Итбалықты қорлаған қаскөйлер қылмыстық жауапкершілікке тартылды
Итбалықты қорлаған қаскөйлер қылмыстық жауапкершілікке тартылды
Маңғыстауда итбалықты қорлағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет хабарлады.
«2020 жылдың 6 шілдесінде Маңғыстау облысы орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясы белгісіз адамдардың итбалықты қорлау фактісі бойынша Маңғыстау облысы Қарақия ауданы полиция бөліміне шағым түсірген. Полиция бөлімі аталған факті бойынша ҚР ҚК 316-бабы 2-бөлігіне (Жануарларға қатыгездiк жасау) сәйкес олардың жеке басын анықтап, қылмыстық іс қозғады», - деп жазды Сәкен Ділдахмет Facebook-тегі парақшасында.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта күдіктілерге қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталған.
«Достар! Жабайы жануарлармен кездесіп қалсаңыздар қашықтық сақтаңыздар және абай болыңыздар», - деді Сәкен Ділдахмет.