Өскемен полициясының бастығы көз жұмды
Өскемен полициясының бастығы көз жұмды
Өскемен полиция басқармасының бастығы Дәуір Ыбыраев қайтыс болды. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, қаланың бас полицейі денсаулығына байланысты еңбек демалысында болған. Ол бүгін өмірден өткен.
"Өскемен қаласы полиция басқармасының бастығы Ыбыраев Дәуір Болатұлының қайтыс болғаны туралы үлкен өкінішпен хабарлаймыз", – делінген облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.
Полиция полковнигі Дәуір Ыбыраев – Семей қаласының тумасы. Ведомстволық жоғары оқу орнын бітірген соң 2000 жылдан бері Шығыс Қазақстан облысы жедел-тергеу бөлімшелерінде қызмет еткен.
Сонымен қатар Бородулиха және Шемонаиха аудандарының ішкі істер бөлімдерін басқарған. 2016 жылдан бері Өскемен қаласы полиция басқармасының бастығы болып қызмет атқарды.
Қызмет барысында өзін жоғары тәртіпті және білікті офицер ретінде көрсетті, қылмыстың алдын алуға, қоғамдық тәртіпті қорғауға, қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын-алуға және жолын кесуге елеулі үлес қосқан. Өзінің кәсіби біліктілігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен әріптестері мен азаматтар арасында лайықты беделге және құрметке ие болды.