Шетелдік телеарналар Қазақстан заңдарын қатаң сақтауы тиіс

 

1 шілдеде елімізде хабар тарататын шетелдік телеарналар эфирінде жарнама көрсетілуіне салынған тыйым күшіне енеді. Яғни, ертеңнен бастап қазақстандық теленарықтағы өзге елдің арналары көрермендер назарына жарнамалық өнімдер ұсына алмайды. Ақжолтай жаңалықты өткен аптада ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев facebook-тегі ресми парақшасында жария етті.

Қазақстан аумағына таратылатын шетелдік телеарналарда жарнама көрсетуге тыйым салатын заң өткен жылдың күзінде қабылданған болатын. Елбасы қол қойған құжат 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енуі тиіс-тін. Алайда кабельдік операторлар тарапынан норманың іске асырылу мерзімін ұзартуға қатысты көптеген өтініштер түсіп, мемлекет дайындық уақытына жарты жыл берді.

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың мәліметіне сүйенсек, осы уақыттың ішінде шетелдік телеарналармен тікелей келіссөздер жүргізілген. Олардың бірқатары жарнамасыз контент ұсынуға көшкен. Атап айтқанда, Viasat тобының рейтингілік арналары (TV 1000, Explore, History, Viasat Sport және т.б.) «Телерадио хабарларын тарату туралы» ҚР Заңның 34-бабына енгізілген өзгертулер мен толықтырулар бойынша хабар тарата бастаған.

«Discovery компаниясымен жүргізілген келіссөзде де біз тиімді нәтижелерге қол жеткіздік, яғни осы компанияға қарасты 15 арнаның 13-і біздің еліміздің Заңын орындау үшін тиісті техникалық жабдықтаманы сатып алды. Қалған екі арна Қазақстан үшін арнайы бөлек нұсқаларын шығаратын болады. Осыған қоса, жақын арада Қазақстанда Discovery-дың өкілдігі ашылады. Басқа шетелдік арналарға келетін болсақ, «Қазтелерадио», «Қазақтелеком», «АлмаТВ» секілді еліміздің ірі кабельдік операторлары эфирден жарнамасы алып тасталынған шетелдік телеарналар сигналын жеңілдікпен басқа операторларға ұсынуға дайын», – дейді ведомство басшысы өз мәлімдемесінде.

Шағын абоненттік базалары бар кабельдік операторлар ертеңнен бастап отандық заңнаманың нормаларын орындамайтын арналарды өшіруге немесе ауыстыруға міндеттеледі. Заңның барынша қатаң орындалуын және қазақстандық көрермендерге ешқандай зиян келтірмеуді басты назарға алған министрлік келіссөзге көнбеген компаниялармен басқаша сөйлеспек.

Министрдің дерегі бойынша бүгінде қазақстандықтар әртүрлі кабельді желілер арқылы 150 телеарнаны тамашалайды. Оның ішінде 70 пайызы – шетелдік. Күні бүгінге дейін оларға еліміздің «Телерадиохабар тарату туралы», «Тіл туралы», «Жарнама туралы» заңдарында қарастырылған көп шектеулер қойылмай келді. Бұндай жағдай отандық телеарналар мен шетелдік телеарналар арасында теңсіздік орнатты. Белгілі саясаттанушы, Тәуекелдерді бағалау тобының директоры Досым Сәтбаевтың айтуынша, отандық теленарықта әділ бәсеке жоқ. «Телерадиохабар тарату туралы» заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды талқылауларға мен де қатыстым. Бұған дейін шетелдік арналар, әсіресе, ресейлік арналар біздің нарыққа ешқандай шығынсыз, еркін еніп жүрді. Сол арқылы олар үлкен жарнамалық үлесті оп-оңай иеленіп келді. Бұл әділ бәсекелестікке жатпайды. Негізінде бәсекелестік тең жағдайда жүруі керек және отандық телеарналар да жарнамалық бюджетке ие болуы керек», – дейді ол.

