымға бой ұрған жастардың қатары 1,5 есе көбейген. Мәселен, 2011 жылы елімізде 18 мың ғылыми қызметкер болса, 2015 жылы олардың қатары 25,8 мыңға жеткен. 35 жасқа дейінгі жас ғалымдардың үлес салмағы 2011-2014 жылдар аралығында 6 487-ден 9 447-ге артқан. Отандық ғылымның көсегесін көгерту үшін сырттан шақыртылған мамандардың саны да аз емес. Соңғы 3 жылда тәжірибе алмасу мақсатында Қазақстанға сырттан 4401 ғалым келген. Атап айтсақ, Еуропадан – 1886, Оңтүстік-Шығыс Азиядан – 237, Шығыс Азиядан – 85, АҚШ-тан – 403, Канададан –11, Ресейден – 1294, Беларусь Республикасынан – 69, Украинадан – 106 жəне өзге елдерден 311 ғалым шақыртылған.

Ғылыми зерттеулерге қанат бітіру мақса­тында шетелден тартылған инвестиция көлемі де аз емес. Жыл басында ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында экс-министр Аслан Сәрінжіпов соңғы екі жылда Дүниежүзілік банк қазақстандық ғылымға қайтарымсыз негізде 21 млн доллар қаражат бөлгенін мәлімдеген болатын. Бұдан өзге, Қазақстан мен Халықаралық қайта құру және дамыту банкі арасындағы энергия тиімділігін арттыру және жастар корпусын дамыту жөніндегі Келісім негізінде қазақстандық жас ғалымдардың жобасы ірі көлемде қаржыландырылатынын жеткізді. Жоспар құру, уәде беру жағына келгенде осалдық танытып көрмеген министрлік соқыр тиынның да сұрауы бар екенін қаперге алмайтыны өкінішті.

Сұрау деген соң еріксіз ойға оралып отыр. Өткен жылы ҚазҰУ-да сол кездегі вице-премьер Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен «Елдің инновациялық даму негіздері ретінде ғылым, білім беру және бизнес интеграциясы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткен болатын. Конференция барысында Б.Сапарбаев елдегі ғылым саласының жұмысына көңілі толмайтынын ашық айтты. Отандық өндіріске жаңалық ұсына алмай отырған ғылыми зерттеу мекемелерін сынға алды.

«Қазіргі экономикалық дағдарыс кезінде əр мемлекет өз мүмкіндігін толығымен пайдалану керек. Президент соңғы кездері берген тапсырмаларында бар мүмкіндікті пайдаланып, экономика дамуының төмендеуін болдырмау керектігін айтқан. 8 жыл бұрын Елбасы тапсырмасына сəйкес 15 ғылыми зерттеу зертханаларын ашуға 5 млрд теңге бөлінген болатын. Ал оны дамытуға 8 млрд бөлінді. Алайда, олардың бізбен бөлісетін жаңалықтары көп емес. Əсіресе инвестиция тарту төмен. Көптеген ЖОО кəсіпорындармен жұмыс істемейді. Өткен бес жылда кəсіпорындармен келісімшарт көлемі 1 млн теңгеден аспады. Басқа мемлекеттерде ғылым саласына өз кəсіпорындарынан тартылатын инвестиция көлемі 17 пайызға дейін жетеді. Ал бізде 0,7 пайыз. Ректорлардың кəсіпорындармен байланысы нашар. Ғылым саласына алдыңғы жылы 22 млрд теңге бөлінсе, былтыр 40 млрд теңге бөлінді. Бұл аз қаржы емес. Осы ақша бізге не берді?», – деп Сапарбаев сауалды төтесінен қойды. Алайда салаға жауапты ведомство бұл сұраққа жауап бере алмады.

«Ғылымның өнімділігі қаражат көлеміне тәуелді емес»