КТК телеарнасының бас директоры Қанат Сахарияновтың пікірінше, біз осы уақытқа дейін шетелдік арналарды тегін асырап келдік. «Әлемдік ірі жарнама берушілер шетелдік арналардың Қазақстан аумағына еркін тарайтынын біліп, соларға жарнама беріп келді. Ол келісімдердің барлығы сыртта жүргізіліп, ақша елге мүлдем кірмейтін. Ал, жарнама қазақстандық аудиторияға еркін тарады. Отандық телеарналар хабар таратуға төлеген қаражатын жарнамадан түсіруге әрекет етсе, шетелдік арналар таратуға ақша төлемеді, бірақ жарнамадан пайда тапты. Сонда біз шетелдік арналарды тегіннен тегін асырап келген боламыз. Содан кейін, шетелдік БАҚ-тар қазақстандық заң талаптарына да назар аудармайды», – дейді арна басшысы. Онысы рас, еліміздің нарығынан нәпақа тауып отырса да, заңымызды сыйлағысы келмейтіндер көп. Шетелдік арналардың бірқатарында лицензиялау мен сертификаттаудан өтпеген немесе Қазақстан нарығында тыйым салынған тауарлар мен қызметтердің жарнамасы (мысалы, ішімдіктің) көрсетілетіні жасырын емес. Сондай-ақ, қолданыстағы заң бойынша эфир уақытының 20 пайызы ғана жарнамаға бөлінуі тиіс. Шетелдік арналардың дені бұл талапты ескермейді.

Дәурен Абаев өз мәлімдемесінде шеттен кеткен миллиондарды өз өндірушілерімізге берсек, отандық ақпарат нарығының көші түзелеріне сенім білдірген. «Отандық арналар жарнамалық нарық қаражатының қомақты бөлігін ала алмаған. Бұл ақшаға отандық телевизияның жағдайын жақсартып, инфрақұрылымды дамытып, қызықты әрі сапалы қазақстандық бағдарламалар, фильмдер, сериалдар мен шоулар жасауға болар еді. Біз жүргізіп отырған саясат түсіністік тауып, қазақстандықтардың қолдауына ие болатынына, жақын арада жағымды нәтиже беретініне сенімдімін», – дейді министр. Мамандар есептеген 4 миллиард теңге өз нарығымызда қалса, отандық телевизияның тынысы ашылары сөзсіз.

Шетелдік арналардың жарнама таратуына тыйым салатын заң қабылданғаны туралы ақпарат тарасымен кабельдік операторлар шала бүлініп, ресейлік телеарналардың біразы шу шығарғаны есте. Шетелдік арналарды ел аумағында көрсететін кабельдік операторлардың наразылығы түсінікті – қаржыдан қағылғылары келмейді. Қазақстандағы тележарнама нарығы жылына 120 млн АҚШ долларын құрайды екен. Соның 40 пайызы өзге елдің өнімін Қазақстанға тарататын компаниялардың үлесінде. Оның үстіне, шетелдік арналар Қазақстанға таратылатын контентін жарнамадан тазарту міндетін осы кабельдік операторларға жүктеуі мүмкін. Яғни, телехабар таратушылар шетелдік телеарналардың бағдарламаларын көрсеткісі келсе, ондағы жарнамаларды қиып тастауға немесе ол арналарды таратуды тоқтатуға мәжбүр болады. Теларадиохабарларын кесу құрылғылары әр арна үшін 1-1,5 миллион теңгені қажет етеді екен. Яғни, бір операторға шамамен 60 миллион теңгедей шығын шығатын көрінеді.

Әйтсе де, «Жетінші арнаның» бас директоры Қуат Бахридинов кабельдік телеарналардың жаңа заңға қарсы шағымы негізсіз деп есептейді.