Бөлінген ақша көлемі артқан сайын сұраныс пен талап та күшейетіні белгілі. Дей тұрғанмен, ғылым дамуының кенже қалу себебін қаражаттан ғана іздеу қисынсыз. ҚР Минералды шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығының директоры, ҚР ҰҒА академигі, ҚР еңбек сіңірген өнертапқышы Әбдірәсіл Жәрменовтің де пікірі осыған саяды. Газетімізге («Түркістан» газеті, 14 қаңтар, 2016 жыл) берген сұхбатында ғалым: «Ғылымның өнімділігі ақшаның аз-көптігіне тәуелді емес. Ол ең әуелі, бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалмауына байланысты. Мәселен, мен бірнеше жылдан бері бюджет қаражатын үлестіретін комиссияның мүшесімін. Айталық, қолымызда 4-5 млрд қаржы бар. Оған 2 мыңнан астам өтініш келіп түседі. Бірі өз жұмысын жүзеге асыру үшін 150 млн, тағы бірі 200-300 млн теңге сұрауы мүмкін. Барлық өтініштердің сомасын қосқанда, шамамен 60-70 млрд теңге қажет делік. Ал біздің қолымыздағы қаражат оның оннан біріне де жетпейді. Сондықтан біз келіп түскен өтініштерді бөліп-жармай, әрқайсысына аз-аздан үлестіріп бердік. Мен бастапқыда бұған қарсы болдым. 150 млн теңге қажет ететін жұмысты 5 млн теңгеге іске асыру мүмкін бе? Әрине, жоқ. Бірақ комиссияның шешімі көптің дауысы арқылы шығарылды. 5 миллионға түк тындыра алмайтынын ғылыми орталық та, берілген қаржының елге титтей пайдасы болмайтынын комиссия мүшелері де жақсы біледі. Тек ғалымдар шуламасын, қаржы жоқ деп дабыл қақпасын деп сондай қадамға барады», – деген еді.

Шетелде ғылыми зерттеу жұмыстарын қаржыландыру бұлай жүргізілмейді. Бас салып, өз елімізді дамыған мемлекеттермен салыстыруға асығатынымызды құптамайтындар бар. Алайда қаражатты сапасыз көп жұмысқа жұмсағанша, сапалы бір жұмысқа жұмсалуын жөн көретін елдердің өндірісі қарыштап дамығанына куәміз. Ғылым экономиканың игілігіне жұмыс істеуі үшін қолда қаржының мақсатты түрде жұмсалуын қадағалаған жөн. Айталық, 40 млрд теңге сапалы екі жұмысты жүзеге асыруға ғана жетсе, сол екі жұмысқа теңдей бөліп беру керек. Жыл сайын отандық ғылым өндіріске екі-үш сапалы жұмыс беріп отырса, соның өзі жаман нәтиже болмас еді. Бірақ Әбдірәсіл Жәрменов айтпақшы, біздегі қаржыландыру жүйесі қайырымдылық қорына көбірек ұқсайды. Ғылыми мекемелер ырғақты жұмысынан танбасын деп бәріне қамқорлық жасауға тырысады. Олай етпесе, тағы болмайды. Ғалымдар екі қолға бір күрек таппай қалуы мүмкін. Онсыз да мардымсыз жалақыға көңілі толмайтын милы бастардың талайы шекара асып кетті.

Өз еліңде еткенің еш болса…

Жуырда Tengrinews.kz. сайты 28 жастағы Әлібек Датбаев есімді қазақстандық программистің нидерландылық Booking.com сайтына жұмысқа орналасқаны туралы жазды. Бұл – қонақүйлерден орын сайлап қоюмен айналысатын әлемдегі ірі сайт. Онда қызметке орналасу үшін Әлібек бірнеше сынақтан өткен, мысалы, Skype арқылы 75 минут ішінде аса күрделі 4 есептің жауабын дәл тапқан. Одан кейін Амстердамға 5 сағаттық әңгімелесу түріндегі сынаққа шақырылған, одан да мүдірмей өткен. Порталдың жазуына қарағанда, Әлібек мұның алдында АҚШ-та Силикон алабында жұмыс істеген. Былтыр елге оралып, шаңырақ көтерген. Алматыдан оң жамбасына келетін жұмыс таппаған маман ақырында Амстердамнан бір-ақ шықты. Қазір компания оның жұбайына да жұмыс іздестіріп жатқан көрінеді.

Ақпараттық сайттар Асхат Ахметжанов есімді тағы бір қазақстандықтың Facebook компаниясында жұмыс істеп жатқанын жарыса жазғаны есте. Ол өткен жылдың күзінен бері компания жетекшісі Марк Цукербергпен бірге Калифорния штатындағы бас офисінде жұмыс істейді. Қазақстандық тілшілерге берген сұхбатында ол америкалық әріптестерінің 99 пайызын «супер ақылды адамдар» деп сипаттаған. Жұмыс орны жалақыдан бөлек түрлі әлеуметтік жеңілдіктер ұсынатынын, пайдалы тамақпен тегін қамтамасыз етіп, қызметкерлерінің спортпен айналысуы үшін де қосымша ақша төлейтінін айтқан. Бір шүкіршілік еткеніміз, А.Ахметжанов тәжірибе жинаған соң елге қайтуға ниетті екен. Әйтпесе, Әлібек пен Асхат сынды білікті мамандардың талайы жайлы жұмыстың соңынан шекара асып, барған жерінде тұрақтап қалғаны жасырын емес. Жұмысына лайықты жалақы төленбесе, жетістікке жігерлендіруші шынайы бәсеке болмаса, оларды шетке кеттің деп қайтіп жазғырасың?

Қазақстан ғалымдары одағының төрағасы, академик Оразалы Сәбден «ҚазТАГ»-қа берген сұхбатында ғылым докторының айлық табысы қарапайым күзетшілердің жалақысынан аз екенін айтқан еді. «Жас ғалымдардың айлығы орта есеппен 40-50 мың теңгенің көлемінде, сондықтан ғылымға қызыққандардың қатары көп емес. Жастардың ойы белгілі: мұндай жалақы үшін көз майымды тауысқанша, ғимарат күзетіп, екі-үш есе көп ақша тапқаным жақсы емес пе деп ойлайды. Оларды кінәлай алмайсың. Ғылымға қанша құлай берілсе де, отбасын асырау керек, пәтерақы төлеуі керек. Елімізде ғалымдарға үй берілді дегенді естідіңіз бе? Жоқ! Мұғалімдер мен дәрігерлер мемлекеттен баспана алып жатады, ол тізімде ғылыми қызметкерлер мүлдем жоқ», – дейді ғалым.

Өнертабыс өндірістен неге алшақ?

Отандық ғалымдар ашқан ғылыми жаңалықтардың өндіріске енгізілу деңгейінің төмендігі де жастардың ғылымға деген қызығушылығын төмендетті. «Forbes» журналында жарық көрген «Қазақстанда ғылым неге қымбат ойыншық болып қалып отыр?» атты мақаласында «Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ төрағасы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әділ Ыбыраев елімізде ғылым мен өндіріс бір-бірінен әлдеқайда алшақ жатқанын дәйектермен дәлелдеген. Соңғы жылдары қазақстандық ғалымдардың халықаралық рейтингтік журналдарда жарияланатын еңбегі едәуір артты. 2014 жылы халықаралық басылымдарда зерттеушілеріміздің 2784 мақаласы жарық көрді, яғни 2013 жылдармен салыстырғанда 1874 мақалаға көп. Ғылыми зерттеулердің нәтижесі белсенді түрде патенттелуде – ғалымдардың авторлық құқығына кепілдік беретін құжатқа зерттеу еңбектерінің 48 пайызы қол жеткізген. Яғни, 2 ғылыми жаңалықтың біреуі ресми түрде мойындалған. Алайда бұл патенттердің көпшілігі нақты экономиканың сұранысына сай келмейді. Өндіріске енгізіліп, енгізілгені жөніндегі актпен бекітілген жұмыстардың қолданбалы еңбектер бойынша үлесі небәрі 14 пайыз. Ал фундаменталды жұмыстар бойынша үлесі бұдан 2 есе аз: 7 пайызға жетер-жетпес. Нәтижесі қолданыс тапқан ғылыми зерттеулердің басым бөлігі медицина, ауыл шаруашылығы мен экономика саласындағы ізденістерге тиесілі.

Тағы бір айта кетерлік жайт, гранттық қаржыландыруға ие болған ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жөніндегі есептердің көпшілігі сараптамадан соң іске алғысыз болып қалады. Ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығының дерегіне сүйенсек, 2012-2014 жылдары 196 есеп кері қайтарылған.

Әділ Ыбыраевтың айтуынша, PhD ғылыми дәрежесін алу үшін қорғалатын диссертациялық зерттеу еңбектерінің кәдеге жарайтыны тіпті некен-саяқ. Мәселен, 2014 жылы тіркелген 434 жұмыстың тек 6 пайызы ғана қолданыс тапқан. Бұл маман даярлаудың бұрынғы дәстүрлі жүйесінде өндіріске енгізілген ғылыми еңбектердің үлесінен 10 есе аз. Бұған докторантура уақытының тым қысқалығы, оқу бітіргеннен кейін жас ғалымға өз зерттеулерін әрі қарай жалғастыруға мүмкіндік беретін тетіктердің жолға қойылмауы, салдарынан олардың несібені басқа саладан іздеуі себеп. Кадр дайындаудың жаңа жүйесін сынға алғалы отырған жоқпыз. Оған іші жылымайтындар бізсіз де көп. Мақсатымыз – ғылым мен өндірісті өзектес дамытқанда ғана ел экономикасы алға жылжитынын жеткізу. Естір құлаққа данышпан Абай мұны екі ғасыр бұрын айтып кетті емес пе: «Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл берсеңіз…». Білетіндердің сөзіне ықыласпен ермейінше, қолынан іс келетіндерге құрал бермейінше ғылымды дамытамын деу – бос әурешілік.

 

Анар Лепесова

Back to top button