«Біріншіден, кабельді операторлардың негізгі кіріс көзі – абоненттердің төлемі болуы керек. Бағаны қолданушылардың талғам-таңдауы, аймақтардың әлеуметтік, демографиялық ахуалы сынды факторлар қалыптастырады. Екіншіден, қосымша кіріс көзі ретінде көрсетілетін қызмет түрлері, яғни, кабельді ТВ-ға қосу, құрылғыларды жалға беру, баптау сынды қызметтер бар. Операторлар жарнамадан түсетін табыс туралы айтқанда, бағдарламалық блоктарға енгізілетін үзінділер мен аймақтарда танымалдылыққа ие жүгіртпе жолдар туралы айтады. Яғни, кабельді операторларда табыс табудың 3-4 жолы бар. Солардың негізгісі – абоненттік төлем. Сондықтан олардың бизнесіне қауіп төне қоймайды», – дейді Қ. Бахридинов.

Ресейлік арналардың наразылығына келейік. Кешегі күнге дейін Ресейдегі әріптестеріміз Украинаның медиа нарығынан қосымша нәпақа тауып келді. Екі елдің арасы суығаннан кейін, бұл олқылықтың орнын Қазақстанның есебінен толтыруға тырысты. Біздің нарықтағы жарнамадан түсетін қаржыдан айрылғысы келмеген кейбір ресейлік арналардың басшылары Қазақстанның заңын орындауға құлықсыз екендіктерін көрсетті. «Өз эфирімізден жарнаманы алып тастамаймыз. Оған, қазақстандық кабельшілеріңнің басы ауырсын» деген сыңай танытты.

«Телерадио хабарларды тарату» туралы заңға өзгерістер мен түзетулер енгізу туралы заңға Елбасы қол қойғаннан бірнеше күн өткен соң-ақ ресейлік БАҚ шулап қоя берді. «Коммерсантъ» газеті «Тенге снимают с эфира. Российскому телевидению запрещают казахстанскую рекламу» деген тақырыпта мақала жариялады. Онда «1 қаңтардан бастап Қазақстанда көрсетілетін шетелдік арналарда жарнама орналастыруға тыйым салынады, бұл шын мәнінде көптеген ресейлік арналарды ретрансляциялауға салынған тыйым. Тағы бір жылдан соң шетелдік БАҚ-тарға республикада өз өкілдігін ашуға тура келеді, әрі шетелдің мемлекеттік құрылымдарымен байланыста болған хабар таратушылар жергілікті бизнесінің 80 пайызын қазақстандық әріптеске беруі қажет болады» деп жазылған. Мақаладағы арандату пиғылын аңғармау мүмкін емес. Басылым өз әріптестерінің мүддесі үшін түймедейді түйедей етіп көрсеткен. Әйтпесе Ресей арналарын Қазақстанда таратуға ешкім тыйым салған жоқ.

Қазақстандық теленарықтың жаңа талабын Ресейдегі ең танымал арнаның бірі – РЕН-ТВ да өз ұстанымына салып әдіптеді. Арна эфирінен көрсетілген бейнематериалда: «Сарапшылардың болжамы бойынша 1 қаңтардан бастап Қазақстандағы үйлерде теледидар үні өшеді. Келер жылдан бас­тап шетелдік, соның ішінде ресейлік арналар ол елден кетуі мүмкін» делінген. «Қазақстандық арналар – мемлекеттік тілде. Маған оларды көру ыңғайсыз», – деген орыстілді қазақстандықтың пікіріне сүйеніп, күллі қазақстандықтардың теледидары өшіп қаларына сенімді болған телеарна қазақстандық арналар хабар тарату тілінің заң жүзінде бекітілген 60/40 қағидасына бағынатынын айтқысы келген жоқ, өкінішке қарай. Мұнымен қоймай, Қазақстан көрермендерінің 70 пайызы тек қана ресейлік арналарды көретінін нық сеніммен жеткізді. Мұндайда аталарымыз: «Асын ішіп, аяққа түкірді» демейтін бе еді? Ертеңнен бастап күшіне енетін тыйым отандық нарықтағы шетелдік арналардың жарнамасын ғана емес, қазақстандық телеиндустрия жайлы сыңаржақ пікірлерін де тыйса игі.

Back to top button